Спорт

Сенімді орнықтырған 83 минут

Премьер-Лига

 Бұдан бұрынғы 2-турда «Ақтөбені» өз алаңында қабылдап, тең ойнаған «Тараз» әбден жапа шеккендей болып көрінген еді. Қазақ футболының төрешілер комитеті сол ойынға төрешілік еткендер мен қадағалаушыны мамыр айының соңына дейін жасыл алаңға жолатпау жөнінде шешім қабылдаған. Ал мына 3-турдан соң «Таразға» қатысты сол тірлік құр байбалам тәрізді болып қалды. «Таразыңыз» бұл жолы өз алаңында 1:3 есебімен ұтылды. Оның үстіне тап өткен турдағы секілді бұл ойында да тараздықтардың қақпасына бір доптың пенальти арқылы енгізілуі бұл команданың сүттен ақ, судан таза еместігін байқатып отыр.

Ал Премьер-Лигаға биыл қайта оралған «Ақжайық» өз алаңында, Оралда ресейлік Андрей Аршавинмен қуаттанған «Қайратты» сүріндіріп, сенсация жасады.

Рас, бұл 3-турда «Астана Аренада» ойнаған «Ақтөбе» жеңіліс тапты. Бірақ құрамы жаңадан жасақталған деуге боларлық, ең бастысы, жастарға мол сенім артылған «Ақтөбенің» кімдермен ойнағанына да қайыра назар аудара кетелік, төмендегі тізімге қараңызшы, әйгілі легионерлер, ұлттық құрама мүшелері, өткен жазда ғана Еуропа алаңдарында ойнақтаған мықтылар. Осылайша талқылағанда, бұл жеңілісті үмітсіз ойынның нәтижесі деуге келмейді-ақ.

Ал өз жолын табуға бел буған біздің командамызға қырын қарайтындар мен алдын ала асыра сілтеуге құштар болжамшылар бұл турда ақтөбеліктердің «Астанадан» тас-талқан болып ұтылатынына шек келтірмеген болатын. Олай болмады. Тамаша ойын өрнегін көрсеткен Самат Отарбаев қақпаға 83-минутта ғана жалғыз голды шарасыз енгізіп алғаны болмаса «Ақтөбе» өзінің қалпақпен ұрып алатын командалар сапына енбейтінін анық байқатты, сырт алаңда атақты командамен өткен ойынның 47 пайызында допқа иелік етті.

Ойын соңынан кейінгі сұхбаттарында «Астананың» бас бапкері де, жеңіске жеткен футболшылар да «Ақтөбе» оңай шағылатын жаңғақ емес екендігін мойындады. «Бүгінгі ойын ауыр соқты, себебі «Ақтөбе» қорғаныста жақсы ойнады», — деп бастады әңгімесін бас бапкер Станимир Стойлов. Ал қорғаушы Дмитрий Шомконың айтуынша, ақтөбеліктер тіпті де оңай қарсылас емес, жинақы, мығым команда, әлі-ақ өздерін көрсетіп, ұпай жинай бастайды.

Осы ретте ақтөбелік бас бапкер Юрий Уткульбаевтың біздің жігіттер екі таймға жетеқабыл уақыт бойы бапкерлік штабтың нұсқауларын сәтті орындай келіп, соңғы минуттарда ғана ұтылысқа жол беріп алғанымен, ойыншыларға еш кінә таға алмайтыны туралы пікіріне бұл кездесуді «Астана Аренадан» тамашалаған ажырамас дос жанкүйерлеріміз де, күрделі тартысты теледидардан көрген көпшілік те қосылатын шығар деп ойлаймыз.

Қалай болғанда да, біраз білгірлер футбол маусымы басталмай жатып бірден есептен шығарып тастауға құмартқан «Ақтөбе» үміт отын еш сөндірген жоқ. Тіпті «Астана» футболшыларын оңай жіліктеп отырған телекомментаторлардың өзі соларға қарсы лайықты қарсылық көрсеткен біздің команданың ойыншыларын кездесу барысында жасыл алаңдағы қимыл-қозғалыстарына қарай нақтылай таныстырып келістіре алмауы да біздің іш тартқызатын жұмбақтығымыздың бір нышаны болып қалды. Ал мығым қорғанысымызға қоса қақпашымыз Самат Отарбаевтың сенімді ойыны, 77-минутта Евгений Сорокиннің гол соғып кете жаздауы тәрізді жетістіктеріміз алдағы күндерде өз жемісін беретініне сенеміз. Тәжірибелі Самат Смақовтың ойыннан соң «vesti.kz» порталына берген сұхбатында: «Командамызға әлі тынымсыз еңбек ету керек, маусым енді ғана басталды, біз жас командамыз. Бәлкім, бұны тіпті плюс деп есептеуге болатын шығар, себебі жас футболшылар жеңіске ашқарақтана ұмтылады ғой, олар үшін басты стимул — одан әрі еңбектену, даму», — деуі де осы сенімнің бір кепіліндей.

«Астана»-«Ақтөбе» — 1:0

Гол авторы: Патрик Твумаси, 83-минут (1:0).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Дмитрий Шомко, 59-минут («Астана»), Тоқтар Жаңғылышбай, 27-минут, Бағдат Қайыров, 44-минут («Ақтөбе»).

«Астана»: Ненад Эрич, Евгений Постников (Юрий Логвиненко, 78-минут), Марин Аничич, Рохер Каньяс, Патрик Твумаси, Джордже Деспотович, Неманья Максимович, Абзал Бейсебеков, Дмитрий Шомко, Таңат Нөсербаев, капитан (Алексей Щеткин, 67-минут), Асхат Тағыберген (Бесарт Абдурахими, 79).

«Ақтөбе»: Самат Отарбаев, Бобир Давлатов (Дидар Жалмұқан, 5-минут, Сандро Цвейба, 73-минут), Куасси Куаджа, Михаил Петролай (капитан), Егор Сорокин, Марат Ситдиков, Никита Бочаров, Бағдат Қайыров, Ақжол Кәкімов (Самат Смақов, 76-минут), Кирилл Шестаков, Тоқтар Жаңғылышбай.

3 сәуір. Астана. «Астана-Арена» стадионы. 7500 адам.

Қазақстан чемпионаттарында бұл екі команда осымен 31 рет кездесті. 12 рет «Астана» жеңіске жетсе, 9 ойында «Ақтөбе» басым түсті, 10 кездесу тең есептермен аяқталды. Доп айырмашылығы: 34-30.

*   *   *

 

Басқа кездесулер:

«Тараз»-«Оқжетпес» — 1:3

Гол авторлары: Әлібек Бөлешов, пенальти, 25-минут (0:1); Марат Шахметов, 44-минут (1:1); Антон Чичулин, 75-минут (1:2); Серж Бандо Нганбе, 78-минут (1:3).

3 сәуір. Тараз. Орталық стадион. 2500 адам.

«Ақжайық»-«Қайрат» — 2:1

Гол авторлары: Фредди Коронель, пенальти, 48-минут (1:0); Виталий Ли, 57-минут (1:1); Руслан Валиуллин, 62-минут (2:1).

83-минутта Гаэль Леандра Твамба («Қайрат») он бір метрлік айып допты соға алмай қалды.

3 сәуір. Орал. «Ақжайық» стадионы. 2500 адам.

«Жетісу»-«Ордабасы» — 1:2

Гол авторлары: Эдин Юнузович, 25-минут (0:1); Азат Нұрғалиев, 38-минут (0:2); Борис Кадио, 90-минут (1:2).

67-минутта Еркебұлан Тұңғышбаев («Ордабасы») екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін жасыл алаңнан қуылды.

3 сәуір. Талдықорған. «Жетісудың» қосымша стадионы. 1500 адам.

«Ертіс»-«Атырау» — 3:0

Гол авторлары: Роман Мұртазаев, 49-минут (1:0); Сергей Малый, 59-минут (2:0); Огоита Гогуа, 82-минут (3:0).

65-минутта Владислав Кузьмин («Атырау») екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін жасыл алаңнан қуылды.

3 сәуір. Павлодар. Орталық стадион. 5000 адам.

«Тобыл»-«Шахтер» — 3:0

Гол авторлары: Сергей Яворский, 27-минут (1:0); Томаш Шимкович, 38-минут (2:0); Сергей Хижниченко, 82-минут (3:0).

3 сәуір. Затобольск. «Затоболец» стадионы. 3000 адам.

*   *   *

 

3-турдың нәтижелері:

Бұл турда барлығы 17 гол соғылды. Алаң иелері 11 гол соқса, қонақтар 6 доп өткізді.

Тең ойындар болған жоқ, екі кездесуде қонақтар жеңіске жетті.

Кездесулер барысында 27 футболшыға ескерту қағаздары көрсетілді, 2 футболшы жасыл алаңнан қуылды.

Бұл турда шапшаң гол соғылған жоқ.

Тур барысында үш пенальти тағайындалып, екі пенальти мүлтіксіз орындалды, бір футболшы қақпаны дәл көздей алмады.

Бұл турдан соң ұпай жинай алмаған команда қалған жоқ.

Сонымен 9 ұпайдан жинаған «Ертіс» пен «Астана» көш бастап тұр.

3-4 орындардағы «Тобыл» мен «Ордабасыда» 6 ұпайдан бар.

5-6 орын иелері — 4 ұпайдан жинаған «Оқжетпес» пен «Тараз».

7-орынға бірден 3 ұпайға қол жеткізген «Ақжайық» келді.

8-орын иесі — 2 ұпайы бар «Жетісу».

9-12 орындарға 1 ұпайы бар командалар жайғасты: «Атырау», «Қайрат», «Ақтөбе» «Шахтер».

*   *   *

 

4-турда 9 сәуір күні «Ақтөбе» талдықорғандық «Жетісумен» кездеседі.

Басқа ойындар:

9 сәуір, сенбі

«Астана» (Астана) — «Тараз» (Тараз)

«Ордабасы» (Шымкент) — «Тобыл» (Қостанай)

«Шахтер» (Қарағанды) — «Ертіс» (Павлодар)

«Атырау» (Атырау) — «Қайрат» (Алматы)

«Ақжайық» (Орал) — «Оқжетпес» (Көкшетау)

 

Кубок

 

АЛҒАШҚЫ ОЙЫН АҚТӨБЕДЕ ӨТЕДІ

 

Өткен аптада футболдан Қазақстан Кубогы үшін болатын 1/8 финалдың жеребесі тартылды. «Ақтөбе» алғашқы ойынын өз алаңымызда өткізетін болды. Ал толық тізім төмендегідей:

«Ақтөбе» (Ақтөбе) — «Жетісу» (Талдықорған)

«Астана» (Астана) — «Каспий» (Ақтау)

«Оқжетпес» (Көкшетау) — «Тараз» (Тараз)

«Қайрат» (Алматы) — «Шахтер» (Қарағанды)

«Атырау» (Атырау) — «Алтай» (Өскемен)

«Тобыл» (Қостанай) — «Қызыл Жар СК» (Петропавл)

«Ордабасы» (Шымкент) — «Қайсар» (Қызылорда)

«Ақжайық» (Орал) — «Ертіс» (Павлодар)

1/8 финалдың алғашқы ойындары 27 сәуірде бірінші көрсетілген командалардың алаңында өтеді.

 Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button