Жарықдиодты шам: қымбат па әлде үнемді ме?

«Динар-Электромаш» ЖШС кеңсесінде өткен республикалық жаңа жобаның тұсаукесер рәсімінде қуат үнемдегіш жарықдиодты шамның экономикалық тұрғыдан қарағанда қыздыру шамы мен люминесценттік шамнан әлдеқайда тиімді әрі үнемді екендігі туралы айтылды.
«Халықтың жарық қуатын тиімді пайдалану бойынша ақпараттандырылу деңгейін арттыруға бағытталған дисконттық бағдарлама» аталатын жаңа жобаның негізгі мақсаты да, аты айтып тұрғандай, қарапайым халықты қуат үнемдегіш жарықдиодты шамдардың артықшылықтары туралы хабардар етіп, тұрғындарды аталған шамдарды сатып алуға ынталандыру. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, БҰҰ Даму бағдарламасы және Ғаламдық экономикалық қордың қолдауымен қолға алынған бұл жоба еліміздің Астана, Алматы, Қарағанды және Ақтөбе шаһарларында жүзеге асырылмақшы.
— Электр қуатын тиімді пайдаланатын жарықтандыру жүйесіне көшу және қуат көздерін сақтау энергетика саласы бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екені мәлім.
Мемлекет пен халықаралық ұйымдардың, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының жасаған жұмыстарының арқасында мемлекеттік құрылымдар мен компанияларда бәсеңдеу болса да, қуат көзін тиімді пайдаланатын технологияға көшу үдерісі жүріп жатыр, — дейді жоба туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің өкілі Еңлік Дәуітбаева.
Оның айтуынша, жарықдиодты және қуат көзін тиімді пайдаланатын технологияларды қолданатын мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпорындардың саны жыл сайын артып келе жатқанымен, халық арасында жарықдиодты шамдарды пайдалану деңгейі әлі де төмен. Өйткені қарапайым тұтынушы жарықдиодты шам мен қыздыру шамының арасында таңдау жасаған кезде бағасы арзан болғаны үшін қыздыру шамына артықшылық береді.
— Алайда Қазақстан Республикасы Электр қуатын үнемдеу және қуат көзінің тиімділігін арттыру туралы Заңына сәйкес, қыздыру шамын пайдалануға тыйым салынған, — дейді Еңлік Дәуітбаева. — Жарықдиодты шамдар электр қуатын көбірек үнемдейді. Олардың қызмет ету мерзімі де ұзағырақ. Дисконттық бағдарламаның мақсаты — халықтың жарықдиодты шамдардың пайдасы мен артықшылықтары туралы көбірек ақпарат алуын қамтамасыз ету. Бұл бағдарлама 4 өңірде жүзеге асырылады. Олар: Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды және Ақтөбе облыстары. Біздің министрлік бұл бағдарламаға қолдау көрсетеді.
Жалпы БҰҰ Даму бағдарламасы қуат көзін үнемдеу саласында 10-15 жылдай жұмыс жасап келеді. Халықаралық ұйым қуат көзін үнемдеуде жарықтандыру, жылу және құрылыс бағыттары бойынша қызметтер атқаруда.
— Бұл жұмыстарды жасау кезінде халықтың ол шаралардан хабардар болуына әрқашан маңыз береміз. Қуат көзін тиімді пайдалану бойынша тек халықты көбірек хабардар ету бағытында ғана емес, сонымен қатар құқықтық-нормативтік құжаттардың дайындалуы, қуат көзін тиімді пайдаланудың нарығын дамыту бойынша да жұмыстар жасаймыз. Халық жарықдиодты технологияның тиімді тұстарын білулері тиіс. Бұл шамдар қымбат көрінгенімен, оны пайдаланған кезде электр қуатын тұтыну мөлшері әлдеқайда азаяды. Белгілі бір уақыт өткеннен соң бұл шамды сатып алуға жұмсалған ақша өзін-өзі ақтап қана қоймайды, оның үнемді екенін көресіз. Сондықтан біз осы дисконтты бағдарламаны жүзеге асыру шешімін қабылдадық. Танымал маркілердің дистрибьюторларымен келіссөздер жүргізіп, олардың аталған шам түрлерін төменірек бағамен сатулары бойынша келістік. Өйткені халық бұл шамдарды сатып алып, пайдаланып көрсін, — дейді БҰҰ Даму бағдарламасының жоба бойынша менеджері Сырым Нұрғалиев.
Оның айтуынша, аталған бағдарлама chokolife.me электронды дүкені арқылы дамытылады. Халық chokolife.me сайтына кіру арқылы купондарға ие болады. Содан кейін техникалық сипаттамаларымен танысып, өзіне ұнаған шамды таңдап, жеңілдетілген бағаға сатып алады. Сонымен қатар, Сырым Нұрғалиев жоба үшін неліктен жоғарыда аталған төрт өңірдің таңдалып алынғаны туралы да түсініктеме берді. «Өйткені бұл қалаларда халықтың интернетті пайдалану белсенділігі жоғары. Оған қоса бұл аймақтарда электр қуатын үнемдеуші шамдарды саудалайтын дүкендер де белсенді жұмыс жасайды. Жарықдиодты шамдар жарық қуатын үнемді пайдаланатын люминесцентті шамдармен бірдей бағаға сатылады. Олардың люминесцентті шамдарға қарағанда тиімділігі — қоршаған ортаны ластамайды, яғни оны утилизациялау қажеттілігі туындамайды», — дейді БҰҰ Даму бағдарламасының менеджері.
Ал Электрэнергетикасын дамыту және қуатты үнемдеу институтының өкілі Әділет Тікенов электр қуатын үнемдеу және қуат көзін тиімді пайдалануды арттыру шараларының Елбасының нақты тапсырмасына сәйкес жүзеге асырыла бастағанын мәлімдеді. Дәл осы қуат көзін тиімді пайдалану бағытында 2015 жылы ішкі жалпы өнімдегі электр қуатының сыйымдылығын 10 пайызға, 2025 жылы болса 25 пайызға дейін азайту міндеті қойылған болатын.
— Бұл бағытта Үкімет пен министрлік тарапынан көптеген бағдарламалар қабылданды. Солардың бірі — «Энергияны үнемдеу —2020» бағдарламасы. Бұл бағдарламада жарық қуатын тиімді пайдалануды дамыту бар. Осы бағытта министрлік БҰҰ Даму бағдарламасымен бірге осы жобаны қолға алып отыр. Бұл жоба аясында 1 миллионға тарта адамды тарту көзделуде. Жобаның мақсаттарынан бірі — жарық қуатын тиімді пайдаланатын шамдардың халыққа қолжетімді екенін түсіндіру, — дейді ол.
Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.



