СпортТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Белдесудің бесінші кезегі

Өткен жұма, сенбі күндері ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің спорт кешенінде Әйтеке би атындағы жүлде үшін 2001-2002 жылы туған жасөспірімдер арасында еркін күрестен облыстық ашық турнир өтті.

Турнирге Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Арал, Құлсары, Жаңаөзен қалаларынан, сондай-ақ, Ресейдің Дамбар ауданынан барлығы 300-ге жуық палуан қатысты.

Облыстық турнирді ұйымдастырушы  №4 облыстық балалар мен жасөспірімдер олимпиада резерві мектебінің директоры Болат Еңсепбаевтың айтуынша, жарыстың мақсаты — қоғам қайраткері Әйтеке би Байбекұлының өмірі мен қызметін жастарға үлгі-өнеге ету, жас ұрпақты салауатты өмір салтына, спортқа тәрбиелеу, патриоттыққа баулу.

  • Бұл турнир биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы турнирдің ерекшелігі — жарыс ашық түрде өткізіліп, оған еліміздің бірқатар облыстарынан палуандар келді. Сондай-ақ, бұл жолы палуандар он екі салмақ дәрежесінде белдесіп, сынға түсті, — дейді Б. Еңсепбаев.

Екі күнге созылған палуандар бәсекесінде I орынды 32 кг салмақта Ақтөбе қаласынан В.Гиенко, 35 кг салмақта Әйтеке би ауданынан А.Айымқұлов, 38 кг салмақта Байғанин ауданынан Н.Жасыланов, 42 кг салмақта Жаңаөзен қаласынан Д.Өткілбаев, 46 кг салмақта Алға ауданынан Д.Қалмағанбетов, 50 кг салмақта Ақтөбе қаласынан М. Мырзашәріпов, 54 кг және 58 кг салмақта Ембі қаласынан Ә.Албайұлы мен Ә. Нағашыбаев, 63 кг салмақта Мәртөк ауданынан М.Наржаубаев, 69 кг салмақта Темір ауданынан Д.Совет, 76 кг салмақта Қызылорда қаласынан А.Кенжеев, 85 кг салмақта Хромтау ауданынан І.Жақсылық иеленді.

Жарыс соңында жеңімпаздар медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button