Басты жаңалықтар

Газет мерекесі — елдің мерекесі

«Ақтөбе»-85

Темірлік оқырмандар осылай деп баға берді

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

Тарихы мол Темір ауданының жұртшылығы бүгінгі экономикалық дағдарыс деп аталынып жүрген кезеңде де, қашаннан қалыптасқан ауызбіршілікті дағдысынан жаңылмай, ертеңгі күнге адастырмай апарар айқын жолмен алға басып келеді. Алдын ала телефон арқылы тілдескенімізде өңірдің бүгінгі ахуалы туралы қысқаша мәлімет берген аудан әкімі Бауыржан Қаниев өңірдің кезек күттірмейтін өзекті мәселесіне қатысты жол жүріп бара жатқандығын айтып, «Ақтөбе» газетінің 85 жылдығына байланысты Шұбарқұдықта өткізілмек шараға қатыса алмайтындығына өкініш білдірген.

Дегенмен ауданның басшылық қызметінде көптен келе жатқан тәжірибелі де іскер азамат, аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхан Өтепов газет пен оқырман арасын байланыстыратын кездесудің жоғары деңгейде өтуіне қатысты көп шаруаны тиянақтап үлгеріпті.

Облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев басқарған топ құрамында, осы басылымның ширек ғасырдан астам уақыт басшысы болған, биыл ғана сексен жасқа толған ардагер журналист Нұрқайыр Телеуов, газеттің ауыл шаруашылығы бөлімін ұзақ жыл басқарған Кәдірбай Бекмағанбетовтер жергілікті тұрғындармен кездесуге келді.

Газеттің мерейтойы қарсаңындағы жүздесуге оқырмандар көптеп жиналды. Олардың арасында ертеңгі күнге талпынған арманшыл мектеп оқушыларынан бастап, ел ардақтаған ақ сақалды қарттарға дейін бар. Әр жастағы сан мамандық иелерін бір ортаға жинаған, олардың басын біріктірген бір мүдде — өздері күнделікті қолдарына алып, әр бетінен жаңалық іздеп отыратын газет қызметкерлерімен сұхбаттасу, ой-пікірлерін бөлісу ниеті болатын.

Ақтөбеден келген журналистер әуелі аудандық мұражайда болып, Темір өңірінің көнеден келе жатқан шежірелерімен танысты. Кешегі мен бүгіннің, бар мен жоқтың, байлық пен кедейшіліктің көп көрінісін қаз-қалпында ұсынып түрған жәдігерлер мұнда барынша молынан жинақталған. Мұражай директоры Алмас Римов журналист ағаларына мұражайда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен мағлұмат берді.

Оқырмандармен кездесу жұртшылыққа «Ақтөбе» газетінің 85 жылдық мерейтойы құрметіне «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясы түсірген киносюжетті көрсетуден басталды. «Кедейден» басталған жолдың бүгінгі «Ақтөбеге» дейін жеткен асулары көрермендерге айрықша әсер еткені байқалып тұрды.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхан Өтепов жиынды ашар сөзінде аудандағы мұнай өндірісінің, темір жол қатынасының, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының даму бағыттарын, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне қысқаша тоқталды. Сондай-ақ «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан шараларды баян етті. Осы бағытта ғана биыл 269 адам жұмыспен қамтылған. Ауданда әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру басты назарда ұсталынып отыр екен. Биыл жыл аяғына дейін ғана қондырылған телефон саны жеті мыңға жеткізілмекші. Аз қамтылған мүгедек жандар да ерекше назарда ұсталынуда. Жақында ғана мектепке бару мүмкіндігі болмай отырған төрт мүгедек балаға компьютер сыйға тартылыпты. Осындай шаруалар ретін айта келіп, аудан әкімінің орынбасары бұл өңірде «Ақтөбе» газетінің оқырмандары көп екендігін, олардың газетті асыға күтіп отыратындықтарына тоқталды.

Жұртшылық алдында сөз алған газеттің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев басылым жүріп өткен жолға қысқаша шолу жасап, бүгінгі алға ұсталынып отырған бағыттарды баян қылды. Ол әуелгіде отызыншы жылдардан бастап шықты делініп келген, облыстық газеттің тарихын 1924 жылдан жария болған «Кедейге» жеткізуге ұйытқы болған Нұрқайыр Телеуов ағаның ерекше еңбегін ел алдында арнайы паш етті. Сондай-ақ газет басшысы журналистер еңбегінің ішкі иірімдерінен де кейбір жайларды хабардар етті. Кезінде «Ақтөбенің» облыс орталығында тіл жанашырларының басын біріктіретін орталық болғандығы да  тілге тиек етілді.

— Ұлттың ұйысуы, мемлекет мүддесінің — біз үшін ең аяқ асты болмауы, — деді бас редактор, — жүргізіп отырған барлық жұмыстарымыз да осы тұрғыдан өрбімекші. Тағы бір айтып өтер жәйт, біздің газетімізде ұрпақтар сабақтастығы жақсы сақталынып келе жатыр. Соның бір айғағы, бүгінгі кездесуге аға буын өкілдерінің ықыласпен келуі.

Ақсақал журналист Нұрқайыр Телеуовтің мінбеге көтерілуін, әсіресе, бұл кісіні жақсы білетін ардагер ағалар қошеметтеп қарсы алды.

«Облыстық газеттің тарихына үңілгенде, біз оның белгілі бір уақытта Темір өңірінде шыққанын да зерттеп, білдік, — деп Нұрқайыр аға көпшілік біле бермейтін сыр ұштығын ашты. – Негізінде Темір өңірінің тарихы тереңде. Облыстық газеттің басшысы болып жүргенімде осында бірнеше рет іс сапарда болып, елдің, жердің жағдайын бірсыпыра зерттегенмін».

Осылайша оқырмандарды өзіне елеусіз түрде жақындатып алған қарт журналист: «Газет те адам сияқты, өседі, өнеді, бірақ қартаймайды, оның өмірін кейінгі буындар жалғастыра береді», — деп толғанды.

Облыстық газетте қырық жылдан астам еңбек еткен кәнігі журналист Кәдірбай Бекмағанбетов өз сөзін бір кездері осы ауданда облыстық газеттің меншікті тілшісі болғандығынан бастады.

«Алғашқы іс сапарым әлі есімде, — деді ол, — аудандық ауыл шаруашылығы инспекциясын басқаратын Нұралы Қаниев деген азаматқа жолықтым, бір ерекшелігі темекіні үзбей тартады екен. Кіріп келсем, кабинет іші көк түтін. Мұнысы маған ұнамады-ау деймін, «Темірдегі түтіндеткіштер» деген сын мақала жаздым. Әрине, сын объектісі — ауыл шаруашылығындағы кемшіліктер еді. Бір жағы жастықтың әсері ғой. Сол сын мақалаға Нұрекең де ренжіген жоқ, кейін айырылмастай жақсы жолдас болып кеттік. Ол ел таныған білікті басшыға айналды. Бүгін ерекше толқып отырғаным, сол кісінің баласы Бауыржан енді Темір ауданын басқарып отыр екен».

Ардагер аға өзі қызмет істеген жылдары журналистердің сын мақаланы көбірек жазатындығы, ал қазіргі уақытта баспасөз ұстанған бағыттар басқашалау қырынан көрінетіндігін саралады. Ол аудандық мұражайды аралаған кезінде өзінің бұрынғы көптеген кейіпкерлерінің суретін көріп, толқығанын айтты.

Аға буын журналистер бір кездері осы өңірдегі аудандық газеттің редакторлары болған Нұрғали Тастанбаев, Бақытжан Жанасаев, Мыңбай Төлегенов, Шубай Бекенов сынды азаматтарды еске алды, олармен қызметтес болған жылдарын тебірене әңгімеледі.

Жүздесуге келген оқырмандар да бүкпесіз ой-пікірлерін ақтарды. Бірінші болып сөз алған Нағымет қажы: «Мен «Ақтөбе» газетінің қызметкерлері осында келгеніне ерекше қуаныштымын, өйткені журналистермен жүздесу реті күнде келе бермейді. Осы өңірде дүйім қазақтың атынан Меккеде халық мерейін көтерген Досжан хазірет атамыз жатыр. Оның еңбегі, имандылық істері туралы бірсыпыра жазылып жүргенімен, облыстық «Ақтөбе» газетінде алдағы уақытта көлемді, терең зерттелген материал жарияланса деймін. Бүгінгі ұрпақ өткенді білмей, өнегеден өгейлік көреді, осыны ескерсеңіздер екен» деп тілегін білдірді.

Темірлік оқырмандар «облыстың басқа аудандарынан мақалалар көбірек жазылады, біздерді де ұмытпаңыздар» деген наздарын да жасырмады.

Мектептің жоғары кластарында оқитын жасөспірімдер арасында газет жұмысына байланысты қызығушылықтар көп екені байқалды. Олар «газеттің штаттан тыс тілшісі болуға бола ма?», «газет дизайнын кім жасайды?», «мақаланы қалай жазуға болады?» деген сияқты сауалдарды ортаға салып, журналист ағаларынан жауап күтті.

Сондай-ақ, жұртшылықты алғашқы «Кедей» газетінің басылу сапасы, шығу жиілігі, таралымы туралы жайлар да қызықтырады екен.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Бақаев: «Біз үшін газет бір қажеттілікке айналды. Ол бұрынғы кезде айтылғандай, ұжымдық насихатшы ғана емес, сондай-ақ ұжымдық ұйымдастырушы да. Нұрқайыр аға, сіздің еңбегіңізді білеміз, ұзақ жыл еңбек еттіңіз, сол үшін рахмет. Біздің ардагерлер кеңесі былтыр қырық ардагерді «Ақтөбе» газетіне жаздырған еді, биыл бұл көрсеткішті алпысқа жеткізбекшіміз» деп ойын ортаға салды.

Он жылға жуық облыстық газеттердің Темір ауданындағы таратушысы болып еңбек еткен Әбдікамал Қадыров өзі үшін бұл басылымның өте жақын екендігін, сондықтан да оны алдырмай тұра алмайтындығын айтты. Ол оқырман ретінде газет журналистерінің спорт тақырыбына көбірек көңіл қойғанын қалайтындығын білдірді.

Аудандық «Темір» газетінің редакторы Меңдіхан Әділханов аудандық басылымның соңғы бірер жылдықта облыстық «Ақтөбе» газетінің қосымшасы ретінде шыққандығын, мұның өзі аға газеттен көп үйренуге берілген мүмкіндік екендігін мәлім етті.

Жылы жүзді жүздесу мұнымен тынған жоқ. Жергілікті өнерпаздар күмбірлетіп күй тартты, әсем әндерді шырқады. Жас өрендер ақын Бауыржан Бабажанұлының өлеңдерін оқыды.

… Жүздесу аяқталған соң да, өзара пікір алмасулар аяқталмады. Оқырмандар журналистермен сұхбаттарын жалғастырып, ашық әңгімені өрбіте түсті. Сондай сәттің бірінде Кәдірбай аға бұрынғы кәсіби дағдыдан жаңылыспай, аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхан Өтеповке «осы өңірде сектанттар, діни ағымдар бар деген хабар жиі естіледі, соның жайын айтсаңыз» деп сауал қойып жатты. Нұрекең өзінің байыпты қалпымен осы бағыттағы жайды ұғынықты етіп баяндап берді.

«Ақтөбе» газетінің 85 жылдық мерекесі құрметіндегі шеру енді Шалқар ауданына ауысады. Әзірге көңілде Темір әсерлері тұр.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button