Басты жаңалықтарТаным

Лондон — ғылым мен инновациялар орталығы

Ғылым мен білімнің дамуы жөнінен Ұлыбритания әлемнің жетекші елдерінің қатарында. Жаңа инновациялық технологиялар бағытында үлкен жетістіктерге ие. Бүгінде адамзаттың ортақ игілігі болып кеткен  антибиотиктер, фотография өнері, экстракорпоральды ұрықтандыру сынды түрлі жаңалықтар осы елде ашылған. Тұманды Альбионның батыстағы аса ықпалды елдердің қатарында көрінуіне жол ашқан да осы ғылым. Мұнда ғылымның дамуына қыруар қаржы жұмсалады: мәселен, әлем бойынша ғылым саласына бөлінетін қаржының 4,5 пайызы және ғылыми жарияланымдардың 8 пайызы осы елге тиесілі. 70-тен астам британ ғалымы Нобель сыйлығының иегері.

Британдықтар ғылымды мәдениет саласының бір бөлшегі деп есептейді және оның міндетті түрде қоғамға қызмет етуін қатаң қадағалайды. Сондықтан да қаржының ғылымның қай бағытына бөлінуі қажеттігін ғалымдар өздері шешеді.

Ұлыбританияда 200-ге жуық ғылыми ұйымдар мен мекемелер бар, 400-ден астам ғылыми басылым жарық көреді.

Лондондағы Британ Кеңесінің ғылыми кеңесшісі Тим Слингсбидің айтуынша, Ұлыбритания қоғамы үшін оқушыларды мектеп жасынан ғылымға баулу аса маңызды. Ғылыми бағытта жазатын журналистерді де арнайы даярлайды.

«Өткен жылдың аяғында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» акционерлік қоғамы және Қазақстандағы Британдық кеңестің бастамасымен жарияланған «Ұлттық инновациялар байқауында» жеңімпаз атанған тілшілерге Ұлыбританияға жолдама беруді дұрыс деп таптық. Себебі, менің білуімше, ғылыми жаңалықтардың 70 пайызы осы елде ашылады. Ең бастысы, бұл жерде журналистерге қажетті мол тәжірибе бар. Ғылым мен журналистика саласы бір-бірімен қалай жұмыс істейді? Инновация тақырыбында жазатын журналистер қалай даярланады? Жалпы, ғылыми журналистика саласының даму деңгейі қандай және оны Қазақстанда дамыту үшін не істеу керек? Бұл жоба осындай сұрақтарға жауап іздейді», — дейді  технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің пиар менеджері Әйгерім Аханова.

Ғылым араласпайтын сала жоқ!

Журналистердің Лондондағы сапары барысында негізінен ғылыми журналистика бағытындағы кездесулер ұйымдастырылды. Британ Кеңесінің ғылыми кеңесшісі Тим Слингсбидің айтуынша, аталған кеңес қоғамға барынша ғылымның ролін түсіндіру, мүмкіндігінше ғылыми тақырыптарға тартуды мақсат етеді.

— Британ кеңесі 80 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Ғылыми бағыттағы ең негізгі мақсаттардың бірі — STEM-ғылымдарды, яғни нақты ғылым саласын қолдау. Сондай-ақ, біз ағылшын ғалымдары мен шетелдік  ғалымдардың өзара ынтымақтастығына да ықпал етуге тырысамыз. Себебі, Ұлыбритания ғылым саласының дамуы жөнінен жетекші елдердің қатарында екенін жақсы білесіздер. Бізге шетелден келіп оқитын студенттер көп. Нақты ғылым саласында оқып, тәлім алған түлектердің оқу бітіргеннен кейін өзге елдерде жұмыс жасауына мүмкіндік мол. Яғни, біз шетелдік ғалымдарға өз білімін кеңейтуге мүмкіндік береміз. Бұл бағытта бірнеше бағдарлама жұмыс істейді, — дейді Т.Слингсби.

Сондай бағдарламалардың бірі — Ньютон қоры. Аталған жоба 2005 жылы қолға алынған. Ол әлемдегі бірнеше елде жүзеге асырылады. 2014 жылы Ұлыбритания мен Қазақстан «Ньютон-Әл-Фараби» атты серіктестік бағдарламасын іске асыра бастады. Бес жылға жоспарланған жобаның жалпы бюджеті — 20 миллион фунт стерлинг. Қазақстандағы Британ кеңесінің өкілі Әйгерім Алпкаринаның айтуынша, бағдарлама Солтүстік Ирландия мен Ұлыбритания біріккен корольдігінің кәсіпкерлік, инновация және кәсіби білім беру министрлігі басқаратын Ньютон қоры тарапынан қаржыландырылады және осы қор аясында жұмыс істейді. Ұлыбритания осы бағдарлама арқылы серіктес-елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылыми-зерттеу және инновациялық бағытта қолдау көрсетеді. Яғни, жоба мақсаты — екі ел арасында ғылыми зерттеулер мен инновация саласында тұрақты байланыс орнату. Оның айтуынша, бастапқыда бағдарлама аясында ғылыми әлеуетті арттыру, мамандардың тәжірибе алмасуы, бірлескен зерттеу орталықтарын құру сынды жұмыстар атқарылады. Негізінен энергетика, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы технологиясы, табиғи апаттардан кейін қайтадан қалпына келтіру мүмкіндігі, экология мен қоршаған ортаны қорғау, азық-түлік және су мәселелері сынды салаларға басымдық беріледі. Болашақта тұтастай алғанда Қазақстан мен Ұлыбритания арасында ғылыми, инновациялық  байланысты нығайту мақсатында жұмыстар атқарылмақ.

Қазір әлемде нақты ғылым саласында дағдарыс байқалады. Техникалық мамандықтар жетіспейді. Себебі, көпшілік «менің ғылымға қатысым жоқ» деп ойлайды. Британ кеңесі өкілінің айтуынша, ғылым араласпайтын сала жоқ. Сондықтан «менің ғылымға қатысым жоқ» деген принципті түбірімен жою керек.

— Британ Кеңесінің ұйымдастыруымен Шекспирдің туғанына 450 жыл толуына орай әдебиет пен ғылымның байланысын зерттеуге ден қойылды. Мәселен, Шекспирдің шығармаларындағы түрлі элексирлер, сұйықтықтар, препараттар, улар — мұның барлығы ботаниктер, химиктер үшін үлкен зерттеу объектісі болар еді. Қазір ғылым мен комедия арасында қандай байланыс бар екендігі жөніндегі жоба жасалып жатыр, — дейді Тим.

Әдебиет демекші, Ұлыбританияда ғылыми жазушылардың қауымдастығы да жұмыс істейді. Ғылым мен техника тақырыбында жазатын жазушыларды қолдау және ғылыми журналистиканың дамуына ықпал етуге бағытталған қауымдастық 1947 жылы құрылған екен. Ұйым президенті Мартин Инстің айтуынша, ғылыми әдебиет оқылуы тиіс.

— Қазір ғылыми мәселелер саяси мәселелерге айналып барады. Мысалы, әлемдегі климаттың өзгеруі, обыр ауруының емін іздеу, ғарыш әлемін зерттеу, болашақ энергиясы — мұның барлығы ғылым саласының тақырыбы. Газет-журналдарда, телеарналарда қазір басқа тақырыптардан гөрі, ғылыми тақырып жиі айтылады және ол сұранысқа ие. Сондықтан осы саланы дамыту маңызды, — дейді ол.

Лондонда оқығыңыз келсе…

Лондон қалалық университетінің ғылыми журналистика факультетінде ғылыми тақырыпта жазатын тілшілер арнайы даярланады. Бұл университет — Ұлыбританиядағы үздік оқу орындарының бірі. Аталған факультет оқытушысы, тәжірибелі журналист Кони Сент Луидің айтуынша, ғылыми тақырыпта жазатын журналистердің жауапкершілігі өте жоғары. Себебі, ғылымдағы жаңалықтар туралы қоғам көп жағдайда ғалымның жеке жұмыстарынан емес, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы біліп жатады. «Ғылыми жаңалықтар туралы толық, жан-жақты жазу керек. Қоғамды адастыруға болмайды. Мәселен, мынадай жағдай болды: жаңа туған нәрестелерге екпе салуға қатысты жүргізілген ғылыми зерттеу жөнінде жарияланды. Ол сәтсіздеу шыққан мақала еді. Себебі, онда зерттеудің тек жағымды жақтары ғана жазылған болатын. Болуы мүмкін ауыр зардаптары туралы тіс жармаған. Кейін екпенің көбірек дозасы салдарынан жаңа туған балалар арасында көз жұмғандар болған. Зерттеу нәтижелерінің барлығы толық жария етілгеннен кейін ата-аналардың тек 60 пайызы ғана мұндай екпе алуға келіскен. Міне, ғылыми тақырыпта жазатын журналист қандай да бір тақырыптың бүге-шігесіне дейін зерттеп жазуы маңызды», —  дейді ол.

Аталған университетте өзге елдерден келіп, магистратурада оқып жатқан студенттер баршылық. Соның бірі — Ресейден келген Елена Яковлева. Мурманскілік Елена қарапайым журналист болып қызмет етіп жүргенде Британ Кеңесі ұсынған стипендия туралы оқығанын айтады. «Соңғы уақыттарда ғылым, техника тақырыбын көбірек жазуға ден қойып жүрген болатынмын. Интернеттен байқау туралы көріп, талаптарын орындап, құжаттарымды тапсырып көрдім. Сөйтіп, оқуға түстім», — дейді ол. Бүгінде Елена — факультеттегі үздік студенттердің бірі. Кәсібі журналист болғанымен, негізгі мамандығы ағылшын тілі маманы болғандықтан, мұнда оқу оған қиындық келтірмейтінін айтады. Еленаның айтуынша, мұнда студенттер оқу орны қабырғасында жүріп-ақ журналистік ғылыми зерттеулер жүргізеді, ғалымдармен, өнертапқыштармен үнемі байланыс жасап отырады, өздерінің дербес студиялрында сұхбаттар, репортаждар, ток-шоулар әзірлейді, жеке ғылыми сайттары бар. Соның бірі — elements-science.co.uk. порталы. Бұл порталда студенттердің ғылыми тақырыпта жазған мақалалары жарияналады.

Ғылыми тақырып дәлелді қажет етеді

— Жалпы, ғылыми тақырыпта жазу барысында ең алдымен оның оқырманға түсінікті, жеңіл жазылғаны аса маңызды. Екіншіден, әрбір пайымның дәлелдемесі болуы тиіс. Сондықтан ғылыми мақала жазғанда әрбір ғылыми қорытындының дәлелін бірнеше дереккөзден алу қажет. Біз ақпарат құралдарында жазылған ғылыми мақалаларды міндетті түрде сараптап отырамыз, ғалымдармен талқылаймыз. Мысалы, ілкіде басылымдардың бірінде: «Газ турбиналары адамды мүкіс қылады» дген тақырыпта мақала шықты. Дереу зерттеуге алдық. Ғалымдар газ турбиналарының есту қабілетіне кері әсер етпейтінін айтты. Кейін соны жазған журналиспен сөйлескенімізде: «Мен, әрине, ғалымдармен сөйлесуге тиіс едім, бірақ мен қанша рет телефон шалғанда ешкім көтермеді», — деді. Міне, оқырманды адастыру осындайдан басталады. Сондықтан жазу барысында мұқият болу керек, — дейді «Sence About Science» қорының өкілі Крис Питерс. Аталған қор ғылыми және медициналық тақырыптағы жаңалықтарды қоғамға кеңірек түсіндірумен айналысады. Оның мәліметтер базасында Нобель сыйлығының лауреаттарынан бастап ғылым докторлары, аспиранттарға дейін 6 мыңнан астам ғалым бар.

Лондонға сапар барысында журналистер «Innovate UK» агенттігінің қызметкерлерімен де кездесті. Бұл агенттік  Ұлыбританияның экономикалық дамуына ықпал ететін ғылыми және технологиялық инновацияларды енгізу бағытында өнертапқыштармен, жаңашыл азаматтармен жұмыс істейді, сондай жобаларға қаржылай қолдау көрсетіп, істерін ілгері ықпал етеді көмектеседі. Аталған агенттіктің атқарушы директорының баспасөз хатшысы ПиДжей Тейлор мырзаның айтуынша, ғылыми зерттеулердің көбі «Горизонт 2020» бағдарламасы аясында қаржыландырылады. Еуропалық Одақтың 2014-2020 жылдарға арналған ғылыми зерттеулер мен технологияларды қолдау жөніндегі бұл бағдарламаның бюджеті қомақты. Аталған бағдарлама аясында бұрын ірі компанияларға басымдық берілетін, қазір стартаперлерге көбірек мән беріледі екен. Ең бастысы, қаржыландырылатын жоба қоғамға пайдалы болуы тиіс. ПиДжей Тейлордың айтуынша, сондай қаржыландырылған жобалардың бірі — брокколи қырыққабаты өндірісіне арналған роботехниканы енгізу. Бұл техниканың бір ерекшелігі — піскен қырыққабаттарды ғана жинайды екен.

«Біз осындай ғылыми жаңалықтарды жинап, топтап, жеке хабар етіп шығарамыз. Ең алдымен әрбір деректің нақты және тыңдарманға түсінікті болуына қатты мән береміз. Статистика бойынша, қазір қоғамның бизнес, технология, инновация тақырыптарына деген қызығушылығы жоғары екені байқалады. Сондықтан осы тақырыптарға барынша кеңірек тоқталуға тырысамыз», — дейді Би-Би-Си  хабар тарату желісінің ғылыми хабарлар жүргізетін корреспонденті Палаб Гош.

P.S. Лондон — ғылым мен инновациялар орталығы. Мұнда жас ғалымдарға, студенттерге, оқу орны түлектеріне, журналистерге де білімін шыңдауға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік мол. Мәселен, ғылым мен техника саласында жазатын журналистер Британ үкіметінің қолдауына ие болып, Лондондағы ғылыми және техникалық журналистер даярлайтын қалалық университетінің студенті атана алады.  Т.Слингсбидің айтуынша, биыл күзде Сан-Францискода әлемдегі бірнеше елдің қатысуымен стартап-конференция өткізіледі. Оған өнертапқыштар, ғылым мен инновация тақырыбына жазатын журналистер, инвесторлар, венчурлік қорлар, т.б. қатысады. «Силикон алқабы» деп аталатын АҚШ-тағы жоғары технологиялар индустриясының орталығы ретінде танымал ауданда өтетін әйгілі стартап-конференция —  ғылыми журналистерге де үлкен мүмкіндік.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 Ақтөбе-Лондон-Ақтөбе.

 

      

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button