Басты жаңалықтарЭкономика

Егін егу жұмыстарына дайындық жайы талқыланды

Кеше облыс әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен мәжіліс өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, барлық аудандардың әкімдері, басқармалар мен департаменттердің және ірі кәсіпорындардың басшылары қатысты.

2016 жылдың алғашқы 2 айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, салық салынатын базаны кеңейту мәселелері мен көктемгі егін егу жұмыстарына дайындықтың жайы талқыланды.

Ақтөбе облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рузия Айдашева 2016 қаңтар-ақпан айларының нәтижелері бойынша аймақта өнеркәсіп өндірісі, тартылған инвестициялар мен құрылыс көлемінің шамалы мөлшерде азайғанын мәлімдеді. Ал ауыл шаруашылығы өнімдері көлемінің өсіп отырғаны байқалған. Алғашқы 2 айдың нәтижелері бойынша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 18,8 миллард теңгені құрады. Әсіресе, ет, сүт және жұмыртқа өндіру артып отыр. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны да көбейген.

Біз экономиканы әртараптандыру, бюджетке қосымша кіріс көздерін қарастыру міндеттерін орындауымыз қажет. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында әлеуметтік нысандар салу аймағымызға қосымша қаржы көздерін тартудың басым бағыттарына айналуы тиіс. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді әрі қарай жалғастыру үшін ауылдықтар мемлекеттік қолдау шараларын игерулері қажет, — деп атап өткен облыс әкімі 2016 жылдың бюджетінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялау үшін 5,2 миллиард теңге қаржының қарастырылғанын мәлімдеді. Шағын фермалар құру жөніндегі қанатқақты жобаны жүзеге асыруға 2,3 миллиард теңге бөлінген. Ал бизнесті қолдау үшін 2016 жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» аясында 4,1 миллиард теңге бағытталмақшы.

Көктемгі далалық жұмыстарға дайындық жайын талқылау кезінде Бердібек Сапарбаев егін егу жұмыстарын ең қолайлы мерзім ішінде жүзеге асыруды тапсырды. Ол сонымен қатар мәжіліске қатысушыларға егілетін тұқымның сапалылығына мән берулері керектігін айтты.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ыбырайым Қаржаубайұлының мәлімдеуінше, биыл 553,3 мың гектар алқапқа дәнді, майлы және азықтық дақылдар мен көкөніс түрлері егіледі. Суармалы жерлердің аумағы 12 мың гектардан 18,6 мың гектарға ұлғайтылмақшы.

Басқарма басшысы сонымен қатар облыстың көкөніс, астық және бақша дақылдарының тұқымдарымен толық қамтылғанын, қазір майлы және азықтық дақылдардың тұқымдарымен қамту мәселесі шешіліп жатқанын хабарлады. «Көктемгі егін егу жұмыстарын жүргізу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан 6 мың тонна дизелді отын бөлінді. Егін егу жұмыстарын уақытында аяқтау үшін жеткілікті мөлшерде дизелді отынымыз бар», — деді басқарма басшысы.

Мәжіліс соңында аймақ басшысы өңір экономикасын қолдау шараларын нығайтып, салық салынатын базаны кеңейту жөніндегі комиссия мен бюджетке қосымша кіріс көздерін қарастыру жөніндегі жұмыс тобының жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

 «Ақтөбе ақпарат» орталығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button