Экономика

Батыс Қазақстанда баламасы жоқ кәсіпорын

Төрт мемлекетке тері өнімдерін экспорттайды

 Мәртөк ауданындағы «А.С.Ар.Аз.Г» тері өңдеу цехы өз өнімдерін Италия, Испания, Түркия, Қытай елдеріне экспорттап жатыр. Былтыр қараша, желтоқсан айларында Италияға 30 тонна, Испанияға 30 тонна өнім өткізген. 

Еліміздің батыс аймағында баламасы жоқ кәсіпорын ай сайын 180 тонна тері өңдейді.  

Цех жұмысына, әсіресе, Испания мен Қытай кәсіпкерлері аса қызығушылық танытып отыр. Аудан әкімі Нұржауған Қалауовтың  айтуынша, алдағы аптада аталған елдердің кәсіпкерлері былғары сатып алу мақсатында цех басшылығымен келісімшарт жасау үшін Мәртөкке арнайы  келмекші. Екіжақты келісім негізінде «А.С.Ар.Аз.Г» тері өңдеу цехы тек қана Испаниядағы зауыттың өзіне ай сайын 180 тонна тері экспорттайды.

Мұның бәрі, әрине, ең алдымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіпкерлерді қолдауының, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауының жемісі. Облыстық, аудандық әкімдіктер тарапынан көңіл бөлініп, кәсіпорын жұмысының жандануына көмек көрсетілуде, — дейді «А.С.Ар.Аз.Г» тері өңдеу цехының  коммерциялық жұмыстар жөніндегі басшысы Бақтияр Қасумов.

2014 жылы іргетасы қаланған кәсіпорынға алдымен газ құбыры тартылды. Скважина  бұрғыланып, су келтірілді.

Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында «Ақтөбе-Агросервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі берген 3 миллион 326 мың теңгеге жүк тиейтін техника сатып алынды. Сондай-ақ, кәсіпорын «Ақтөбе ауыл шағын несие» ЖШС берген 14 миллион теңгеге теріні өңдеу үшін қажетті химреагенттер алған. Былтыр «Агронесие» корпорациясы АҚ да кәсіпорынға 30 миллион теңге несие беріпті.

Жартылай өңделген терінің түсі көгілдір болады. «Вед-блю» деп аталатын былғары аяқкиім тігуге арналған. Теріден жартылай өңделген өнімді, яғни көгілдір тері алмас бұрын ол барлық технологиялық өңдеуден өтеді. Химиялық заттар салынған барабанда тері жібітіліп, тазартылады. Тері халықаралық стандартқа  сай өңделеді. Бас технологты Түркиядан арнайы шақырттық. Ол өз ісінің шебері, — дейді кәсіпкер.

Кәсіпорында әрқайсысына 6 тонна тері сыятын үш барабан, шелдейтін, сығатын және өлшейтін станоктар бар. Бұл жабдықтардың барлығы Түркия мен Италиядан әкелініпті.

Әзірге теріні тек қана жартылай өңдеп жатырмыз. Өңделген теріден дайын өнім шығарғымыз келеді. Дегенмен, теріні бояу қымбатқа түседі. Ол үшін көп жабдық керек. Сол себепті, мемлекеттің қолдауы арқылы арнайы жабдықтар алуды жоспарлап отырмыз, — дейді Бақтияр Қасумов.

Кәсіпорын теріні Ақтөбедегі мал базарынан және «Айбек» ауылдық тұтыну кооперативінен алады. Мәртөк ауданының тұрғындары да ірі қара малдың терісін тапсырады.

Дегенмен жергілікті жердің сиырларының терісінің көлемі кішілеу. Бір тері шамамен 20 келідей болады. Әр келіні 250 теңгеден қабылдаймыз.

Біз шетелден де тері әкеліп, өңдеп жатырмыз. Голландық асылтұқымды сиырлардың терісі сапалы әрі көлемі үлкенірек болады, — дейді кәсіпкер. Оның айтуынша, кәсіпорын былтырдан бері Башқұртстан мен Татарстаннан  сиыр терілерін әкеліп, өңдеп жатыр. Биылдан бастап Ресейдің Дондағы Ростов қаласынан ірі қара мал терісін тасуға келісім жасаған.

P.S. Қазір цехта 35 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын иесі Абыл Гасановтың отбасы мүшелері де — зайыбы Саида, ұлдары Арзу мен Азер цехта белсенді еңбек етеді. Кәсіпорын атауы да солардың есімдерінің бастапқы бас әріптерінен құралып, «А.С.Ар.Аз.Г» деп аталған.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button