Спорт

Тараздағы тең тайталас

Премьер-Лига

 2-турда да «Қайрат» жеңіске ие бола алмады. Оның есесіне «Ертіс» пен «Астана» екінші реттен үш ұпайдан жинап алды. Премьер-Лигаға биыл қайта оралған «Ақжайық» екінші рет жеңілді. Ауа райына байланысты «Атырау»-«Тобыл» кездесуі кейінге қалдырылды.

«Тараздың» бірінші турда сенсация жасап, «Қайратты» жеңуі (2:1) және сол беташар турда «Ақтөбенің» шымкенттіктерден жеңіліске ұшырауы (1:3) жанкүйерлерді белгілі бір болжамға итермелегені де мәлім. 2-турда өз алаңында ойнаған тараздықтардың ірі есеппен оңай жеңіске жететіндігіне күдік болмаған секілді еді. Бірақ жерлестеріміз бұл «үміттің» жолын кесті. Алаң иелері ойынның бастапқы кезеңінде-ақ қақпаларына қауіп төндірген жерлесіміз Бобир Давлатовты шалып құлатты да 11 метрлік айып добы белгіленді. Ортадағы нүктеге келген Самат Смақов нысананы дәл көздеді. Аз ғана уақыт өткен шақта жартылай қорғаушымыз Никита Бочаровтың шірене тепкен добы діңгекті жанай өтпей, торға топ ете түскенде есеп одан әрі ұлғая түсер еді. Бұдан кейін тараздықтар ес жиып, қарымта қайтаруға белсене кіріскенімен есепті тек бірінші таймның соңғы минутында ғана теңестірді. Екінші таймда алаң иелері тайлы-таяғымен шабуылға көшкенімен ақтөбеліктер сыр бермеді. Ал дөрекілік көрсеткені үшін Олег Недашковский жасыл алаңнан қуылғаннан кейін тараздықтар қорғанысқа көбірек көңіл бөлуге мәжбүр болды. Әттең, сан басымдығын жерлестеріміз нәтижеге айналдыра алмады. Тоқтар Жаңғылышбайдың ойын соңына таман өз мүмкіншілігін пайдалана алмай қалуы соның бір мысалы ғана.

Ойын соңынан кейінгі баспасөз мәслихатында «Тараздың» бас бапкері Нұрмат Мырзабаев: «Бұл кездесу оңай болған жоқ. Әсіресе, Олег Недашковский «қызыл қағаз» алып, азшылықта қалғанымыздан кейін жағдай тіпті күрделеніп кетті», — деді. Ал біздің бапкеріміз Юрий Уткульбаев «Тараз» жақсы ойын өрнегін көрсеткенін айта келіп, өзімізге қатысты: «Біз қорғаныста бірқатар кемшіліктер жіберіп алдық, келесі жолы мұндай қателіктерді жібермеу үшін еңбектенетін боламыз», — деді.

«Тараз»-«Ақтөбе» — 1:1
Гол авторлары: Самат Смақов, пенальти, 11-минут (0:1); Игорь Зенькович, 45-минут (1:1).
Ескерту қағазы көрсетілгендер: Й.Голич,И.Мера («Тараз») — Б.Қайыров, Е.Сорокин, Е.Азовский, К.Куаджа («Ақтөбе»).
69-минутта ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін Олег Недашковский («Тараз») жасыл алаңнан қуылды.
«Тараз»: Александр Григоренко, Иоан Мера, Йован Голич, Инорь Зенькович (Берік Айтбаев, 90+2 минут), Тарас Данилюк (Әлішер Сүлей, 61-минут), Илья Воротников, Мақсат Әмірханов, Дмитрий Евстигнеев (капитан), Бауыржан Байтана (Бақытжан Рымтаев, 78-минут), Марат Шахметов, Олег Недашковский.
«Ақтөбе»: Самат Отарбаев, Бобир Давлатов (Кирилл Шестаков, 65-минут), Куасси Куаджа, Михаил Петролай, Марат Ситдиков, Никита Бочаров, Егор Азовский, Бағдат Қайыров, Виктор Крюков (Егор Сорокин, 61-минут), Самат Смақов (капитан), Тоқтар Жаңғылышбай.
19 наурыз. Тараз. Орталық стадион. 6 500 адам.

 

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Оқжетпес»-«Қайрат» — 1:1

Гол авторлары: Жерар Гоу, 44-минут (1:0); Әлібек Бөлешев, 49-минут (1:1).

19 наурыз. Астана. «Астана Арена» стадионы. 4000 адам.

«Ақжайық»-«Ертіс» — 0:3

Гол авторлары: Елдос Ахметов, 27-минут (1:0); Усман Джаллоу, 45+1 минут (2:0); Роман Муртазаев, 55-минут (3:0).

19 наурыз. Орал. «Ақжайық» стадионы. 2000 адам.

«Ордабасы»-«Астана» — 1:3

Гол авторлары: Джордж Деспотович, 10-минут (0:1); Эдин Юнузович, 15-минут (1:1); Александр Симчевич, автогол, 43-минут (1:2); Марин Аничич, 45-минут (1:3).

Екінші рет ескерту қағаздарын алғаны үшін 90+5 минутта Мұхтар Мұхтаров («Ордабасы»), 89-минутта Серікжан Мужиков («Астана») жасыл алаңнан қуылды.

20 наурыз. Шымкент. Қажымұқан атындағы стадион. 9000 адам.

«Шахтер»-«Жетісу» — 0:0

20 наурыз. Теміртау. «Металлург» стадионы. 3000 адам.

 

*   *   *

2-тур:

Бұл турда барлығы 11 гол соғылды. Алаң иелері 3 гол соқса, қонақтар 8 доп өткізді.

Бес ойынның бірде-бірінде алаң иелері жеңіске қол жеткізе алмады.

Кездесулер барысында 22 футболшыға ескерту қағаздары көрсетілді, 3 футболшы жасыл алаңнан қуылды.

Бұл турдағы ең шапшаң голдың авторы — Джордж Деспотович, 10-минут («Астана»).

Александр Симчевич («Ордабасы») чемпионаттағы алғашқы автоголдың иесі атанды.

«Шахтер» мен «Жетісудың» ойыны чемпионат басталғалы есеп ашылмаған бірінші кездесу болды.

Сонымен 6 ұпайдан жинаған «Ертіс» пен «Астана» көш бастап тұр.

3-орындағы «Тараздың» 4 ұпайы бар.

4-5 орын иелері — 3 ұпайдан жинаған «Тобыл» мен «Ордабасы».

6-орында 2 ұпайы бар «Жетісу» тұр.

7-11 орындарға 1 ұпайы бар командалар жайғасты: «Атырау», «Қайрат», «Оқжетпес», «Шахтер», «Ақтөбе».

Еш ұпайсыз «Ақжайық» соңғы, 12-орында тұр.

 

*   *   *

3-турда 3 сәуір күні «Ақтөбе» сырт алаңда «Астанамен» кездеседі.

Басқа ойындар:

3 сәуір, жексенбі

«Жетісу» (Талдықорған) — «Ордабасы» (Шымкент)

«Ақжайық» (Орал) — «Қайрат» (Алматы)

«Тараз» (Тараз) — «Оқжетпес» (Көкшетау)

«Ертіс» (Павлодар) — «Атырау» (Атырау)

«Тобыл» (Қостанай) — «Шахтер» (Қарағанды)

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button