Ақтөбеліктер өз таңдауын жасады

Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназия ғимаратына орналасқан №29 сайлау учаскесінің сайлаушылары қашанда белсенділігімен көзге түседі. Таңертеңгі сағат 7.00-де дауыс беруге бірден 10 сайлаушының келіп тұруы осының бір мысалы ғана.
Мектеп-гимназия директоры Марта Малайдар басқарған учаскелік сайлау комиссиясы 1722 дауыс берушінің тізімін зерделеп, жүріп-тұруы қиын сайлаушылардың үйлеріне баруды жоспарлағанда қарттардың біразы алдын ала рақмет айтып, дауыс беруге учаскеге өздері келетіндіктерін жеткізді. Сөйтіп, көшпелі жәшіктің қызметіне 18 сайлаушы ғана жүгінді. Ал 18 сайлаушы сайлау бюллетенін алғаш рет қолдарына алып, шат-шадыман болды. Жалпы түске дейін келушілер тізбегі бір толастаған жоқ.
Дегенмен, расын айту керек, бұл жолы да әдеттегідей, әсіресе, орта жастан асқандар аса белсенділік танытты. Немерелерін ертіп келген отбасылары, аталар мен әжелер бірінен соң бірі кіріп жатқанда ұлттық қолөнер көрмесі ұйымдастырылған, ұлттық киімдері жалт-жұлт еткен гимназия мұғалімдері мен оқушылары ән шырқап, күй тартып жатқан ғимарат іші ерекше сәулеленіп кетті. Оны былай қойғанда, екі сайлаушы — қазақы шапан киіп келген екі орыс қарты ортаға шығып, думанды одан әрі қыздырып жібергені тіпті ерекше салтанатқа айналды.
Осы белсенділіктің, көтеріңкі көңіл күй көрінісінің біразын сырттан келген бақылаушылар да, депутаттыққа кандидаттардың сенімді өкілдері де сүйсіне тамашалады. Бұл учаскеге бұл күні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ОБСЕ) үш өкілі, ТМД елдері халықаралық бақылаушыларының үш өкілі келіп, дауыс беру барысының халықаралық талаптарға сай жүргізіліп жатқанына ризашылықтарын білдіріп кетті.
Сөйтіп, әсерлі думан, тәтті тағамдар жәрмеңкесі, ұйымдастырылған, түрлі сыйлықтар үлестірілген, дауыс берушілердің барлығын жадыратқан науқан №29 учаскеде осылайша мереке ретінде өтті.
***
Ақтөбе қаласындағы №121 сайлау учаскесіне таң алакеуімнен халық көп жиналды.
«Болашақ» шағын ауданындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында орналасқан сайлау учаскесі таңғы сағат 7.00-де сайлаушыларға есігін айқара ашты. Сайлауға депутаттықтан үміткерлердің сенімді өкілдері мен байқаушылар да қатысты. Сайлау күні халықтың көңіл күйі көтеріңкі болды. Бұл жерде өнерпаз балалар сайлаушыларға концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Өз дауысын берген тұрғындар мерекелік шараны тамашалап, жәрмеңкеден арзан бағасына азық-түлік алып жатты.
Гір спортынан әлемнің 12 дүркін чемпионы Евгений Гончаров сайлауға екі қызын ертіп келді. Сайлау тәртібімен өз таңдауын жасағаннан кейін спортшыны сөзге тартқан едік:
— Бала күнімде анам мені ылғи сайлауға ертіп баратын. Сондықтан тез 18-ге толып, ата-анам секілді мен де сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасауға асығатынмын. Мен кішкентайымнан ата-анамнан үлгі алдым. Енді қазір сайлауға балаларымды ертіп келетін болдым. Ел болашағы үшін саяси маңызды шараның қалай өтетінін, тәртібін олар да жастайынан біліп, өсуі тиіс. Болашақта олар да қуана сайлауға барып, өз таңдауын жасауы қажет, — деді Е.Гончаров.
Сайлау учаскесіне ертемен келіп, дауыс бергендердің бірі — Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университетінің оқытушысы Тұрғаналы Масинов.
— Әуелі учаскеде сайлаушылардың тізімі ілінгенде арасынан өз аты-жөнімді таппадым. Кейін қостырып, сайлау болатын күнді тағатсыздана күттім. Сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын байқадым. Сайлаудың маңыздылығы — әрбір азаматтың дауыс беруінде. Мен де өз таңдауымды жасадым, — дейді Т.Масинов.
№121 сайлау учаскесінің төрайымы Сәуле Қазинаның айтуынша, сайлаушылардың арасында жастар мен зейнеткерлердің белсенділігі жоғары болыпты. Арбаға таңылған мүгедектер де келіп, өз дауысын берген. Сайлау учаскесінде ең бірінші дауыс берген азаматтар мен туған күн иелеріне арнайы сыйлық үлестіріліп жатты.
***
Ақтөбе қаласындағы №28 мектепте орналасқан №48 сайлау учаскесіне дауыс беруге ағылған жұрттың легі кеш батқанша толастаған жоқ.
Сайлау комиссиясының мүшелері таңертеңгі сағат алтыда учаскеде болды. Ал сағат жетіден бастап учаскенің алдында күй ойнап тұрды. Комиссия мүшелері жұмысын уақытында бастап кетті. Алғашқы болып келген бес адамға арнайы сыйлықтар берілді. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Роза Қорғанбекованың айтуынша, учаскеге Әбілқайыр хан даңғылы мен Есет батыр және Ш. Қалдаяқов көшелеріндегі 22 үй қарайды. Барлығы 1417 адам келуі тиіс болса, түскі сағат он екіге дейін 800-ге жуық адам келіп дауыс берді.
— Учаскеге қарасты аумақтағы тұрғындардың барлығы бірінші рет дауыс беріп отырған жоқ. Бұған дейінгі сайлау науқаны кезінде де белсенділік танытты, яғни сайлаушылардың барлығы бізге жақсы таныс. Алдын ала шақырту қағаздарын жібердік. Жүзге жуық зейнеткерге комиссия мүшелері хабарласып, жүре алмайтындарына үйлеріне барып дауыс беруге жағдай жасады. Жиырма адам үйде дауыс берді. Жалпы сайлаушылардың белсенділігі жоғары болды. Көңіл-күйлері көтеріңкі. Ешқандай заңбұзушылықтар, түсініспеушіліктер орын алған жоқ, — деді комиссия төрағасы.
Аталған сайлау учаскесінде онға жуық тәуелсіз бақылаушылар болды. Оның ішінде «Ақ жол», «Бірлік», «Нұр Отан» партиялары мен өзге де ұйымдар бар. Сондай-ақ бақылаушылар қарт адамдардың үйіне бірге барып, сайлаудың әділ өтуін қадағалады.
***
Ақтөбе қаласындағы №13 сайлау учаскесінде де дауыс берушілердің қатары көп болды. Мұндағы істің басы-қасында жүргендердің айтуынша, еліміздегі маңызы зор шараға үлкен-кіші жаппай белсенділік танытқан.
Шаһардың ескі бөлігіндегі №22 орта мектептің ғимаратында орналасқан сайлау учаскесінің хатшысы Сәлима Айтжановадан білгеніміздей, тұрғылықты мекенжайы бойынша ұзын саны 2294 адам осында сайлаушы ретінде тіркелген. Солардың 50 пайызға жуығы, яғни мыңнан астамы өз таңдауын түске дейін жасап үлгерген.
— Бір қуантарлығы, таңертеңнен бастап келіп, өз дауысын беріп жатқан ақтөбеліктерде есеп жоқ. Әрі барлығы көтеріңкі көңіл күймен келіп жатыр.
Таңғы сағат 7.00-де Патоличев көшесіндегі көп қабатты үйдің тұрғыны ең бірінші боп дауыс берді. Сол кісіге және кәмелет жасына толып, саяси шараға алғаш рет үнін қосқан 21 қыз-жігітке естелік сыйлықтар табыс етілді, — дейді ол.
Мемлекеттің Елтбаңбасы бейнеленген «көшпелі жәшікке» 80 сайлаушы үйінен дауыс беруге өтініш білдірген. Олар — жүріп-тұруы қиын зейнеткерлер және мүгедек жандар.
Өз кезегінде аталған сайлау учаскесінің бақылаушысы Райхан Монтаеваны әңгімеге тартқанымызда, ол ешқандай тәртіп бұзушылықтың тіркелмегенін жеткізді. Тұрғындардың барлығы Конституциялық құқығын талапқа сай орындаған.
Сәлима Айтжанова №13 сайлау учаскесінде Орталық сайлау комиссиясының делегаттары мен үміткерлердің сенімді өкілдерін есептемегенде, бақылаушылардың да қызмет еткенін айтты. Жалпы, бұл нысанда 7 адамнан құралған комиссия болды.
***
Ел өмірі үшін маңызды саяси науқан күні Ақтөбедегі «Алақай» қуыршақ театры келушілерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Алыстан естілген музыка дауысы, театр маңындағы коммуналдық сауда орнындағы жайма базар, бәрі де электорат үшін жасалғандай әсер берді.
Театр ғимаратында орналасқан №36 сайлау учаскесінде тізім бойынша 2758 адам тіркелген. Учаске төрағасы Нұржамал Қасымованың айтуынша, дауыс берушілер өте белсенді болған. Күндіз жасы үлкен азаматтар көп келсе, түс ауғаннан кейін жастар жағы белсенділік танытқан.
— Бұрынғы сайлауларға қарағанда азаматтардың белсенділігі артқан секілді. Әсіресе, қарттар өз таңдауын жасауға үлкен жауапкершілікпен қарайды. Электорат арасында 84-85-тегі ата-әжелеріміз бар. Бірінші рет дауыс берген 8 адам, үйден дауыс берген 18 адам бар. Негізінен осы аумақта Ақтөбе хром қосындылары, ферроқорытпа зауытында жұмыс істейтін адамдар тұрады. Олар да белсенді келіп жатыр, — дейді Нұржамал Қасымова.
Учаске төрағасының айтуынша, 1 адамға есептен шығару талоны берілді, ал есепке тіркелу талонымен 18 адам дауыс берген.
***
Ақтөбенің 11-шағын ауданындағы №35 орта мектептің ғимаратында орналасқан №110 сайлау учаскесіне тіркелген сайлаушылар таңғы сағат алтыдан бастап дауыс беруге асықты.
Мектеп жақтан естіліп жатқан патриоттық әндер сайлаушылардың рухын көтеріп тастайды. №35 мектептің 8-сынып оқушылары Әсем Базарова мен Аружан Саудабекова «Атамекен», «Саржайлау», «Туған жер» , 7-сынып оқушысы Ерасыл Меңдіғалиев «Қазақ жастары» әндерін шырқаса, Әлиәкпар Тұрланов «Еркесылқым» күйін төгілтті. Мектеп хореографы Ерсейіт Мәдидің шәкірттері бірнеше би орындады. Мектепке кіреберісіндегі көкөніс пен тәтті-дәмділердің саудасы да таңертеңнен бастап қызып жатты.
Сайлау учаскесі төрайымы Армангүл Биғалиеваны сөзге тарттық:
— Біздің учаскеге 1656 сайлаушы тіркелген, түске дейін 500-ге жуық адам дауыс беріп үлгерді. Сайлаушылар жауапкершілікті сезініп, асықпай келіп жатыр. Әсіресе, 40-50 жас аралығындағы ересек адамдар: «Біз еліміздің болашағы болып табылатын немерелеріміз үшін дауыс береміз. Кәсіби білікті, елінің қамын ойлайтын азаматтар депутат болса дейміз», — дейді. Өзім он бір жылдан бері сайлау жұмысына қатысып келемін. Қай уақытта да проблема туындап көрген жоқ, — деді ол.
Республикалық сайлау комитетінің бақылаушысы Ләйлім Орынбасарова:
—Таңғы алтыдан бері отырмын. Тыныш өтіп жатыр, ешқандай құқықбұзушылық болған жоқ, — дейді. Ал қалалық мәслихатқа депутаттыққа түсіп жатқан Асхат Қабиевтің сенімді өкілі Әлібек Орынов, облыстық мәслихатқа депутаттықтан үміткер Апуажан Төлегенованың сенімді өкілі Гүлсім Сағындықовалар сайлаудың талапқа сай өтіп жатқанын айтты.
№110 сайлау учаскесіне келгендердің ішінде 5 адам алғаш дауыс берді. Сайлау комиссиясының мүшелері 17 сайлаушының үйіне барып, дауыстарын беруге мүмкіндік жасады.
Сондай-ақ сайлау аяқталуға шамалы қалғанда ТМД елдерінен келген бақылаушылар Александр Калинин мен Ольга Максимова сайлау учаскесіне бас сұғып, оның қалай өтіп жатқаны туралы ақпарат алды.
Сайлауға барлығы 1202 адам қатысып, өз таңдауларын жасады.
Сәлима Жанаева, зейнеткер:
— Мен сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасадым. Бұл — азаматтық міндетім. Елімнің болашағы, тыныш бейбіт өмірі үшін дауыс бердім. Осы күнгі өмірімізге ризамыз, Құдай соғыстың бетін әрі қылсын. Қолда бардың қадіріне жете білгеніміз жөн, — дейді.
***
№19 орта мектепте орналасқан №60 сайлау учаскесінде көңілді патриоттық әндер алыстан естіліп, мерекелік күйді білдіріп тұрды. Мектеп дәлізінде азық-түлік, тәтті тоқаштар жәрмеңкесі ұйымдастырылыпты.
Әуелі ертемен келіп, дауыс берген белсенді он сайлаушыға сыйлық берілді. Мұнда енді ғана 18-ге толған 12 жас сайлаушы алғаш рет дауыс берді. Солардың бірі — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің І курс студенті Диана Жаһангерқызы: «Сайлауға алғаш рет қатысып, өз таңдауымды жасау арқылы өз елімнің дамуына үлес қосқаныма ризамын», — дейді. Осы сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Аймен Бертілеуова Диананы құттықтап, оған сыйлық табыстады.
— Біздің учаскеде 2269 сайлаушы бар. Оның 33-і — үйден дауыс беретіндер. Олардың дені — егде жастағы қариялар, ардагерлер, мүгедектер. Араларында атақты ардагерлер де бар. Мысалы, сайлаудан бір күн бұрын ардагер Мұса Алданиязовтың үйіне барып, жағдайын білдік. Тоқсанға жеткен ақсақал кемпірімен бірге келетінін айтып еді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты, таңертең біз олардың үйлеріне адам жібердік. Біздегі есеп бойынша, сайлауға учаскедегі 1989 адам дауыс бергені, яғни 87 пайыз белсенділік анықталды, — дейді Аймен Бертілеуова.
Ал Қазақстан Республикасындағы сайлауды қадағалау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның байқаушысы Әсия Рахманова:
— Учаскедегі мерекелік көңіл күй болды. Тұрғындардың бірі отбасымен, тағы бірі достарымен бірге келді. Ешқандай тәртіп бұзылған жоқ. Сайлаушылар ешкімнің қыспағынсыз өз таңдауларын жасады, олардың Конституциялық құқықтары сақталды, — дейді.
***
Сайлау Ақтөбе қаласындағы Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектепте орналасқан №11 сайлау учаскесінде де ұйымшылдықпен басталды. Таңғы сағат 7.00-ден бастап учаскеге ағылған тұрғындардың сайлауға ерекше ықыласпен келгендері көрініп-ақ тұрды.
Ал сайлау комиссиясының құрамы келушілерге қолайлы жағдай жасап, тұрақты мекенжайларына сәйкес қабылдау шараларын жүргізді.
№11 сайлау учаскесінің төрайымы Шолпан Жанғалиеваның айтуынша, аталған сайлау учаскесіне 2414 сайлаушы тіркелген. Оның 1920-сы өзінің азаматтық міндетін атқарып, таңдауын жасаған. Оның ішінде 37-сі — өз өтініштері бойынша үйден дауыс бергендер. Олардың қатарында қариялар мен мүгедектер бар.
- Таңғы сағат алтыдан бастап комиссия мүшелері жиналып, сағат жетіде заң бойынша сайлау учаскесін ашып, сайлаушыларды қабылдадық. Біздің учаске бойынша облыстық мәслихатқа үш адам, қалалық мәслихатқа үш үміткер болды. Тұрғындар өз таңдауларын жасап, дауыс берді. Ешқандай заңбұзушылықтың орын алмай, сайлау өз тәртібімен өтті, — дейді Ш.Жанғалиева.
Аталған сайлау учаскесінде «Нұр Отан» партиясы мен білім беру саласынан бөлінген 4 бақылаушы сайлаудың әділ өтуін қадағалап, сайлаушылардың сыртынан бақылап отырды.
Республикалық қоғамдық бақылау комиссиясының өкілі Кенжегүл Салықованың айтуынша, сайлау учаскесінде ешқандай құқықбұзушылық орын алмаған.
Айта кету керек, сайлауда көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын патриоттық әндер шырқалып, жәрмеңке ұйымдастырылды.
***
Ақтөбе қаласына қарасты Жаңақоныс ауылындағы №105 сайлау учаскесінде 2291 (79,3 пайыз) адам өз таңдауын жасады. Олардың ішінде биыл 18-ге толған 6 жас алғаш рет маңызды шараға қатысты.
Аталған сайлау учаскесі өз сайлаушыларын әсем сазды әуен, күмбірлеген күймен қарсы алды. Сайлаушылардың да көңіл күйі көтеріңкі. Негізінен бұл сайлау учаскесіне 2918 адам бекітілген.
— Денсаулығына байланысты 30 адам сайлау учаскесіне келе алмайтындығын айтып, жазбаша өтініш жазған болатын. Сол кісілердің үйлеріне барып, үйінде дауыс беруді ұйымдастырдық, — дейді №105 сайлау учаскесінің төрайымы Ақгүл Қисықова.
Сайлауды бақылау бойынша республикалық қоғамдық комиссияның облыстық филиалының өкілі Толқын Қуанышбайдың айтуынша, №105 сайлау учаскесінде саяси науқан өз деңгейінде өтті.
— Сайлаушылар ертемен келді. Таңғы сағат 7.00-ден 8.00-ге дейін 95 адам дауыс берді. Таңғы 9.00-ден 10.00-ге дейін 497 сайлаушы өз таңдауын жасады.
Сайлауға келген адамдар мереке жиналғандай көңіл күйде болды. Бәрінің жүзінде күлкі ойнайды. Тіпті, кейбір сайлаушылар шашу шашты, — дейді тәуелсіз байқаушы.
Сайлауды ұйымдастырушылар сайлауға таңертең ерте келген, сайлауға алғаш қатысқан сайлаушыларға сыйлықтар берді. Дәл сайлау күні 50 жасқа толған Рая Құрманғалиеваға да құрмет көрсетіліп, сыйлық тару етілді.
Нұрбек ІЛИЯС, ең жас сайлаушы:
— Наурыздың 3-і күні 18 жасқа толдым. Мұнда таңғы сағат 7.00-де келдім. Ел болашағы үшін маңызды саяси шараға қатысып, өз таңдауымды жасадым. «Нұр Отан» партиясына дауыс бердім. Сайлауға бірінші рет қатысқаным үшін №105 сайлау учаскесінің төрайымы Ақгүл Қисықова сыйлық тарту етті. Өзім сайлау ұйымдастырылып жатқан осы мектепте — Жаңақоныс орта мектебінде 11-сыныпта оқимын.
***
Ақтөбе қаласының №103 сайлау учаскесі бойынша дауыс беруге барлық тіркелгендердің 68,47 пайызы келді.
Аталмыш сайлау учаскесі Ясный-1 ауылындағы Ақтөбе орта мектебінде орналасқан.
— Біздің сайлаушыларымыз — Ясный-1, Ясный-2 ауылдарының және құс зауыты ауданының тұрғындары. Тізімде 1744 сайлаушы бар. Мүмкіндіктері шектеулі мүгедек және қарт адамдардың үйінен дауыс беруіне жағдай жасалды, олардың саны — 69. 18-ден енді ғана асқан 20 жас дауыс беру құқықтарын бірінші рет пайдаланып, өз таңдауларын жасады, — дейді сайлау комиссиясының төрайымы Гүлшат Ғабдрахманова.
Ауыл адамдарының бірқатары ерте қамданып, сағат таңғы 5 жарымның кезінде-ақ сайлау учаскесінің алдына келіп тұрыпты. Жалпы, сайлаушылардың белсенділігі таңертеңгі уақытта жоғары болды. Алғашқы екі сағат ішінде барлық сайлаушылардың алтыдан бірі дауыс берді.
Сайлаушылардың бірі, зейнеткер Зәуреш Аманғалиева:
— Төрт бала тәрбиелеп-өсіріп, немерелер сүйіп отырмын. Сайлау — еліміздің, ұрпағымыздың болашағы үшін маңызды оқиға. Сондықтан сайлаудан шет қала алмаймыз. Отбасымызбен келіп, өз қалауымызды білдірдік, — дейді.
Сырттан қараған адамға бұл жер тап бір мереке болып жатқандай әсер қалдырады. Арнайы рұқсат алған ауыл тұрғындары сайлауға келген жұртшылыққа дайын өнімдер, жемістер, көкөністер сатты. Бір ауылда, бір көшеде тұрғанымен, былайғы кезде жұмысқа ерте кетіп, кеш келіп дегендей, бірін-бірі апталап көрмейтін жандар дауыс беріп болғаннан кейін де кете қоймай, «Наурыз құтты болсын!» айтысып, көрісіп, шүйіркелесіп, мәре-сәре боп жатты. Көпшілігі мектеп оқушылары әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады.
Бұл учаскеде дауыс беру барысын республикалық сайлауды бақылау жөніндегі қоғамдық комиссияның бақылаушысы Айдана Қанат, «Нұр Отан» партиясы тарапынан Ботагөз Сламбаева, облыстық және қалалық мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сенімді өкілдері бақылады.
***
Сайлау күнгі ауа райы онша қолайлы бола қойған жоқ. Екі тәулік бойы толассыз жауған қар, әсіресе, қаланың шеткі аумақтарын қатты басты. Ал Ақтөбе қаласының Заречный-2 аумағындағы мектеп-балабақша ғимаратына орналасқан №113 сайлау учаскесіне дауыс беруге осы төңіректегі саяжайларда тұратын сайлаушылар да келетін еді. Бұрынғы өткен сайлауларда бұл аумақтағы тұрғындар учаскеге негізінен көлікпен келуші еді. Бұл жолы жеңіл көлікке қалың қардың бөгеті болды ма екен, жаяу жүргіншілердің қарамы көп болды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, асты бір жерде шылқыған су, бір жерде көкмұз, наурыздың оппа қарын кешіп сайлаушылар дауыс беруге үздіксіз ағылып жатты.
Сайлау учаскесінде дауыс берушілерге қолайлы жағдай жасалып, мінсіз қызмет көрсетілді. Дауыс беру бюллетенін беруде, оңаша бөлмелер мен дауыс беру жәшігі алдында бөгеліс болған жоқ. Бақылаушылар мен үміткерлердің сенімді өкілдері де белгіленген орындарында қатысып отырды. Ың-шыңсыз тыныштық сақталды. Сайлау комиссиясының тез және мінсіз қызмет көрсетуінің арқасында дені түске дейін дауыс берген сайлаушылар риза болып тарасты. Біз олардың бірнешеуімен тілдесе алдық.
Айгүл Төремұратова:
— Мен алғаш рет дауыс бердім. Сайлау парағының тізімінде партиялардың саны көп екен. Бірақ мен алаңдамастан өз даусымды «Нұр Отан» партиясына бердім.. Себебі, бұл партияның қызметін қазіргі кезде көріп отырмыз. Сайлауалды бағдарламасы да ұнайды, ұстанымы — тұрақтылық, жасампаздық. Бюллетеньге енгізілген қалалық, облыстық мәслихаттың депутаттығына үміткерлер де жалғыз емес, баламалы көп екен. Өз таңдауымды жасадым. Жасырмаймын, қалалық мәслихаттың депутаттығына үміткерлердің ішінен өз дауысымды өзге ұлттың өкіліне бердім. Біз көпұлтты елміз, сондықтан осындай шешім жасадым.
Ілес Кәрімов:
— Біз аталық жастағы, өмір көрген адамдармыз. Қоғамның артықшылығын да, кемшін тұсын да сезініп отырмыз. Сондықтан сайлауға қатысып, азаматтық құқымызды білдіру борышымыз деп есептейміз. Қай сайлаудан да қалыс қалып көрген емеспін. Бұл жолы да дауыс беруге отбасымызбен ертелетіп келдік. Партияға дауыс берген кезде ойланып, өз таңдауымды жасадым. Ал қалалық, облыстық мәслихаттың депутаттығына баламалы үміткерлердің біреуінен өзгесі мен білмейтін, белгісіз адамдар болып шықты.
Сайлау учаскесінде сайлаушыларға сауда қызметі де көрсетілді.




