Басты жаңалықтарМереке

Мешін деген не?

Мешін жылы табалдырықтан аттаған сайын мешін деп маймыл туралы жазамыз. Ал шын мәнінде  мешін деген не? Бұл туралы интернетте жарияланған материалдарды шолып шыққан едік. Сонымен…

 Мешін — суда жүретін қоңыз

 Ғаламторда ҚР Журналистер одағының мүшесі Мұратбай Ұлықпан мешіннің маймыл емес екенін айтады.

«Бұл — жаңсақ пікір. Григорян күнтізбесіндегі маймылдың суретін көріп, оның астындағы «Год обезьян» деген жазуды да оқып жүрміз. Себебі, орыста «Мешін» деген сөз де, ұғым да жоқ. Мысалы, «Мешін» деген сөз де, жыл да өзбекте де жоқ. Өзбек Мешін жылын «Маймун ийли» дейді. Яғни, «Маймыл жылы» дегені. Тағы да өзбекте «Балық жылы» деген де бар. Ол — біздегі Ұлу жылы. Алматыдан 2013 жылы шыққан «Қазақ сөздігінің» («Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі») 927-бетінде «Мешін 1.Маймыл. 2. Астр. Ескіше жыл қайырудағы тоғызыншы жылдың аты. Мешін — суда жүретін қоңыз» деп нақты тұжырым жасамай, екіұштылау етіп кеткен. Иә, мұндағы мешінді маймыл деуі «әлемдік тәжірибе» деген сияқты бүгінгі таңдағы кеңінен етек алып бара жатқан жаңа үрдістің көрінісі секілді. Ал, екіншісі, ескі жыл қайтарудағы тоғызыншы жылдың аты екендігі әлмисақтан белгілі. Үшінші, мешінді суда жүретін қоңыз деуі сәл шындыққа жанасып, ақиқаттыққа жақындайды. Негізінде соңғысы дұрыс. Шын мәнінде Мешін хайуанатқа жатпайды, жәндіктер тобына кіреді. Себебі, мешін маймыл емес.

Біз де бала болдық. Біз де ауылда өстік. Қой бағып жүріп ауыл балаларымен бәстесіп, су бетінде ызғып жүрген мешіндерді ұстап жарысатынбыз. Әрине, қанша тырыссаң да мешіндер ұстата қоймайды. Қолға түсіру өте қиын. Себебі, шапшаң қимылдайды. Мешіннің үлкен түрінің бар пошымы сіріңке (оттық) талының бүтінінен кіші, жартысынан сәл үлкендеу. Бөлініп қалған судан қалайда секіріп-секіріп үлкен суға қосылады. Ұшпайды, қанаты жоқ. Есесіне ұзын-ұзын төрт аяғы бар. Сол аяқтарымен жылдам қимылдап, судың бетінде жүреді. Суда жүргенде ащы суға жоламайды, тұщы, лайланып ағатын суда өмір сүреді.

Мешіннің екінші түрі және бар. Ол жоғарыда айтқанымыздан да шапшаң. 40-50-і бір жерді айналып қимылдайды. Оны ұстау тіпті мүмкін емес. Дегенмен, қазақтың қарттары «Мешін деген, міне, осы» деп айтып отыратын. «Мешін үнемі суда тірлік кешкендіктен ауа райы суық, ауырлау жыл болады» деп ел-жұрттың амандығын тілеп отыратын сәттері көз алдымызда қалыпты».

 Мешін — балық

 Мешін туралы ізденіп, тың дерек келтіргендердің бірі — «Парасат» журналының бас редакторы Серік Әбікен. Автордың интернетте жарияланған мақаласынан үзінді келтіріп отырмыз. Оның айтуынша, қазақ мүшелге киелі жануарларды енгізген. Жылсанақ алты арам, алты адалдан есептеледі.

«Қой, жылқы, сиыр, қоян, тауық — адал, тышқан, жылан, ұлу, доңыз, ит,  барыс  — арам. Оған мешінді қоссақ арам жетеу болады. Адалдықты арамдыққа бастыру қазақы түсінікке жат. Балық десек тепе-теңдік сақталады. Осы бағытта ізденіп едім, бірнеше қызық мәліметке жолықтым. Қытай-Моңғол шекарасында Мечин-Ула деген тау бар екен. Ол Қарлы Таг, Баркол-Таг қыраттарымен ұласып жатыр. Таныс сөздер емес пе, Қарлы тау, Баркөл тауы?! Ал Мечин деген атау тау қойнауы толған жылтыр кристалл күнге керемет шағылысатындықтан қойылған болуы керек. Мешін деп моңғолдар Үркерді (шоқжұлдыз) айтады екен. Сонда бұл Мечин Улуың бізше Ұлы Үркер тауы боп шыға келеді. Ең қызығы сол, шоқжұлдыздың суретіне қарасаң пішіні балыққа келеді. Бұл тек сәйкестік пе? Мешін сөзі бізге моңғолдан келуі мүмкін бе? Мүмкін…  Мүмкін дейміз-ау, Орхон-Енесей бойындағы, VІІІ ғасырда қаза тапқан  Күлтегін бабамыздың  ескерткішінде «қой жылы қайтыс болды… мешін жылы ескерткіш қойдық» деп жазылып тұр ғой. Сондықтан «мешіннің» түпкі егесі кім екені тіл ғалымдары жабыла зерттейтін мәселе. Мүшел санайтын елдер арасында әзірбайжан, өзбек секілді 2-3 халық қана мешінді маймул, маймун жылы деп атайды. Бірінші әзірбайжан бауырларға тоқталсақ. Оларда маймул бар, ұлу жоқ. Ұлуды алып тастап орнына… балықты қойған?! Мүшелдерінің  5  жылы — балық! Ол   түркілерге түсініксіз екі мақұлықтың бірі ұлуды  ығыстырған. Ұлу атауының  неге түсініксіз екеніне кейінірек тоқталамыз. Бастысы, әзірбайжан ағайындардың кестесінде балық бар. Өзбектердің маймуны да кірме сөз болуы әбден мүмкін. Өйткені мұсылман халықтарда «маймун» деген бақытқа бөленуші, жетуші (ар.) дегенді білдіреді. Дербентті билеген Маймун әл-Хашим, Маймун әбді-Мәлік, т.б. патшалардың есімі бұл сөздің қаншалықты қадірлі екенін байқатады. Мұсылман өзбектер мұны білмеуі мүмкін емес, сондықтан олардың маймуны қазақтың маймылы мен әзірбайжанның маймулы іспетті пайда болған сөз секілді.  Мешін мен маймылды бір ұғымға айналдырудың жаңылдыратынын моңғол тектес, РФ құрамындағы  қалмақтардан байқауға болады. Олар  «Усун мэчин» дегенді су маймылы деп аударып жүр, биыл да  жаратылысқа жат мақұлықтың жылын  қарсы алды.  Басқа халықтардың мейхим, мейчин, мачін, писиндерінің  бәрі қазақтың мешініне үндес, мәндес  келеді. Ешбірі мешінді маймылдың синонимі есебінде қабылдамайды. Шеркеш, абазиндер «мешін деген қызыл қоңыз» деп есептейді. Кәдімгі бала кезімізде «ел қайда, су қайдалап» саусақтан үрлеп ұшыратын,  қара ноқаттары  бар қызыл қоңыз!  Ал түркінің алтын бесігі болған Алтайдың тұрғындары мен Ресейдің Батыс Сібіріндегі ат төбеліндей төлеуіттер мешіннің шоқжұлдыз екеніне шүбә келтірмейді. Олар үшін  мешін 8-жыл, былтыр өткізіп жіберіп, биыл қойды қарсы алды. Бұл — мүшел санағындағы қалыпты жағдай. Халықтардың барлығы санақты тышқаннан бастамайды, мысалы, қалмақтарға бірінші жыл — жылан, ұйғырлардың бір бөлігі үшін — ұлу… Қазіргі моңғолдар маймылды сармагчин дейді екен. Мешіннің мағынасынан осымен байланыстыратындар  бар. Бірақ тілімізге жат емес «сар» деген тұтас буынның  жойылып кетуі мүмкін еместей. Моңғолдың «маймылын» қабылдасақ, жылымыз сармағшын я сарымешін аталуы керек еді?! Және мешіннің «арғы атасы» сармагчин болса,  барлық  халықтар ұмытып қалуы мүмкін де емес. Одан көрі алтайлықтар мен төлеуіттердің шоқжұлдызына үндесетін «мэчин» көңілге қонымды. Екінші мысал, антикалық әдебиетте көкке тіреу болған Атлант пен Плейонадан туған 7 нимфа-қыз жайлы аңыз бар. Плейона — Океан (Мұхит) титанның үш мың қызының бірі. Нимфалар — сылдыраған бұлақтың, сарқыраған өзеннің, самал желдің адами образы. Тағы да алдымыздан суға қатысты ұғым шығады. Сол қыздарды Орион қуалап, өлтірмек болады. Мұхиттың үрім-бұтағы құтқара алмаған қыздарды Зевс әке-шешелерімен бірге жұлдызға айналдырады… Осы тұста өз әкемнен естіген Үркердің сұлу қызы жайлы аңыз еске түсті. «Жеті қарақшы Үшарқарды (Үркер) ұстап алса, оның қос жүйрігін тартып алады да, Үркердің сұлу қызын қуып жетеді» дейтін оңашалау үш жұлдызды көрсетіп. Антикалық әдебиетпен салыстырсақ Үшарқар қыздардың соңында кетіп бара жатқан Атлант пен Плейона және сіңлілерінен сәл қалып қойған Алкиона. Әкем «Қарақшылар Үшарқарды ұстаса ақырзаман болады» дейтін. Демек, қуғыншыдан аспанға қашқан қыздар жайлы аңыз қазақта да бар. Үркерді қатты қадірлеген қазақ орта ғасырларда моңғолдан мешін деп қабылдаулары мүмкін бе, оның көзге қанаты жайылған балықтай көрінетін пішініне қарап «балық» деулері мүмкін бе? Оның үстіне қазақтың жайсыздау келетін жылды «тас мешін» дейтіні бар. 19-20 жылдардағы, 32-33 жылдардағы ашаршылықтар осы «тас мешінде» болған…  Үшінші мысал «Мүшелге енетіндей балықтың не қасиеті бар?» деген сұраққа жауап берсін. Қазақ Тәңірге сыйынған кезеңді шолып көрелік. Түркі аңызы «Жұмыртқадан Тәңір шыққан, ол жұмыртқаның астыңғы қабығынан Жерді, үстіңгісінен Көкті  жаратқан» деп басталады.  Бұл аңызбен таныс ағайын Сумер тауын, Сүткөлді де білер… Жердің қақ ортасында тұрған заңғар  Сумер-Хан Тәңірі.  Түркі түсінігіндегі үш әлем — Төменгі, Ортаңғы және Жоғарғы  әлемдерді байланыстыратын, көкпен таласқан басын Тәңір тұрақ еткен алып Бәйтерек дәл осы Сумердің шыңында өседі. Одан әріректе Сүткөл. Ол көл… Кер балықтың мекені!  «Жан-ұрықтың барлығы осы  Кер балықтың ішінде жаратылады. Ол  жан-ұрықтарды Жер-Су иесіне  тапсырады. Жер-Су иесі болса жаны барды қолдап, қорғаушы Жайыққа (әруақ)  аманат етеді».   Ал керек болса! Бағзы түркінің ұғымында барша жаны бардың анасы Балық болғаны ғой…  Кер — үлкен, зор, алып деген тек айқындаушы ғана. Осыдан барып Құбылайдың Бейжіңді неге Ханбалық деп атағанынан да түсінуге болатындай.  Ханбалық – сол кезеңде Тәңірдің ұлы Шыңғыс  қаған ұрпақтарына аманат еткен алып империяның ордасы, астанасы, күретамыры болған.  Жиһангез Марко Поло оны «камбала» деп жазыпты. Ұлтымыз 13 ғасырдан бері ұстанып келе жатқан Ислам дінінің қасиетті кітабы Құранда  да  «балық судағы ең таза жәндік» делінген.  Асыл дініміз теңіз суымен дәрет те алуға, оның жан-жануарларын түр-кескініне қарамай азық етуге рұқсат етеді. Балық —  адал-өлексе. Желбезегі Жаратушы бауыздауы саналады.  Нұқ пайғамбар заманында мейманасы тасыған бір патшаның «Менің құдіретім шексіз, аспандағы Алла Тағаланы да атып түсіремін» деп көкке қарай жақ тартқанын қарттардан естіп едік. Алла әмірімен періштелер жебеге балықты көлденең тартып, оқ оның оң жағынан кіріп, сол жағынан шығады. Сол жебе тиген жер — желбезек. Алла Тағала пенделігі асқынғанын  патшаның ел алдында мәртебесі түспегенін қалаған екен. Ал кәпір жебесіне байланған балық содан беріде адал саналады. Мұндай қазақы аңыздарға  Алланың әмірімен  Жүніс пайғамбарға алып балық көмекке келетінін де қосса болар…

Қорыта айтқанда  мүшелдің ұлттың салт-дәстүр, сенім-нанымымен бірге дамып отырғаны байқалады.  Осы жазбаға түрткі болған мешінге оралсақ,  алтайлықтар, төлеуіттер, моңғолдар айтатын мешін шоқжұлдызы жайлы аңыз тегін емес. Оның қазақтың Үркері екенін, Үркердің  шашыраңқы сәуле шашқан  алты және балық құйрығына ұқсас үш жұлдызы көзге алып балықтай көрінетіні, мұның Мұхиттың 7 қызына (суперілері) қатысты көне грек әпсанасымен астарласатыны айтылды…   Сол аспандағы алып мақұлық образы түбі түркінің есіне Кер балықты түсіруі мүмкін ғой. Оған Ислам діні әкелген қиссаларды қосыңыз!  Содан барып  «Әзірбайжан бауырының санағында бар балық қазақтың мүшелінде  неге жоқ?» деген сұрақ туындайды!  Уикипедияда «Қазақстанның кей өңірлерінде су кенесін мешін деп атайды» деп жазылып тұр. Тамырлас халықтардың біразы «мешін — су құрты» дейді… Мешін деген беймәлім мақұлық туралы аңыз-әпсананың бәрі дерлік судағы тіршілік иесіне алып барады. Осыны  електен өткізейік?! Атап өтетін тағы бір мәселе, біз мүшелдегі жануарларды қытай жыл санауымен салыстырамыз, шығыс күнтізбесін солардан көшіріп алғанымызға сенімдіміз. Бұл ғылымда да даулы екенін, «қытай империялары түркі күнтізбесін сіңірген!» деген тағы бір бағыт барын ескермейміз. Қытайлар бір кездері 60 жылдық циклдан  есеп жүргізген.  Хань кезеңіндегі (б.д.206-220 жылдары) қола шарайналарға салынған мақұлықтардың қазіргі жануарлармен кірікпей қалуына сол себеп. Жыл санауды зерттейтін қытайлық ғалымдардың өздері  «Юпитердің 12 жылда Күнді бір мәрте айналып шығатынын ең әуелі көшпенділер  білген.  Және сол Юпитер жолын жұлдыз есептеу арқылы 30 градустан он екі кезеңге дәл бөліп, әр кезеңді аң-құс атауымен белгілеген» деген  ойды жиі айтады. Демек  наурызда күн мен түн теңелетінін секундына дейін дәл есептей білген бабаларымыз «Шығыс календарі» аталып жүрген Ұлы жаңалықтың авторы болуы әбден мүмкін! Көшпенділердің аспан әлемін зерттей білген ғұламалығы жайлы  В.Л.Асмопованың «Древний китайский циклический календарь и восточный зодиак» деген еңбегінен де оқуға болады».

 Мешін маймыл емес…

Әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында журналист Дәулетхан Жиенқұлов былай дейді:

— Бала күнімде әкеміз Қыдырбайдан: «Мешін дегенді осы күні маймыл деп алды. Мешін деген маймыл емес, мешін деген балық. Өйткені егер мешінді маймыл деп қалдыратын болсақ, табиғи тепе-теңдік бұзылады. Жыл атауындағы 12 мақұлықтың алтауы арам, алтауы адал болуы керек. Бұл тепе-теңдік. Ал мешін маймыл болса, арам жетеу болып, адал бесеу ақ боп қалады. Қай жағынан алып қарасаңдар да, бұл дұрыс емес!» — дегенін бірнеше рет естіп едім. Өкінішке қарай, анықтап, байыбына барып, құнттап сұрап алмаппын. Жастау едік…
Осы күні мешінді маймыл деген сайын осы әңгіме есіме түсе береді. Қарап тұрсаңыз, ойланатын дүние ғой. Мақұл, маймыл делік. Онда біз неге «Мешін» дейміз. Біз де Маймыл жылы дей берейік те? Ал жаңағы табиғи адал мен арамның тепе-теңдігі ше? Жалпы жыл санауының өзі Шығыс, яғни Қытайдың күнтізбесімен есептеледі. Сол жыл санауында тек Мешін ғана емес атауы мен тұрқы бөлек боп тұрған. Мысалы, қазақ Қой жылы дейді, орыс «год Козы» дейді. Қазақ Ұлу жылы дейді, орыс та, қытай да «год Дракона», яғни Айдаһар жылы дейді. Біз Барыс жылы дейміз, олар «год Тигра» дейді.

Әзірлеген Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button