Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбеде қаржылық кластер құру ұсынылды

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышевқа Ақтөбеде Қазақстанның төрт батыс облысын қамтитын қаржылық кластер құруды ұсынды. Облысымызға жұмыс сапарымен келген Данияр Ақышев Ұлттық банктің Ақтөбе облыстық филиалының ұжымымен кездесті.

Кездесу кезінде Бердібек Сапарбаев облыстың экономикалық және қаржылық жағдайы туралы қысқаша мәлімет берді. Оның айтуынша, өңірдің экономикалық жағдайы тұрақты, қаржы тапшылығы байқалмайды. Халықтан банктердің қызметтері туралы ешқандай шағым түсіп отырған жоқ. Ақша айырбастау нүктелерінің жұмысы да ойдағыдай. Жалақы, зейнетақылар уақытында төленеді. Елбасының халықты жұмыспен қамтып, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу туралы тапсырмасы ойдағыдай орындалуда. Соңғы 2 айда инфляция деңгейі өткен жылмен салыстырғанда өсіп, 3,7 пайызды құраған. Бұған монополист мекемелер ұсынатын қызмет түрлері бағаларының өсуі себеп болған. Азық-түлік бағаларын тұрақты ұстап тұру үшін аймақтар арасындағы ішкі кооперация аясында Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарымен әріптестіктер құрылды.

Бердібек Сапарбаев кездесу кезінде Ұлттық банктің төрағасына олардың Ақтөбе облыстық филиалы негізінде қаржы кластерін құру туралы ұсынысын білдірді.

— Елбасы тарапынан Ақтөбе қаласының Қазақстанның төрт агломерациясының бірі ретінде белгіленгені белгілі. Қаланың дами түсуі үшін бізде қаржы орталығының ашылғанын қалар едім. Біз қазір медициналық, білім беру және ауыл шаруашылығы кластерлерін құру бойынша жұмыстар жасап жатырмыз. Олар тек Ақтөбе облысына ғана емес, Қазақстанның батысындағы барлық облыстарға қызмет көрсететін болады,  — деді ол.

Өз кезегінде ҚР Ұлттық банкінің төрағасы облысымызға Ақтөбе облыстық филиалының жұмыстарымен танысып, аймақтың қаржы нарығын дамыту мәселелерін талқылау мақсатымен келгенін мәлімдеді. Ол облыстық әкімдіктің Ұлттық банк филиалының жұмыстарына әрдайым қолдау көрсететінін атап өтті.

— Сондықтан біз жергілікті атқарушы билік органдарымен бірге мемлекеттің кез келген тапсырмасын орындауға дайынбыз. Ақтөбе облысы — Елбасының тапсырмаларын жүзеге асырып, халықты жұмыспен қамту бойынша еліміздегі басты аймақтардың бірі, — деді Данияр Ақышев.

Бас банкирдің мәлімдеуінше, облысымыздың банк секторында екінші деңгейлі банктердің 21 филиалы жұмыс жасайды. Аталған банк филиалдарының барлығы 107 құрылымдық бөлімшесінің 22-сі аудандарда орналасқан.

 Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button