Басты жаңалықтарЭкономика

Қаржы нарығындағы жағдай қалыпты

Кеше облысымызға жұмыс сапарымен келген еліміздің Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев облыс әкімдігінің ғимаратында екінші деңгейдегі банктердің облыстағы филиалдарының директорларымен, сақтандыру компанияларының  басшыларымен, валюта айырбастау пункттерінің өкілдерімен кездесті.

Кездесуде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтың қаржылық құрылымдары, экономикалық жағдайы туралы қысқаша баяндап өтті. Тұтастай алғанда экономикалық жағдайдың қалыпты екенін айта келіп, бұған қоғамдық-саяси тұрақтылықтың негізінде қол жетіп отырғанын мәлімдеді. Дегенмен, әлемдегі дағдарыстың мұнайлы өңірдің экономикалық қарқынына өз әсерін тигізіп отырғаны да айтылды. Әйтсе де, қиындықтарға қарамастан, аймақта жұмыссыздыққа жол берілмей, халық жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Тап қазіргі сәтте облыста әлеуметтік міндеттемелерді орындауда ешқандай проблемалар жоқ. Несиелік ресурстардың қиындықтарына қарамастан, барлық банктермен жергілікті билік бірлескен жұмыстар жүргізіп, несиелер беріліп жатыр. Рас, өткен кезеңдерге қарағанда банктердің несие беруі шамамен 20 пайызға төмендеді. Несие қарыздарды қайтаруда да 12 пайыз көлемінде бережақтар бар.  Дегенмен, бұл  республикалық көрсеткіштен төмен. Банктердің орта және шағын бизнесті несиелеудегі көрсеткіштері де салыстырмалы түрде жақсы. Қаржы нарығындағы мұндай оң нәтижелер тұтастай алғанда облыстың экономикасына елеулі түрде ықпал етуде.

Облыс әкімінің атап өткеніндей, ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру мемлекеттік бағдарламасы бойынша да күрделі қиындықтар жоқ. Қазір бұл бағытта облыстық комиссия жұмыс жасауда. Бүгінгі күнге ипотекалық қайта қаржыландыру 2,7 млрд теңгені құрады.

Өз кезегінде Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев сапарының мақсаты туралы айтып берді. Ол Ұлттық банктің облыстағы филиалының жұмысымен, өңірдегі қаржы нарығын дамыту мәселелерімен жақын танысуды көздейді. Облыста банктердің 21 филиалы бар және сол филиалдардың 107 құрылымдық бөлімшелері жұмыс істейді. Мұның 21-і аудандарда орналасқан. Ұлттық банк басшысы облыстың қаржы нарығына  жоғары баға берді. Оның айтуынша, облыс банктеріндегі депозиттер көлемі өткен жылмен салыстырғанда 56 пайызға өскен. Заңды тұлғалардың салымдары 83 пайызға, жеке тұлғалардың салымдары 33 пайызға ұлғайған. Өткен жылы несиелеудің жалпы көлемі 327 млрд теңгені құраған.

Осындай қаржылық қызметі арқылы банк жүйелерінің облыстың экономикасына үлкен жәрдем көрсетіп отырғанын атап көрсете келіп, еркін айналымға жіберілген ұлттық валютамыздың кейінгі кезде нығая бастағанына, қаржыны банктерде теңгемен сақтау мәселелеріне тоқталды. Бұл жерде ұлттық валютамызды депозитке салып сақтауға 14 пайызға дейін өсім белгіленіп отырғаны айтылды.

— Теңге нығайып келеді. Сондықтан теңге депозиті ұлғаюға тиіс. Алда жергілікті тұрғындар теңге депозитіне көшеді деп сенемін. Теңгенің тиімді болатыны жөнінде банктер тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізуі керек, — деді Ұлттық банк төрағасы.

Мұнымен бірге Д.Ақышев сапары кезінде алған әсері жөнінде де бөлісіп, қаланың, банк филиалдары ғимараттарының өзіне ұнағанын, Елбасы Қазақстанның болашақтағы төрт агломерациясының бірі атаған Ақтөбенің  ертең-ақ қаржы тасқынына айналатынын айтып, банктердің  үлкен бизнеске қызмет ететініне сендірді.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ұлттық валютамыз — теңгені нығайтудың маңыздылығын, елімізде барлық төлем шараларының теңгемен жүргізілетінін, осы бағыттағы Елбасы ұстанған саясатты, алға қойылған міндеттерді атап көрсетті.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button