Басты жаңалықтарЭкономика

Ақпанда теңге бағамы 4,4 пайызға нығайды

Брифинг

 Ақпан айында төл валютамыз — теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 4,4 пайызға нығайған. Ал наурыз айының алғашқы жартысында ұлттық валютаның құны 1,1 пайызға артқан.

Негізгі фактор — дүниежүзі нарығындағы мұнай бағасының тұрақтануы, — деді «Ақтөбе ақпарат» орталығында жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында соңғы айлардағы теңге құнының артуы туралы түсінік берген ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев.

Облысымызға арнайы іссапармен келген Данияр Ақышев жергілікті журналистермен кездесуінде облысымыздың экономикалық-қаржылық көрсеткіштері туралы мәліметтермен де бөлісті.

Өткен 2015 жылы облысымызда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,4 пайызға азайған. Мұның басты себебі — тау-кен өнеркәсібі өнімдерінің көрсеткіші 6,4 пайызға төмендеп отыр. Дегенмен де экономиканың өсім көрсеткен салалары да бар көрінеді. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласының өнімдері 3 пайызға, жүк айналымы — 5,4, бөлшек сауда   0,1 пайызға өсіпті.

Ал қаржылық көрсеткіштер туралы сөз қозғар болсақ, облыс банктеріндегі депозиттік салымдардың көлемі 56 пайызға жоғарылап, барлығы 390 миллиард теңгені құраған. Оның ішінде заңды тұлғаларға тиесілі салымдардың мөлшері 208 миллиард, жеке тұлғалардың салымдары 182 миллиард теңге. Бір жылдың ішінде жеке тұлғалардың есебіндегі депозиттік салымдар 33 пайызға көбейген. Сонымен қатар, облыс көлемінде несиелендіру көлемі де артқан. Несиеге берілген қаржы мөлшері өткен жылы 12 пайызға жоғарылап, 327 миллиард теңгеге жеткен.

Бас банкир облысымыздағы инфляция деңгейінің республика бойынша орташа көрсеткіштен сәл жоғары екендігін мәлімдеді. Ақпан айындағы инфляция деңгейі —  15,4 пайыз.

Данияр Ақышев Ұлттық банктің валюта бағамы жөніндегі саясаты туралы да түсінік берді.

— Ұлттық банктің валюта нарығындағы әрекеті ешқандай оқиғаға немесе датаға байланысты емес. Біз қысқа немесе ұзақ мерзім үшін валюта бағамын болжамаймыз және белгілемейміз. Ақпан айы мен наурыз айының алғашқы жартысында теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы нығайды. Негізгі фактор — дүниежүзі нарығында мұнай бағасының тұрақтануы. Ұлттық банк ақпан айында валюта саудасына мейлінше аз араласты, — деді ол.

Жалпы, Ұлттық банк тарапынан жасалған интервенция дегенде халық арасында бұл операция теңге бағамының құлдырауының алдын алуға бағытталған шара деген түсініктің бары белгілі. Бас банкирдің мәлімдеуінше, интервенция ұлттық валюта құнын ұстап тұру үшін жасалатын шетелдік валютаны сату операциясы ғана емес. Мәселен, Ұлттық банк ақпан айында, керісінше валюта нарығынан шетел валюталарын сатып алыпты. Өйткені нарықта ұсынысқа шыққан шетелдік валютаның мөлшері тым көбейіп кеткен.

— Біз интервенцияны шетелдік валютаны сатып алу үлгісінде жасадық. Яғни, теңге құнының қатты көтерілуіне жол бермедік. Қаржы нарығынан 474 миллион АҚШ долларын сатып алдық. Ұлттық банк еркін ауыспалы бағам саясатын ұстануды жалғастырады. Теңгенің бағамы ішкі және сыртқы факторларға тәуелді. Оның төмен құлдырауы да немесе жоғары көтерілуі де мүмкін. Негізі, қаңтар айының статистикалық мәліметтерінен қазір халықтың шетелдік валюталарға деген сұранысының біраз саябырсығанын аңғаруға болады. Еліміздің ақша айырбастау нүктелерінде барлығы 213 миллион АҚШ доллары сатылған. Бұл — соңғы 10 жылдағы ең төменгі көрсеткіш, — деді Ұлттық банктің төрағасы теңге бағамының бүгінгі ахуалы туралы.

Ал өткен жылы тамыз айында ҚР Ұлттың банкінің еркін ауыспалы бағам саясатына көшуіне ішкі және сыртқы жағдайлар бірдей себеп болды. Басты факторлардың бірі — экспортқа шығарылатын негізгі шикізат түрі — мұнайдың бағасы бір жарым жылдың ішінде 110 АҚШ долларынан 27 АҚШ долларына дейін төмендеді. Мұның салдарынан мемлекет қазынасына түсетін валюта көлемі де біршама азайды. Осы кезде бас мемлекеттік банк Ұлттық қордағы қаржыны сақтап, қазақстандық өнім өндірушілерге қолдау көрсету мақсатымен еркін бағам саясатын ұстану туралы шешім қабылдаған еді.

Меніңше, ұлттық валютаның әлсіз немесе күшті екендігін басқа шетелдік валютаға шаққандағы бағамымен ғана анықтау дұрыс емес. Бірінші кезекте Ұлттық банктің ұлттық валютаны алтын-валюта қорымен қаншалықты қамтамасыз етіп отырғанына қарауымыз керек. Бұл жағынан Ұлттық банктің жағдайы өте жақсы. Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 27 миллиард АҚШ долларынан астам. Ал ұлттық қорымыздың мөлшері — 63 миллиард АҚШ доларынан асады. Екеуін қосқанда, Қазақстанның 90 миллиард АҚШ долларының үстінде алтын-валюта қоры бар, — деді Данияр Ақышев.

Бас мемлекеттік банктің негізгі міндеттерінің бірі — ел экономикасын теңге қорымен қамтамасыз ету. Ол үшін бірнеше бағыт бойынша жұмыстар атқарылуда.

Мысалы, ұлттық валютамен ашылған депозиттердің тартымдылығын арттыру. Екінші деңгейлі банктердегі ұлттық валютамен ашылған депозиттердің маңызын арттыру экономиканы теңгемен несиелендіру қорының мүмкіншіліктерін де молайтады. Дәл осы мақсатпен үстіміздегі жылдың 1 ақпанынан бастап Ұлттық банк жеке тұлғалардың депозиттік салымдары бойынша өсімақының максималды құнын 10-нан 14 пайызға көтерді. Ал шетелдік валюталар бойынша ашылатын депозиттердің өсімақы құны, керісінше 3-тен 2 пайызға төмендетілді.

— Ақпан айының алдын ала жасалған қорытындылары бойынша, бұл шара өз нәтижесін беріп, жеке тұлғалардың ұлттық валюта түріндегі депозиттерінің көлемінің артқанын көрдік. Жеке тұлғалардың депозиттік салымдарының жалпы мөлшері 300 миллиард теңгеге жетті. Наурыз айында бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болады деп күтеміз. Осылайша, депозиттердің валюталық құрылымының өзгеруі таяу болашақта несиелендіру үшін қажет қолма-қол теңге қорының көбеюіне себеп болады, — деді Ұлттық банк төрағасы.

Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру үшін еліміздегі екінші деңгейлі банктерге 19 мыңнан астам өтініш түсіп, оның ішінде жалпы құны 76 миллиард теңгені құрайтын 12421 өтініш бойынша оң шешім шығарылған. Бұрын алынған ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру жөніндегі өтініштерді қабылдау әлі де жалғасуда. Осы мақсатта Ақтөбе облысы бойынша келіп түскен 1136 өтініштің 760-ы мақұлданған.

Осы бір әлеуметтік маңызға ие мәселені шешуде Ақтөбе облысы әкімдігінің өте белсенді жұмыс жасап отырғанын атап өткен бас банкир қарызгерлердің несие шарттарын жеңілдетуге қолдау көрсету бағытында жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп жұмыс жасауды одан әрі қарай белсенді түрде жалғастыруды жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. Ол Ұлттық банк пен әкімдік өкілдерінің және несиені берген банктердің басшылығының қатысуымен қарызгерлермен жеке кездесулер ұйымдастыру, несиені төлеуге мүмкіндігі жоқ қарызгерлерді жұмысқа орналастыру сынды шаралардың ойластырылып жатқанын айтты.

Еліміздегі екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктің талаптарына сәйкес, қалыпты жұмыс жасауда. Олар барлық төлемдерді жүзеге асыра алады. Халықтың банктердегі ақшаларының қорғалуы мен сақталуы жөнінде мазасыздануларына еш негіз жоқ. Оның үстіне, ҚР азаматтарының 10 миллион теңгеге дейінгі қаржылары «Депозиттерді кепілдендіру қоры» тарапынан кепілдікке алынған, — деді Данияр Ақышев.

 Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button