Спорт

Балуандар жоспарларымен бөлісті

Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы ғимаратында жергілікті ММА федерациясы жиын өткізді. Спортшылар өткен жылғы жетістіктері мен алға қойған жоспарлары жөнінде айтып берді.

Мақсат — облыстық ММА федерациясының жұмысы жыл өткен сайын жанданып жатқаны туралы жұртшылыққа құлағдар ету, жас балуандардың аяқ алысын бағамдау. Басқосуға өңірдегі спорт мекемелері өкілдері мен спортшылар қатысты.

— Соңғы жылдары ММА спорт түрі бойынша айтарлықтай ілгерілеу бар. Оған елімізде арнайы федерацияның құрылғаны игі әсер еткені сөзсіз. Енді ғана дамып келе жатқан спорт түрі бойынша соңғы үш жылда Қазақстанда үш чемпионат, 1 қазақстандық Кубок, бірнеше ірі турнирлер өтті. Осының өзі — үлкен жетістік, — деді облыстық ММА федерациясының вице-президенті Виталий Ким.

Шарада бұл спорт түрі бойынша аз да болса, жігіттердің бірте-бірте белестерді бағындырып келе жатқаны сөз болды. Айталық, Шавкат Рахмонов, Сергей Морозов сынды болашағынан зор үміт күттіретін балуандар соңғы уақытта жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.

Сондай-ақ, сөз арасында Виталий Ким биыл да бірнеше ауқымды жарыстардың барын, оған қазіргі таңда қызу дайындықтың жүріп жатқанын тілге тиек етті. Оның арасында шетелде шымылдығын түретін бәсекелер де бар.

Айта кетейік, ММА дегеніміз — аралас жекпе-жек күресінің спорттағы шартты атауы.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button