Әлеумет

Көрісу күні — ақ тілектер жоралғысы

Көрісу — Қазақстанның батыс өңірінде сақталған қазақтың ежелгі дәстүрі. Биыл да Наурыз мерекесінің бастауы, жаңа жылдың басы ретінде тойланатын Көрісу күнін ақтөбеліктер 14 наурызда атап өтеді.

Қазақстанның батыс өңірі Наурыз мерекесін ерекше қарсы алады. Атырау, Маңғыстау облыстары түгелімен, сондай-ақ, Ақтөбе, Орал облыстарының кейбір бөлігінде Наурыз мейрамы осы айдың 14-інен, яғни «Көрісу» салтынан басталады. Бұл күнді кей жерлерде «амал» деп те атайды. Ал кейбір деректер бойынша мұны Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша көрісу (яғни, қауышу) күні дейді.

Бұл күні адамдар таңнан бастап үй аралап, үлкендерге сәлем беріп, бір-бірін амал мерекесімен құттықтайды.

Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені, көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді.

Көрісу күні исламда бар нәрсе емес. Бірақ ол шариғат талаптарына қайшы келмей, онымен үндесіп жатқандықтан, исламмен бірге ғасырлар бойы жасасып келе жатқан біздің төл дәстүріміз. Оның бір дәлелі – көрісу күнінің араздасқан, бір-бірімен араласпай кеткен жақын адамдарды татуластыруға, табыстыруға бағытталған қасиеті. Бұл күні бір-бірін танитын бүкіл адам, тіпті әртүрлі себептерге байланысты жанжалдасып, бет көріспей кеткендер де көрісіп, қол алысуға міндетті. Ежелден келе жатқан салттың талабы — осындай. Сөйтіп, көрісіп, біріне-бірі ақ тілегін айтқан адамдар бұдан кейін арадағы реніштерін жойып, табысады. Қалай болғанда да, көрісу күнінің имандылыққа, жақсылыққа негізделген мереке екені анық. Ол үлкен мен кіші арасында сыйластық, сыпайылық орнатады.

Қазіргі күні үлкенге бірінші болып сәлем берудің өзін ұмытып бара жатқанымыз рас. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде бір-біріне сәлем берген екі адамға да сауап жазылатыны, соның ішінде бірінші сәлем берген адамға көбірек сауап тиетіні айтылады. Көрісу күні де сәлемдесудің сауапты іс екенін жастардың санасына сіңіруге септігін тигізеді.

Қорыта айтқанда, Көрісу күні — пенденің аузы аққа, мал аузы көкке тиіп, адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, бір-біріне тілектерін айтатын күні.

Рахым БЕКНАЗАРОВ, тарих ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры:

  • Көрісу күнінің қай уақытта тарих сахнасынан орын алғаны туралы тарихшыларда бір тоқтамға келген пікір жоқ. Дегенмен оның шығу төркіні тереңде жатқаны талас тудырмайды. Көрісу күні негізінен, Батыс Қазақстан аумағында атап өтіледі. Бұл осы өңірдің бүгінге дейін мал шаруашылығымен айналысып келуімен тығыз байланысты. Себебі үскірік аязды алты ай қыстан мал-жанның аман-есен шығуы киіз үйде тұратын жұртшылық үшін қиын болғаны анық. Содан қар еріп, жер жіби бастағанда шеті мен шегі жоқ далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен көрісетін болған. Яғни, бұл күн — көктемге аман-сау жеткен халықтың тілек айтып, бір-бірімен қауышатын күні. Сондай-ақ, 14 наурыз — ескі күнтізбе бойынша наурыздың алғашқы күні.

Сабыржан МҰХТАРОВ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы:

— Бұл мереке — күн мен түннің теңелген тұсында, қыстың бейнеті мен қиындығынан аман-есен шығып, халықтың Наурыз мерекесі алдында мәре-сәре болатын күндерінің бірі. Бұл күн қол алысып, көрісумен ғана өлшенбейді. Адамдар арасындағы бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, жақын адамдар бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу — ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекітетін тамаша дәстүр.

Айжамал Құсайынова, зейнеткер:

  • Бала кезімізден 14 наурыз — Көрісу күні біз үшін ерекше есте қалатын мерекелердің бірі болатын. Сол күні ауыл балалары үй-үйді аралап, олардың «Жасың құтты болсын!» деп берген тәттілерін қалтамызға сыйғыза алмай бір жасап қалушы едік. Қай жерде болсын, бір-бірімен кездескен ауыл тұрғындары қол алысып, «Жасың құтты болсын!» деп құттықтасып жататын. Әрбір үй 14 наурызда сандығының түбіндегі қыс бойы сақтаған бар тәттісін шығарып, «Қазан толы болсын!» деп дастарқан жаятын. Сол кезде біз көрісу күнін бүкіл Қазақстан тойлайтын шығар деп ойлайтынбыз. Кейін білгеніміздей, оны тек батысқазақстандықтар мен Ресейдің Саратов, Орынбор облыстарындағы қазақтар ғана атап өтеді екен. Қазір Ақтөбе өңірінде бұл күн ерекше атап өтіледі. Әр отбасының үлкендері балаларына, ағайын-туысқа батасын беріп, Наурызға аман-есен жеткеніне қуанады. Әсіресе, көненің көзі — қариялар үшін бұл айрықша мейрам.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button