Әлеумет

Аутизм қандай ауру?

Бұл — біздің елімізде көп айтыла бермейтін дерттің бірі. Соңғы жылдары ғана бұл сырқатқа назар аударыла бастады. Себебі аутизмге шалдыққан балалар саны өсіп барады. Бүгінгі күні облыста отыз бала аутизм диагнозымен өмір сүріп жатыр. Бұл ресми тіркелгені ғана. Жалпы әлемде әрбір елуінші бала осы дертке шалдығады екен.

Бір бөлек әлем…

Аутизм — психологиялық ауру. Бұндай науқасқа шалдыққан балалардың жалпы дамуы тежеледі. Сөйлеу және интелектуалдық мүмкіндіктері қалыпты болғанына қарамастан айналасындағы адамдармен араласа алмайды. Мінезі тұйықталып, кейде қайталана беретін құбылыстар жасайды, яғни ұзақ уақыт бойы тек бір ғана нәрсемен айналысады. Өзі секілді балалармен де ойнамайды. Қоршаған ортаға деген қызығушылығы болмайды. Айналасындағы қызықты оқиғалар, ойыншықтар оған ешқандай әсерін тигізбейді, ол өз әлемімен өмір сүреді. Кейде мылқау бала сияқты көрінеді. Негізінен аутизм белгісі сәбидің 2-3 жасында байқалады. Ілгеріде бұндай сырқат түрі біздің елде тіркелмеген. Соңғы жылдары ғана анықтала бастады. Ақтөбеде алғашқы диагноз 2005 жылы қойылған. Қаладағы аутист балаларға арналған «Тарлан» медициналық орталығының жетекшісі, невролог дәрігер Салтанат Ерімбетова бұндай балаларға бірінші кезекте психологиялық көмек қажет екенін айтады.
— Аутизмге шалдыққан бала айналасында болып жатқан жағдайларды реттей алмайды. Сондықтан олар психологиялық көмекке мұқтаж және бұндай баланың ата-анасына да қолдау қажет. Себебі өзім аутист баланың анасы ретінде жағдайды жақсы түсінемін. Ұлым үш жастан асқанда дәрігерлер осындай диагноз қойды. Алғашқыда қатты қиналдық. Бармаған жеріміз жоқ. Орынбор, Астана қалаларындағы орталықтарға апардым. Кейін зерттей келе аутист балаларға психологиялық көмектің өте тиімді екенін білдім. Негізгі мамандығым дерматовенеролог болса да невролог, физиотерапевт бағыты бойынша білімімді жетілдірдім, — дейді дәрігер.
Алған білімін тәжірибеде қолданып көргеннен кейін баласының бойындағы өзгерісті байқай бастайды. Осыдан кейін Салтанат тек қана өзінің емес, өзге де балаларға көмек қолын созуды ойлайды. «Отырар білім» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі әрі туысы Ләззат Ерімбетованың қолдауымен Ақтөбеде алғаш рет аутизмге шалдыққан балаларды оңалту медициналық орталығын құрады. Биыл орталықтың ашылғанына бес жыл толыпты. Қазір бұл жерден 15 бала медико-психологиялық көмек алып жүр. Олардың ата-аналарына да кеңес беріледі. Баламен қалай жұмыс жасау керектігі үйретіледі.
Аутизмнің түрі көп және әлі күнге дейін нақты емі табылмаған. Себебі аутистік ауытқушылықты тудыратын факторлар отыздан асады. Әлем ғалымдары ауру тудыратын нақты себепті анықтай алмай отыр.
Дегенмен, дәрігерлер тұқымқуалаушылық, хромосомалық, яғни генетикалық мутация, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, жүктілік кезіндегі және туабітті аурулар, зат алмасудың бұзылуы, экологиялық жағдайдың нашарлығы, екпе салу секілді бірнеше себептерді келтіреді.
— Бұндай дертке шалдыққан баланың психологиялық ерекшеліктері әртүрлі болады. Физиологиялық тұрғыдан дені сау болса да ойлау қабілеті тым төмен немесе керісінше талантты болуы мүмкін. Мәселен, белгілі Энштейннің өзінен осы ауру белгісі білінген. Көп жағдайда ата-аналар балаларының бойындағы ауруды кеш байқайды. «Жүре кетеді», «әлі кішкентай» деген сылтаумен уақыт өткізіп алады немесе түрлі себеппен тіркетпей, невропатологтың қарауында жүре береді. Егер балаға дер кезінде нақты диагноз қойылып, ем жүргізілсе қоршаған ортаға қарым-қатынасын сәл де болса өзгертуге болады, — дейді Салтанат.

Иппотерапия — ат үстіндегі серуен

Аутизм дертіне шалдыққан балаларға жан-жақты қолдау қажет. Мамандардың пікірінше, бұндай балаларға иппотерапия әдісі тиімді.
Иппотерапия — ат үстіндегі серуен. Бұл әдіс әлемде тек қана аутизм емес, сал ауруына, дауна синдромына және өзге де сырқаттарға шалдыққан балаларды емдеуге кеңінен қолданылады. Себебі ат үстіндегі баланың барлық бұлшық еттері қозғалады және тірек-қимыл жүйесіне оң әсер етеді. Қазір еліміздің біраз өңірінде осы әдіс пайдаланылып жүр. Және бұндай ем түрі Ресейде Мәскеуде, ал біздің елде Өскемен қаласында ғана жүзеге асырылады екен.
Салтанат Ерімбетова облыстық денсаулық сақтау, денешынықтыру және спорт басқармаларының қолдауымен Өскемендегі «Ақтай» қоғамдық бірлестігінің оқу базасында иппотерапия әдісін меңгеріп келіпті. Ұлттық спорт түрлері бойынша спорт мектебінің маманы Шыңғысхан Ержанов екеуі он бес күні бойы білікті мамандардан дәріс алады.
— Бұндай тәсіл Өскемен қаласында 2008 жылдан бастап қолға алыныпты. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оңалту шаралары, ат спорты жақсы дамыған. Нәтижесі айтарлықтай. Тіпті шетелдерде де жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. Шығысқазақстандық мамандардың осындай игі істерін көріп, көп нәрсені көңілге түйіп қайттым. Болашақта біздің облыста да осындай ат спорты дамыса, үйде отырған балалардың бойында үміт пайда болар еді. Спортқа қатысқан баланың әрі қарай сенімі нығаяды, құлшынысы артады. Себебі әртүрлі аурудан мүмкіндігі шектеліп қалған балалар өздерін қоғамнан тыс қалғандай сезінеді. Олар қарапайым балалар сияқты мектепке, спорт залдарына немесе басқа да қоғамдық шараларға қатыса алмайды. Тіпті ата-аналары кенеттен көз жұмса, бұндай балалардың өмірі психо-неврологиялық диспансерде өтуі мүмкін. Сондықтан олар өз беттерінше өмір сүруді үйренуі керек, — дейді дәрігер.
Оның айтуынша, иппотерапия әдісін ата-аналар да қолдап отыр. Жоба қолға алынса, балаларын қазірден бастап әкелуге әзір. Ал облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ескендір Маханов істі бастап кетуге ешқандай кедергі жоқ екенін айтады.
— Осыдан екі жыл бұрын 300 миллион теңгеге ипподром, яғни қазіргі ұлттық спорт түрлері бойынша спорт мектебі салынды. Қазір балалардың қысы-жазы ұлттық спорт түрлерімен айналысуына барлық мүмкіндік бар. Жуырда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мектепті аралап жүріп, иппотерапия әдісін қолға алу керектігін ескерткен еді. Осыдан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе жұмысты бастап кеттік. Арнайы штат аштық, мамандарды оқыттық. Алдағы уақытта тағы да екі маманды оқытып аламыз. Жұмыс бір ізге түскеннен кейін, оларды Мәскеудегі оқу орнына жіберіп алу жоспарда бар, — дейді басқарма басшысы.
Жылқымен емдеу әдісі алдағы аптада басталады. Бұл жерге сал ауруына және аутизмге шалдыққан балалар аптасына екі рет келіп, ақысыз түрде ем алады. Әр балаға жиырма минут беріледі. Қазір 112 бала тіркеуде тұр. Мамандар спорттық және оңалту бағыты бойынша жұмыс жүргізеді.

Ата-анаға да көмек қажет

Шетелдерде аутизмге шалдыққан балаларға барлық мүмкіндік қарастырылған. Олардың ата-аналары үшін де түрлі қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер жұмыс жасайды. Ал біздің елімізде әлі де көп нәрсені қолға алу керек.
— Алматы мен Астана қалаларында аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналарының ассоциациясы жұмыс істейді. Осындай бірлестіктердің біздің өңірде де филиалдары ашылса біз үшін үлкен мүмкіндік болар еді. Себебі аутист балалардың ата-аналары да психологиялық қолдауға зәру. Олар өзгелер секілді балаларын мектепке, қонаққа ертіп апара алмайды, көшеге шығара алмайды. Сырт көздердің ауру балаға қарағанының өзі ананың жүрегіне пышақтай сұғылады. Бір сөзбен айтқанда, бұндай баласы бар ата-аналардың мұңы бір. Егер арнайы орталықтар ашылса, ата-аналар пікір алмасып, тәжірибе бөлісер еді, — дейді Салтанат Ерімбетова.
Өткен жылдан бастап мемлекет тарапынан аутист балаларға арнайы жәрдемақы тағайындалыпты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Саламатсыз ба? Мен кіші қызым 3 жаста кейде осы қызым аутизм ауруымен ауратын сияқты. Дәрігерге көрсеттім бірақ диогназ койылған жоқ. Қайда апарып көрсетсем болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button