ЖаңалықтарСпорт

Какау және оның командасы

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 2016 жылғы шағын футболдан Еуропа чемпионатында қола жүлдеге ие болған Қазақстан құрама командасының бас бапкері мен ойыншыларын қабылдады.
Бразилиялық маман Какау жаттықтыратын Қазақстанның футзал құрамасы Сербияда өткен кәрі құрлық чемпионатында өте шебер ойын өрнегін көрсетті. Чемпионатта жерлестеріміз Хорватияның құрамасын, осыған дейінгі Еуропаның чемпионы болып келген Италияның футболшыларын және алаң қожайындары — сербиялық шағын футбол шеберлерін жеңді.
Өңір басшысымен кездесуге ұлттық құраманың қақпашысы Леонардо Де Мело Виейра Лейте (Игита), шабуылшы Серік Жаманқұлов, құрамадағы өңіріміздің өкілі Григорий Шамро және бас бапкер Рикардо Камара Собрал (Какау) келді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та шағын футболдың жанкүйері болып шықты. Оның сөз ауанынан Еуропа чемпионатын жақыннан бақылағанын аңғару қиын емес еді. Ол өз сөзінде қазақстандық команданың жеңісінде қақпашы Игитаның еңбегін ерекше атап өтті.
— Еуро-2016 бәсекесінде қол жеткізген қола медальдарыңыз қазақстандық шағын футбол үшін үлкен жетістік. Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысқан командамыз бірден қола жүлдеге қол жеткізді. Яғни ғажайып нәрсе болды. Әсіресе, Игитаны атап өткім келеді. Игита, саған үлкен рақмет. Сенің ойынға қосылуың біздің команданың жеңіске жетуінде шешуші роль ойнады. Ең үздік сұрмергендердің бірі болған Серік Жаманқұловқа да алғысымыз шексіз, —деді Бердібек Машбекұлы.
Ол бұл жеңістің елімізде шағын футболдың дамуына үлкен мүмкіндіктер беретінін атап өтті. Кездесу кезінде өңір басшысы сондай-ақ Ақтөбеде шағын футболды дамыту тақырыбын да қозғады. Бүгінгі күні Қазақстанның жоғары лигасында ақтөбелік «Інжу» клубы ойнайды. Ал команданың барлық шығындарын жергілікті кәсіпкер Мақсат Тұймалиев көтеріп отыр. Бердібек Сапарбаев жергілікті клубқа болашақта билік тарапынан да тиісті дәрежеде қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Өз кезегінде ұлттық құраманың бас бапкері Какау өңірімізде шағын футболды насихаттау бағытында жасалып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.
— Шағын футболдың ең үздік жанкүйерлері — Ақтөбеде. Талантты спортшылар да көп бұл жерде. Өңір басшысы ретінде шағын футболдың дамуы үшін көңіл бөліп отырғаныңыз бізді қуантады. Қазақстанның футзалына 9 жылымды арнаған мен үшін бұл ең үлкен сыйлық, — деді Какау облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа.
Кездесуде өңір басшысы бас бапкер мен футзалшыларға құнды сыйлықтар табыс етті, ал ұлттық құраманың ойыншылары болса оған «Сапарбаев» деп жазылған құраманың «04» нөмірлі жейдесі мен автографтары қойылған доп сыйлады.

Қуат АҚМЫРАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button