Көлік ұрлығы тыйылмай тұр

Бүгінде бұл 212 824 ақтөбелік үшін ортақ мәселеге айналды
Соңғы жылдары түрлі деңгейдегі қылмыс жасаушылардың саны күрт өскен. Әсіресе көліктің ішіндегі бұйымдарды үптеп кететіндер азаймай отыр. Біреудің «темір тұлпарын» өзіне меншіктеп алғысы келетіндер әлі де көп. Бұның сыры мен олардың «жорыққа» негізінен қашан шығатынын, мәселенің басқа да жай-жапсарын құқық қорғау органдары мамандарынан білген едік.
Жолдан қосылғандар жоқ…
Полицейлердің өзі ең көп жасалатын қылмыстың түрі — ұрлық екенін айтып отыр. Қолының сұғанағы бар кез келген жастағы адамның «ермегі» көбіне-көп ашылмаған қылмыстар санатында қалатыны рас. Өйткені бұны әбден меңгерген әккі ұрылардың мүмкіндігі күннен-күнге молаю үстінде. Неше түрлі жаңа құрал-саймандармен қатар, тың технологиялар мен озық әдістердің көбеюі айналып келгенде әлгілердің жұмысын бірыңғайлайтындай. Мұны облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ардагер Уайдин де растайды:
— Ақтөбе қаласында автокөлік салонындағы заттарды ұрлау деректері бәсеңдемей тұр. Теріс пиғылдылар қолына іліккен кез келген затты алудан кетәрі емес. Олардың дені автомагнитола мен құжаттардан бастап, қымбат ноутбуктер мен ақша салынған сөмкелерге дейін қолды қылады.
Жоғарыда айтқанымдай, ұрылардың көзі көбіне автомагнитола панельдеріне түседі. Өз мақсатына қол жеткізу үшін олар көліктің есігінің құлпын бұзады, болмаса ең оңай жолы — терезені сындырады. Тиісінше қолға түскен қылмыскерлерден көліктің есігін ашуға және терезесін сындыруға арналған арнайы құрал-жабдықтар жиі табылып жатады. Осы орайда дыбыстық қондырғының (сигнализация) айтарлықтай рөл атқармайтынын айтпай кетуге болмайды. Себебі әдетте мұндай қылмыстар өте тез жасалады. Әрі күзетілмейтін аумақтарда, қаланың «ұйқылы» аудандарындағы аулаларда орын алғасын кім жедел қимылдай қойсын? — дейді ол.
Оның сөзіне қарағанда, көліктің салонын тонайтындар міндетті түрде иесінің ізіне түсіп, алдын ала аңду жұмыстарын жүргізеді екен. Оның белгілі бір ғимараттан қашан шығатынын білгенде ғана әлгіндей әрекетке баратын көрінеді. Сондай-ақ, қимыл-қозғалысы ширақ аталмыш топ өкілдерінің қай уақытта іске кірісетіні де анықталып отыр: мамандардың талдауы бойынша мұндай қылмыстардың басым көпшілігі сағат 7.30-дан 9.30-ға дейін және 16.30-дан 18.30-ға шейінгі мезгілде жасалады.
Ішкі істер департаментінің бізге таратқан ресми мәліметтеріне сәйкес, жыл басынан бері машина салондарынан 40 ұрлық жасаған 6 қылмыстық топ ұсталған.
Оның 3-еуі автокөліктерді қорғаушы техникалық құралдарды сканерлеу жолымен ұрлауға машықтанғандар. Яғни бұл жерде жолдан қосылғандар жоқ, автокөліктің қыр-сырынан хабары барлар ғана бұған барады.
Былтыр — 111, биыл — 5
Дерекке сүйенсек, өткен жылы облыс аумағында 111 көлік айдап әкетілген. Оның 64-і көп қабатты үйлердің ауласынан, 38-і көшенің бойында тұрған жерінен, 6-ауы гараждардан, 3-еуі автокөлік тұрақтарының өзінен жат қолында кеткен. Дейтұрғанмен, құзырлы орган қызметкерлері бұл 2014 жылы тіркелген қылмыстармен салыстырғанда, 23,4 пайызға аз екенін алға тартып отыр. Бұның бәрі полицейлердің көлік ұрлауға қарсы жүргізген іс-қимылдарының оң нәтижесі.
Ал биылдыққа арнайы құрылғыларды пайдалана отырып, есіктерді ашу арқылы көлікті айдап кетудің 5 дерегі тіркелген. Оның баршасы да жол таңдамайтын, қымбат машиналар екенін келтіре кетейік. Құқық қорғау қызметкерлері мен сақтандыру компаниясындағылардың айтуына қарағанда, ұрылардың таңдауы көбінесе «Тойота Лэнд Крузер» маркасына түседі екен. Бағасы қомақты, соған сай қай жағынан да мықты машинаға көз тігушілер қашанда баршылық…
— Тәртіп сақшыларының жедел жүргізген шараларының нәтижесінде 5 көлік ұрлығының 2-еуі ашылып, иелеріне қайтарылды. Өткен жылы қолға алынған жедел-іздестіру жұмыстары барысында көлікті сканерлеу арқылы тонауға машықтанған 3 қылмыстық топ құрықталған еді. Қазіргі таңда аталған топтардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар ма, жоқ па, сол жағы жіті тексерілуде, — дейді А.Үмбетбайұлы.
Ақтөбеде автотұрақтар жетіспейді
Ардагер Уайдин өз сөзінде қала құрылысында қажетті көлік тұрағы және автопаркингтердің санын көбейту қарастырылмағандықтан, бүгінде бұл өзекті мәселеге айналып отырғанын жеткізді. «Аталған қылмыстардың орын алуының негізгі себептерінің бірі — осы. Бұл фактор қылмыстық элементтерге өз ойларын еш қиындықсыз жүзеге асыруына қолайлы жағдай туғызады», — дейді ол.
Расында, орташа есеппен алғанда шаһардағы әр тұрғын үйдің ауласында кемінде 10-15 машинадан тұрады. Ал аулалардың біразы жарықтандырылмағандықтан, олардың «тағдыры» бұлыңғыр. Түнгі уақытта болған қылмыстардың куәгерлері де таптырмайтыны сол себепті. Осыдан барып Ақтөбе қаласына бірнеше ауқымды автотұрақтың керек екені айтпаса да түсінікті.
Ресми мәліметтерге сай, облыс орталығында 74 көлік тұрағы және 48 гараж кооперативі бар. Бұл халқының саны бірер жылда миллионға жететін Ақтөбе үшін өте аз. Өз кезегінде облыс бойынша 212824 көлік тіркелген, оның 138415-і қалаға тиесілі. Демек, осынша машина иесінің әрқайсысы үшін көлік ұрлығы — алаңдатар мәселелердің бірі.
«САҚТАНСАҢ — САҚТАЙДЫ…»
Сала мамандары көп жағдайларда автокөлік иелерінің өзі бейқамдық танытып, қылмыскерлерді «қызықтыратынын» тілге тиек етеді. Өзіңіздің автокөлігіңіз бен мүлкіңізді сақтау үшін келесі қауіпсіздік шараларын мұқият сақтау қажет:
— автокөліктің ішінде ешқашан ешбір затыңызды қалдырмаңыз. Қылмыскерлердің сізге және сіздің мүлкіңізге қатысты қылмыстық әрекеттерді жүзеге асыруының жолын кесіңіз. Қырағылық танытыңыз. Есіңізде болсын, кез келген нәрсенің өзі терезе сындыру мен есік бұзуға әкеп соқтыруы мүмкін, ал бұл сізге қымбатқа түседі. Автомагнитоланың панелін үнемі алып кетіп жүріңіз немесе жасырып қойыңыз;
— қомақты материалдық құндылықтарды тасымалдаған кезде өзіңіздің қасыңызға сенімді адам ертіп жүріңіз;
— түнгі уақытта көлігіңізді тек қана күзетілетін көлік тұрақтарына, ал басқа нысандарға барғанда мүмкіндігінше бейнебақылау камералары бар аймаққа қоюға тырысыңыз;
— дөңгелектеріңіздің жарылып қалғанын байқасаңыз бейтаныс адамдармен сөйлеспеңіз, бағалы заттар мен құжаттарды өзіңізбен бірге алып жүріңіз. Дөңгелекті өз күшіңізбен ауыстырып жатсаңыз, барлық есіктер мен терезелерді жауып қойыңыз. Өйткені дөңгелегіңіздің желінің шығуы ұрылардың ісі болуы әбден мүмкін…
P.S. Полицейлер егер қаскүнемдерден зардап шексеңіз, бұл туралы шұғыл түрде «102» телефон номеріне хабарласу керектігін ескертеді. Және олар келгенше көлікте ештеңені тиюші болмаңыз, қылмыс іздерін жоясыз. Сондай-ақ, қалада автотұрақтардың аздығына байланысты қазірде көптеген тұрғындардың өз аулаларында бейнебақылау камераларын орнатып, жарықтандыру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айта кету керек. Осылайша, қылмыскерлердің жолын кесетін олар өздерінің тыныштығын да қамтамасыз етуде…
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.



