Мемлекеттік қызмет—мәртебелі міндет

Кәсіби мемлекеттік аппарат құру: он бес қадамға сай ұмтылыстар
Елбасы өткен жылы жариялаған «100 нақты қадам» Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жоспары ретінде ерекше маңызға ие болғаны белгілі.
Осы маңызды құжаттың алғашқы он бес қадамы «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» деп аталып, мемлекеттік қызметтің мәнін, жаңа жағдайда оған қойылатын талаптарды белгілеп берді.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңы күшіне еніп, соған сәйкес жаңа тәсілдер аясында заңға тәуелді актілер қабылданды. Осыған байланысты құрылымдық өзгерістер пайда болды. Жаңа құрылым — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы болып Қайыржан Тоқышев тағайындалды.
Біз бұған дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары- Тәртіптік кеңестің төрағасы ретінде қызмет атқарып, енді жаңа департамент тізгінін ұстаған Қайыржан Ахметбекұлын сұхбатқа шақырғанбыз.
— Жаңа департаменттің жаңалығы неде?
— Облыстық департаменттің негізгі міндеті— мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын бақылау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу салаларында мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу туралы заңнаманы сақтау, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мәселелерінде мемлекеттік органдарының қызметін үйлестіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың пайда болу себептері мен жағдайларын азайту болып табылады.
— Мемлекеттік қызметшінің жаңа ұғымдағы ендігі мәртебесі қандай? Олардың конкурстарға қатысуы, жалпы мансаптық модель туралы айтып берсеңіз.
— Басты ерекшелік — мемлекеттік қызметтің жаңа мансаптық моделі мемлекеттік орган қызметкерлері арасында жоғарғы бос лауазымға тек ішкі конкурспен, ал төменгі лауазымдарға тек жалпы конкурс арқылы ғана тағайындалуды көздейді.
Егер республика көлемінде айтатын болсақ, өткен жылы министрліктерде, олардың ведомстволарында және жергілікті атқарушы органдарында орта есеппен 828 азамат ашық конкурссыз ішкі ауысу тәртібі арқылы тағайындалған. Қазіргі таңда мұндай ауысулар мүмкін емес. Аталған жаңашылдықтың тағы да оң тұсы ретінде мемлекеттік қызметшінің ішкі конкурстан өту кезіндегі үміткердің күшті немесе әлсіз жақтары мәлім екендігін айтуға болады. Осындай мансаптық модель арқылы жас мемлекеттік қызметшіге аса маңызды болып табылатын психологиялық тұрғыда бейімделуіне әрі оның кәсібилігінің артуына, болашаққа сенімді түрде қарауға және мемлекеттік қызмет аясында ұзақ мерзімді мансаптық өсуді жоспарлауға өз септігін тигізеді.
Екіншіден, барлық мемлекеттік қызметшілерге жеке жұмыс жоспарлары бекітіліп, сәйкесінше тоқсан және жыл сайын бағаланатын болады. Нақтылап айтар болсақ, «Б» корпусындағы қызметшілерді бағалау кезінде бағалаушы ретінде тікелей басшы, бағынысты қызметкерлер және әріптестер қатысады. Сондай-ақ, басшыны бағалауда тек басшылардың пікірі ғана емес, сондай-ақ, әріптестер мен қоластындағы бағынысты қызметкерлердің де пікірлері ескеріледі. Тағы бір ескеретін жайт, аталған бағалау нәтижелері еңбекақының көлеміне тікелей әсерін тигізеді.
Қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілер үшін олардың атқаратын мемлекеттік лауазымдарына сәйкестігін тексеру мақсатында 3 ай сынақ мерзімі белгіленеді. Сынақ мерзімінің нәтижесi қанағаттанарлықсыз болғанда, сынақ мерзімі мемлекеттік лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адамның не органның шешімі бойынша кейіннен қайта ұзартылмайтын үш айға ұзартылады. Бұл өз кезегінде, кадрлардың тұрақсыздық деңгейін төмендетеді.
Сынақ мерзімі кезеңінде мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілерге тәжірибелі мамандар арасынан тәлімгерлер бекітіледі. Олар мемлекеттік қызметтің баспалдағын алғаш рет аттағандар үшін практикалық көмек көрсетеді және бұл ретте дағдылану жоспары бекітіледі.
— Әдеп жөніндегі кеңес жұмысына тоқтала кетсеңіз.
— Бұған дейін жұмыс істеп келген Тәртіптік кеңес өз жұмысын тоқтатты, яғни ол өзінің жүктелген міндеттерін атқарды деуге болады. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысындағы басты құралы болып табылатын жаңа Әдеп жөніндегі кодексі, бұл — жауапкершілік жүгін арттыратын, талаптар ауқымын белгілейтін маңызды құжат. Ол мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетін ғана емес, сондай-ақ олардың өзін-өзі ұстау мәнерінің базалық стандарттарын бекітеді. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің күнделікті жұмысында қарапайымдылық, әділдік, адалдық, сатылмаушылық сияқты принциптерді ұстану керектігі басты орында тұрады.
Мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі мен сыбайлас жемқорлықтың бетін қайтаруы бірін-бірі толықтыратын фактор болып табылады. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағытта жүйелі түрде жұмыс істеуі бүгінгі күннің талабы болмақ.
Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеті — мемлекеттік қызметшілер тарапынан орын алатын құқықбұзушылықтардың алдын алу.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңмен қарастырылған аталған әрекеттерге жол бергені үшін жауапкершіліктер түрі сақталады. Мемлекеттік қызметке кір келтіргені үшін лауазымынан босатылған мемлекеттік қызметшілер алдағы уақытта мемлекеттік қызметке орналаса алмайды.
Әдеп жөніндегі кеңестер қызметтік әдеп нормаларын бұзуға, соның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтарға жол берген басшы лауазымдағы мемлекеттік қызметшілердің істерін қарайды. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабына сәйкес мемлекеттік қызметке кір келтірген қызметшілер тәртіптік шараға тартылатын болады. Бұған дейін тәртіптік жазаға тартатын негіз 14 тармақшадан аспаса, аталған баптың 1-тармағы енді 19 тармақшаға дейін жеткізілді.
— Әдеп жөніндегі уәкіл қызметі пайда болғанын білдік. Оқырмандарымызға осы жөнінде түсінік берсеңіз.
— Әдеп жөніндегі уәкіл қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші. Біздің өңірде белгілі заңгер, облыстық әкімдік аппаратында қызмет ететін Әбдіхат Мырзалин қоғамдық негізде әдеп жөніндегі уәкіл қызметіне кірісті.
Әдеп жөніндегі уәкіл өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп Кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетеді; мемлекеттік қызметшілердің заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауына ықпал етеді; мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды.
— Мемлекеттің қызметшінің сыйлық алуы жөнінде айтсаңыз. Кейде жұртшылық алдында, белгілі бір себебін айтып, шын ықыласымен ұсынып жататын жағдай болады…
— Мұндайда, мүмкін, алуға тура келер. Бірақ, заң бойынша оны 7 күнтізбелік күн ішінде мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне құжатпен тапсыруы тиіс. Егер сол затты өзіне алғысы келсе, белгіленген баға бойынша сатып алуына болады. Аудандарда бұл процедураны әкімшілік арқылы жүзеге асырады.
Республика бойынша әзірге санаулы адамдардан ғана сыйлыққа алған заттары тапсырылды. Бұл алдағы уақытта қатаң бақылауға алынады. Сондықтан да лауазымды адамдардың мүмкіндігіне қарай сыйлық алмағаны дұрыс. Сыйлық ұсынушылар да мемлекеттік қызметшіні ыңғайсыз жағдайға түсіретінін ойлауы керек.
Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.
Таңдау мен талап
Мамандық таңдау әр адамның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі екені сөзсіз. Өйткені бұл таңдау өмір бойы қандай іспен айналысатыныңызды айқындап, болашағыңызға бағдар береді. Әрине, мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек.
Мемлекеттік қызметші болғыңыз келе ме? Мемлекеттік қызметке қалай қабылдануға болады?
Бұл сауалдарға жауап бермес бұрын алдымен мемлекеттік қызмет туралы қысқаша мәлімет берейік. Мемлекеттік қызмет — бұл, ең алдымен, мемлекет саясатын жүзеге асыруға бағытталған кешенді қызмет, атқарушы билік органдары қызметшілерінің тәжірибелік қызметі. Мемлекеттік басқару аясы сан түрлі, олардың әрқайсысы нақты бір салаға жауап береді: ауыл шаруашылығы, экономикалық даму, қаржы, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, қорғау және қорғаншылық, көлік, байланыс және коммуникация, т.б.
Мемлекеттік қызметшілердің сәйкесінше кәсіби жоғары білімі болуы қажет, нақты салада еңбек тәжірибесі болса құба-құп, азаматтардың мүдделеріне және мемлекеттің ішкі, сыртқы саяси бағдарын ұстана отырып, ел басшылығының алға қойған мақсаттарының орындалуына атсалысуы керек.
Мемлекеттік қызмет несімен қызықтырады? Бірінші кезекте, мемлекеттік қызметті таңдауда адамның жеке басы қасиеттерінің ерекшеліктері әсер етеді, бұдан кейін сыртқы факторлар, абыройлылық, тұрақты еңбекақы, жайлы жұмыс орны, әлеуметтік кепілдіктер.
Жоғары оқу орындарының түлектері алғашқы еңбек жолын мемлекеттік органдардан бастаса, бұл мансаптық өсуге сапалы негіз болатыны сөзсіз. Алайда өмірлік әрі еңбек тәжірибесі аз жастар мемлекеттік қызметтің қаншалықты жауапты және ауқымды қызмет екенін түсіне бермейді. Кейде ата-анасының итермелеуімен, бұрмаланған түсінікпен мемлекеттік қызметке түскен жастар жұмыстың ауыртпалығын көтере алмай, қызметтен шығып кететіндері тағы бар. Мемлекеттік қызмет жай ғана шырт киініп, әдемі кеңседе, тұрақты жалақы алып отыру емес, бұл күнделікті, қажырлы, тиянақты еңбек ету.
Өз таңдауыңызды жасадыңыз ба? Мемлекеттік қызметші болуға бел байладыңыз ба? Олай болса, бірнеше пайдалы кеңес.
Мемлекеттік қызметке бару үшін бірнеше іріктеу сатыларынан өту қажет. Мемлекеттік органдарда бос лауазымдар пайда болған жағдайда конкурс жарияланады.
Айта кету керек, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі құзыреттілік пен конкурстық іріктеуге негізделген мансаптық модельге көшті. Яғни, мемлекеттік қызметке бару төменгі лауазымдардан басталып, біртіндеп мансаптық жылжу арқылы жүзеге асырылады.
Конкурсты өткізу туралы хабарландырулар бос лауазымдары бар мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің (www.kyzmet.gov.kz) сайтында жарияланады.
Бос орынды анықтап, сол мемлекеттік органда жұмыс жасауға бел бусаңыз, конкурсқа қажет құжаттарды жинақтауға кірісе беріңіз. Өйткені құжаттарды конкурс туралы хабарландыруды жариялаған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде тапсыру қажет, әйтпесе үлгермей қалуыңыз әбден мүмкін. Конкурс жөнінде сұрақтар туындаған жағдайда хабарландыруларда көрсетілген байланыс нөмірлеріне телефон соғып, кеңес алуға болады.
Белгіленген межеге жетудің бастапқы нүктесі Қазақстан Республикасының заңнамаларын білуге арналған тестілеуден басталады. Бұл конкурстық іріктеудің алашқы әрі маңызды сатысы. Тестілеуді конкурстық іріктеу кезінде ғана емес, оны алдын ала да өтіп қоюға болады. Мүмкіндігіңізше солай істегеніңіз жөн, өйткені сәті түсіп, тестілеудің оң нәтижесіне қол жеткізген жағдайда, қолыңызға мерзімі 1 жылға жарамды сертификат беріледі және онымен кез келген жалпы конкурсқа қатыса аласыз.
Тестілеу компьютерде, арнайы жабдықталған залда дұрыс жауапты белгілеу арқылы жүргізіледі. Заңдар тізімі, тестілеудің ұзақтығы және сұрақтар саны таңдаған тестілеу бағдарламасына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
Тестілеуге жазылу үшін үйде отырып «электрондық үкімет» (egov.kz) немесе Мемлекеттік корпорацияға (Халыққа қызмет көрсету орталығы) жүгіну арқылы тестілеу бағдарламасын таңдап, тест тапсыру уақыты мен күнін белгілеп, өтініш берсеңіз жеткілікті. Мемлекеттік корпорацияға және тестілеуге барғанда өзіңізбен бірге жеке басыңызды куәландыратын құжаттарыңызды алуыңызды ұмытпаңыз.
Тестілеуді өту барысында сізден ұялы телефоныңызды қалдыруды немесе өшіріп тастауыңызды сұрайды. Дайындаған қағаздарыңызбен және басқа да құжаттармен кіруге тыйым салынған. Тестілеу залы видеобақылаумен жабдықталған және сіз телефон немесе әзірленген дайын жауапты қолдану үстінде ұсталсаңыз, тестілеу орталығының қызметкерлері тестілеу процедурасын бұзу жөнінде акт толтырады. Мұндай жағдайда қайта тестілеуді 6 айдан кейін ғана тапсыра аласыз.
Тесілеудің оң нәтижесіне ие болсаңыз, 20 минут ішінде жеке басыңыздың қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуге өтуге жіберілесіз. Бұл — конкурстық іріктеудің екінші сатысы.
Тестілеудің бұл түрінде үміткерлердің келесідей жеке қасиеттерінің даму деңгейі анықталады: бастамашылдық, адамдармен тіл табысу, аналитикалық, ұйымдастырушылық, стратегиялық ойлау, көшбасшылық, әдептілік, сапаға бағдарлану, тұтынушыға бағдарлану, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік.
Соңғы әрі шешуші саты — әңгімелесу. Ол бос орын туралы конкурс жариялаған мемлекеттік органда өтеді. Өзіңізді комиссия мүшелері алдында еркін ұстап, ұтымды жағынан көріне біліңіз, оларды алдыңызға қойған міндеттерді орындауға барлық қажетті кәсіби және жеке қасиеттеріңіздің бар екеніне сендіріңіз. Комиссия таңдауы сізге түспесе, қам жемеңіз, өйткені алған тәжірибеңізді оңтайлы пайдалана отырып, келесі конкурстарға қатысуа толық мүмкіндігіңіз бар.
Сәттілік тілейміз!
Гүлмира БИСЕКЕШЕВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы.
Ресми деректер не дейді
2016 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Ақтөбе облысының мемлекеттік қызметшілерінің штаттық саны 4773 бірлікті құрайды, нақты мемлекеттік қызметшілер саны — 4509 адам.
Мемлекеттік органдардағы бос орындар саны — 264 бірлік, штатпен толықтыру 94,5%.
Мемлекеттік қызметшілердің жартысынан астамы қыз-келіншектер — 2534 (56,7%).
Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы — 38,5 жас.
Мемлекеттік қызмет өтілі орташа алғанда 11 жылды құрайды, атқарып отырған луазымдардағы орташа жұмыс өтілі — 3 жыл 9 ай.
2015 жылы Ақтөбе облысында 843 бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурстар жарияланған, оларға қатысушылар саны 1154 адам, оның ішінде қыз-келіншектер — 541 немесе 46,9%, бір орынға — 1,4 үміткер.
«Б» корпусының мемлекеттік қызмет резервінен 114 тұлға жұмысқа орналастырылған, бүгінгі күні 70 тұлға резервте тұр.
2015 жылдың басынан бастап мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға алғаш қабылданған 173 тұлғаға тәлімгерлер тағайындалған.
Аймақтық оқыту орталығында 12 қайта даярлау курстары және 17 біліктілік арттыру семинарлары өткізілген, онда 1114 мемлекеттік қызметші оқытылған.
Тәртіптік кеңестің 15 отырысы өткізіліп, оларда 45 тұлғаға қатысты тиісті тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсынымдар қабылданған, оларды талдап айтсақ: 12 тұлға сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқықбұзушылықтар жасағандары үшін, 33 тұлға ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс Кодексінің талаптарын сақтамағандары үшін.
18 әкім мен мемлекеттік орган басшысы тыңдалып, олардың нәтижесі бойынша жұмысты жетілдіру жөнінде 207 ұсыным әзірленді.
2015 жылы жергілікті атқарушы органдар тарапынан 3 475 279 мемлекеттік қызмет, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері тарапынан 1 000 371 мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен және азаматтық қоғам өкілдерімен құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен жоспарлар шеңберінде 400-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.
Тәртіптік кеңес төрағасы жеке мәселелер бойынша 132 адам қабылдаса, оның 109-ы облыс аудандарында қабылданған.
Сіздің сауалыңыз және оның жауабы
— Мен мемлекеттік қызметте жұмыс жасаймын. Бір лауазымнан екінші лауазымға ауысу қалай жүзеге асырылады?
— Мемлекеттік әкімшілік лауазымға ауысу тәртібімен орналасу: «Б» корпусының «А» және «В» санаттарының топтарына жатқызылған лауазымдарға мемлекеттік органдарға, сондай-ақ мемлекеттік органдардан «А» және «В» санаттарының топтарына жатқызылған лауазымдардан басқа мемлекеттік органдарға; 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін ҚР шетелдердегі мекемелеріне ауысу тәртібімен жіберілген мемлекеттік қызметшілер үшін ҚР шетелдердегі мекемелерінен мемлекеттік органдарға; лауазымдары «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарының «А» және «В» санаттарының топтарына жатқызылған мемлекеттік органдардың ішінде; басқа мемлекеттік органдардан мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының көмекшілері мен кеңесшілері, баспасөз хатшылары лауазымдарына жүзеге асырылуы мүмкін.
Басқа жағдайларда ауысу тәртібімен орналасуға жол берілмейді. Қызмет істеп жатқан мемлекеттік мекемедегі немесе басқа мемлекеттік мекемелердегі лауазымдарға орналасу үшін ішкі конкурстарға қатысуға болады.
— Мемлекеттік қызметке орналасу үшін тестілеуге қалай жазылуға болады?
— «Б» корпусының лауазымына үміткерлер тестілеуге қатысу үшін тестілеу күніне дейін бір күнтізбелік күннен кешіктірмей «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» (Халыққа қызмет көрсету орталығы) мемлекеттік корпорациясына жүгіну арқылы тестілеу бағдарламасын, тест тапсыру күні мен уақытын көрсете отырып, өтініш тапсырады.
«Б» корпусының лауазымына кандидат Мемлекеттік корпорацияға жүгінген жағдайда, оның жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады.
— Биылғы жылдан бастап тестілеу бағдарламасы өзгерді. 2015 жылдың аяғына дейін алынған сертификаттар мемлекеттік қызметке түсуге жарамды бола ма? Жеке қасиеттерін бағалаудың қорытындысын қалай аламын?
— 2015 жылдың аяғына дейін алынған заңдарды білуі бойынша тестілеу сертификаттардың жарамдылық мерзімі — 1 жыл.
Бұндай сертификаттар болған жағдайда, үміткерге конкурсқа қатысу үшін жеке қасиеттерін бағалаудың қорытындысын алуы керек.
Бұл үшін заңдарды білуі бойынша тестілеуден өткен сияқты «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тіркеліп немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жүгіну арқылы, заңдарды білуі бойынша тестілеуден қандай санат таңдаған болсаңыз, дәл сол санатты таңдау керек.
— 2016 жылдан бастап «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резерві институты жойылды. Осыған байланысты, резервте тұрған тұлғалардың жағдайы не болады?
— «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңына сәйкес осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған азаматтар «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына «Б» корпусының кадр резервінде болудың бір жылдық мерзімі өткенге дейін конкурс өткізілмей тағайындалуы мүмкін.
Сонымен қатар, жаңа Заң резервтегілерді тағайындалуы мүмкін мемлекеттік органдар жағынан шектемейді.Осыған байланысты, мұндай резервтегілер бұрын резервке қай мемлекеттік органның ұсынысы бойынша қабылданғанына тәуелсіз кез келген мемлекеттік органға тағайындала алады.
— Қазіргі таңда келісімшарт негізінде қызмет атқарып жүрген зейнеткер-әкімшілік қызметшілердің жағдайы қандай болмақ?
— Жаңа заңға сәйкес, зейнеткерлік жасқа жеткен тұлғалар мемлекеттік әкімшілік қызметте болуы тек бір жыл мерзімге ғана ұзартылу мүмкін.
Бұл ретте, зейнеткерлермен осы жылдың аяғына дейін жасалған келісімшартпен көрсетілген мерзім өткенге дейін мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға құқылы.
— Мемлекеттік әкімшілік қызметке кіру кезінде сынақ мерзімінен өту міндетті ме?
— Мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметке оны тоқтатқаннан кейін қайтадан кірген мемлекеттік қызметшілер үшін олардың атқаратын мемлекеттік лауазымдарына сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі белгіленеді.
Мемлекеттік саяси қызметке, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне кірген мемлекеттік қызметшілер үшін сынақ мерзімі белгіленбейді.
Сынақ мерзімі үш айды құрайды. Сынақ мерзімінің нәтижесi қанағаттанарлықсыз болғанда сынақ мерзімі кейіннен қайта ұзартылмайтын үш айға ұзартылады.
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісін сынақ мерзімінің нәтижелерi бойынша қызметтен шығару уәкiлеттi органмен немесе оның аумақтық бөлiмшесімен келiсу бойынша жүзеге асырылады.
— Мемлекеттік қызметке кіру кезінде қалай және қандай лауазымдарға тәлімгерлер бекітіледі?
— Тәлімгерлік — бұл қызметшілерді қызметтік міндеттерін өз бетінше орындауға бейімдеу мен кәсіби дайындау үрдісі. Мемлекеттік қызметке алғаш рет кірген қызметші сынақ мерзімін өту кезеңіне ұзақтығы үш айға дейін тәлімгерлік белгіленеді. Сынақ мерзімі алты айға дейін ұзартылған жағдайда, тәлімгерлік көрсетілген мерзімге белгіленеді.
Тәлімгер — қызметшіге бекітілген, оның кәсіби даярлығына практикалық көмек көрсететін мемлекеттік қызметші.
— Кімнің тарапынан, қандай мерзімде және қандай мақсаттарда арнайы тексеру жүргізіледі?
— Мемлекеттiк қызметке алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметке оны тоқтатқаннан кейiн қайтадан кіретін азаматтар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметке кiру шарттарына сәйкестігі тұрғысынан ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізетін арнайы тексерудің оң нәтижелерін алуы қажет.
Арнайы тексеруді жүргізу мерзімі үш айға дейінгі уақытты құрайды.
Арнайы тексеруді жүргізу кезеңінде бұл азаматтарға мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен жауаптылығы, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы Заңының ережелері қолданылады. Бұл азаматтардың құқықтары еңбек шартында айқындалады.
(Көпшілікті толғандырған сауалдардың жауабы ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыстық департаментінен алынды).




