Құқық

Букмекерлік кеңсені тонаған кісі ұсталды

Ақтөбеде букмекерлік кеңсеге қарақшылық жасаған жігіт ұсталды. Күдікті 85 мың теңгені үптеп кеткен.
11 ақпан күні таңғы сағат 8.20 шамасында Заречный полиция бөліміне Қарғалы ауданында орналасқан букмекерлік кеңселердің біріне шабуыл жасалғандығы жөнінде ақпарат келіп түседі. Хабарлама түскен бойда қылмыс орнына шұғыл түрде жеткен жедел-тергеу тобы бетін мойыншалмамен бүркеген белгісіз адамның кассирді шолақ мылтықпен қорқытып, 85 000 теңгені алып кеткенін анықтады.
Қарулы қылмыскерді ұстауға ішкі істер департаментінің жедел-тергеу мен сыртқы қызметтері және Заречный полиция бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылды. Нәтижесінде аталған қылмысты жасады деген күдікпен 25 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғынын ұстады. Тінту кезінде одан букмекерлік кеңседен қылмысты жолмен қолды қылған ақшаның 67 мыңы табылып, тәркіленді.
Тергеу барысында күдікті қылмысты жасағанын толығымен мойындады. Қазіргі таңда оның үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 192-бабы, яғни «Қарақшылық» дерегімен қылмыстық іс қозғалып отыр. Бұл бап бойынша қылмысты адамның мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ұсталған азаматқа бұлтартпау шарасы қолданылды. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button