Жаңалықтар

Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде өтемақы төлеуге байланысты қосымша келісімдер жасала бастады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев теңге бағамының өзгеруінен салымшылардың жинағы зардап шекпес үшін қолдан келгеннің бәрін жасау жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын. Нәтижесінде Үкіметте салымшыларға өтемақы төлеу бағдарламасы жасалды. Кеше «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы өз салымшыларына өтемақы төлеуге байланысты қосымша келісімдер қабылдауды бастады. Қазір аталған банктің Ақтөбедегі салымшыларының нақты саны — 40552.
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Дархан Ыбырайымның айтуынша, өтемақы төлеу үшін жеке есепшот ашылмайды. Өтемақы төлемдері салымшылардың депозиттегі шотына салынатын болады. Ең бастысы — өтемақыны алу үшін депозит бір жыл банкте жатуы керек. Бағымдық айырмашылық бюджет қаражаты есебінен және банктің меншікті қаражатынан төленеді.
— Банк салымшыларына өтемақы төлеуге байланысты қосымша келісімдер
8 ақпан — 1 маусым аралығында жүргізіледі. Кешеден бастап біз депозитінде
1 миллион теңгеден астам қаржысы бар салымшылармен жұмысты бастап кеттік. Ол үшін салымшыларға банк кеңсесіне келудің қажеті жоқ. Салымшылар үшін қосымша келісімдер Ақтөбе қаласындағы Тургенев көшесі мен 12-шағын ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүргізіледі. Орталықта салымшылардан жеке басын куәландыратын құжат қана сұралады, — деді Д.Ыбырайым.
Оның айтуынша, салым сомасына ешқандай шектеу қойылмайды. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» 2015 жылдың 18 тамызына дейін ашылған депозиттердегі салымдарға ғана өтемақы төленеді. Салымшылар үшін өтемақы үш жағдайда төленбейді. Егер салым 2015 жылдың 18 тамызына дейін берілген тұрғын үй, алдын ала тұрғын үй және аралық тұрғын үй заемдары бойынша қамтамасыз етуде тұрған болса, банктің ішкі құжаттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, белгіленген мерзім аясында қосымша келісімге қол қойылмаған жағдайда салымшыларға өтемақы төленбейді. Салымшылар үшін тағы бір ескеретін жайт — ақша салу күніне баспананы сатып алу-сату шарттары немесе 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасы, өңірлік тұрғын үй бағдарламасы аясында кейіннен сатып алумен жалға алу шарты жасасқан жағдайда қосымша келісімдер жасалмайды.
— Салымшылар өтемақы алу үшін банкпен жасалған келісімге www.egov.kz порталында немесе банктің www.hcsbk.kz ресми сайтында электронды-сандық қолтаңба арқылы қол қоюы керек. Егер салымшының сандық қолтаңбасы болмаса, халыққа қызмет көрсету орталығынан электронды сандық қолтаңба алу мүмкіндігі қарастырылған. Келісім жасасу, сандық қолтаңба алу бәрі бір орталықта жүргізіледі, — деді Д.Ыбырайым.
Еске сала кетсек, ұлттық валюта бағамы өзгеріске ұшырағаннан кейін Мемлекет басшысы Үкіметке «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкі» АҚ салымшыларының жинағын сақтау бойынша дербес механизм қарастыруды тапсырған болатын. Өткен жылдың соңында «Бәйтерек» басқарушы холдингі ҚР Қаржы, Ұлттық экономика, Инвестиция және даму министрліктерімен әрі Ұлттық Банкпен біріге отырып өтемақы төлеудің оңтайлы тетігін әзірлеген.
Дархан Ыбырайым өтемақы мөлшерін есептеуді былайша түсіндірді:
— Өтемақы мөлшерін есептеу үшін 2015 жылдың 18 тамызындағы және 2015 жылдың 20 тамыздағы Астана уақытымен сағат 11.00-дегі жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» акционерлік қоғамының таңғы сессиясында қалыптасқан АҚШ долларына шаққандағы ұлттық валютаның орташа биржалық бағамы қолданылады. Өтемақы коэффициенті 2015 жылдың 18 тамызындағы операциялық күннің соңындағы жағдай бойынша тұрғын үй құрылыс жинақ салымының 35,5 пайызын құрайды. Егер салымшының банкте екі немесе одан да көп салымы болса, өтемақы төлемі әрбір тұрғын үй жинақ салымы бойынша төленеді.
Биыл өтемақыны есептеу кезеңі 1 шілдеге дейін жүзеге асырылуы тиіс.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button