Құқық

Мас күйінде көлік жүргізетіндер көп

Былтыр Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық және Қылмыстық процестік Кодекстері қолданысқа енгізілді. Жаңа құқықтық актіде қылмыстық құқықбұзушылық құрылымына жаңа дәреже ретінде бірқатар қылмыстық теріс қылықтар қосылған.
Атап айтсақ, бұрын әкімшілік құқықбұзушылық болып есептелген көлік жүргізу құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік жүргізуі, сол сияқты көлікті осындай адамның басқаруына жол беру қылмыстық теріс қылық болып есептеледі.
Жаңа Қылмыстық Кодекстің 346-бабының 1-бөлімі бойынша, жоғарыда аталған теріс қылық жасағаны үшін кінәлі тұлғаны белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айыра отырып, бес жүз айлық есептік (2121 х 500 = 1060500 теңге) көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салумен жазалайды. Не болмаса сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 300 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Барынша қатаң жаза ретінде 90 тәулікке дейін қамаққа алу көзделген, алайда бұл жазаны қолданысқа енгізу тек қана өтеу шартының жағдайы қамтамасыз етілгеннен кейін ғана, яғни ҚК-нің 467-бабына сай 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағайындау қарастырылған.
Ақтөбе қаласының №2 сотының өндірісіне өткен жылы барлығы 1592 тұлғаға қатысты 1410 қылмыстық іс, оның ішінде қылмыстық теріс қылық бойынша 269 адамға қатысты 264 қылмыстық іс түскен. Оның 97-сі — Қылмыстық Кодекстің 346-бабы бойынша 97 тұлғаға қатысты орын алған. 88 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылған. Үкім бойынша сотталған 52 адам қоғамдық жұмыстарға тартылса, 36 адамға айыппұл салынған.
Сотта қаралған қылмыстық істерді сараласақ, дені — көлік құралын басқару құқығынан айырылған тұлға бола тұра, араққа сылқия тойып алып, көлік жүргізгендер. Мысалы, Ақтөбе қаласының №2 сотында ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөліміне сәйкес қылмыстық теріс қылық жасаған айыбы бойынша Р.Павловқа ( аты жөні өзгертілді ) қатысты қылмыстық іс қаралды. Павлов бұған дейін 2009 жылы және былтыр қазан, қараша айларында бірнеше рет құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартыла отырып, тағы да масаң күйінде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасының орын алуына жол берген. Сот үкімімен Павлов ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлімімен қылмыстық теріс қылық жасаған айыбы бойынша кінәлі деп танылып, оған жаза ретінде 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 991 000 теңге айыппұл тағайындалды. Сотталушы Павлов үкіммен келіспей, оны тым қатаң деп есептеп апелляциялық шағым келтірді. Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз, сотталғанның апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.
Кейде ішімдік ішіп көлік басқарудың соңы орны толмас қайғымен ұласып жатады. Сондықтан да көлік басқарғанда аса жауапкершілікпен қарауға міндеттіміз. Себебі, көлік жүргізген уақытта өз өмірімізбен бірге өзгенің де өміріне жауапты екенімізді ұмытпайық.

А.БАЛМҰҚАНОВ,
Ақтөбе қаласы №2 сотының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button