Билік

Бесінші жол

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Интерфакс» агенттігі мен «Известия» газетіне ХХІ ғасыр басындағы өркениеттік дағдарысқа арналған мақала жазып, ол 22 қыркүйекте жарияланды. Төменде сол мақаланың қазақша нұсқасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

ХХІ ғасырдың басы, әлемдік тәртіптің жақсаруына деген үмітке қарамастан, қатерлер мен сынақтарға толы болды, оларды жалпы өркениеттік дағдарыс ретінде белгілеуге болар еді. Бұл дағдарыс жүйелік болып табылады, өйткені біз өндірістік, энергетикалық, экологиялық, азық-түліктік, әлеуметтік, тіпті әскери-саяси дағдарыстардың бір мерзімдегі белгілерін көріп отырмыз. Бірақ та, бәрінің негізінде, жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс жатыр, оны әлемдік валюта-қаржы архи­тектурасының ақаулары туындатты. Содан да біз жаһандық дағдарыстың басты себебін, соқтасын жойғанға дейін оның келеңсіз көріністері асқына береді.

Дағдарыс бастаулары және оны сауықтыру жолдары

Жаһандық дағдарыстың басты себебі, әлемдік резервтік валюталардың генетика­лық ақаулары болып табылады. Үстіміз­дегі жылғы ақпанның басында «Рос­сийс­кая газетада» жарияланған «Дағдарыстан шығу кілті» атты мақаламда мен осынау ақаулықты анықтау әрекетін жасадым. Бұл ақау мынада, әлемдік валюталардың қалыптасқан эмиссия тәртібі мен ай­на­лымы заңдылықтың, демократиялықтың, бәсекелестіктің, тиімділіктің, валюталарды пайдаланушылар тарапынан бақылаудың және сол сияқтылардың ешқандай өлшем­деріне сай келмейді.

Осының бәрі басты, алғашқы ақау­лар­дың бірімен заңды түрде байланысты: әлем­нің барлық валюталары құнды ил­люзиялық тұрғыда бағалаудың әлдеқашан ескірген құралдар санатына жатады. Бү­гінде резервтік валюталардың бірде-бірі тауарлар мен қызметтердің шынайы құ­нын нақты бағалай да өлшей, айырбастай да көшіре алмайды.

Жаһандық дағдарыстан шығудың мәні – осынау өздерін әлдеқашан түгесіп болған әлемдік валюталардан жаңа сападағы жаңа қаржы құралдарына: тауарлар мен қызмет­тердің құнын нақты өлшеуіштерге әлде­қашан пісіп жетілген, сөзсіз көшуде болып отыр. Тек осы жаһандық геоқар­жы­лық инно­вация ғана жаңа мақсаттар, құндылық­тар, пайымдар базасында әлемді біртіндеп түбегейлі жаңартуды бастауға жол ашпақ.

Әлемдік валюталардың жаңа санаты сөзсіз енгізілетіні және бүкіл алдыңғы қа­тар­лы адамзаттың қызметіне заңды қа­был­данатыны күмән туғызбайды. Ерте ме, кеш пе оны әлемнің өрлеу үстіндегі қаржы элиталары мен геоқаржылық ин­но­вацияларды ендірудегі барынша озық елдер қажет ететін болады. Прогресс се­кіл­ді бұл үдерісті де ешкім тоқтата алмайды.

Алайда, әзірге әлемдегі барлық күштер бірдей өзінің болашағына деген мұндай көзқараспен келісуге әзір емес. Бұл әбден түсінікті де табиғи нәрсе. Сондықтан да, дағдарыстан шығудың ұсынылып жатқан дауа­лар спектрі бүгінде айтарлықтай кең ауқымда. Ол қазіргі әрекет үстіндегі, оқиғалар аренасынан сөзсіз кететін қаржы элиталарының мүдделерін қорғаудың әр­ қилы әдістерінен бастап оларды ауыс­ты­руға келе жатқандардың, жаңа санаттағы валюталардың ұлтүстілік эмиссия орта­лықтарын сөзсіз құратындардың мүдде­лерін іске асыруға дейінгі аралықта көсіліп жатыр. Бүгінгі дүниеде, әлемдік және ұлттық элиталардың түрлі топта­рын­да қазірдің өзінде жаһандық дағдарысты емдеу дауаларының әр қилы нұсқалары бай­қап көріліп, әзірленуде. Солардың арасынан, меніңше, дағдарыстан шығу­дың кем дегенде бес негізгі жолы айқын сұлбаланып қалды.

Бірінші жол:

«Түпке жетуді қимылсыз бағу»

Емдеудің көне бұл дауасын ескі айналып соғатын дағдарыстар жағдайында әбден қолдануға боларлық еді. Ол бүгін де кеңінен пайдаланылады. Бірақ та осы жолғы жаһандық дағдарысты емдеуге қаншалықты келер екен? Өйткені, бұл дағдарыстың сипаты қағидаттық тұрғыда басқашалау.

Бұл – негізгі гендік коды барлық өсу ресурстарын әлдеқашан тауысқан, сан мәрте ақаулы, өзін әлдеқашан түгескен әлемдік резервтік валюталар институты негізінде құрылған бүкіл әлемнің жүйелік дағдарысы. Сондықтан да, дағдарыстың шынайы «түбі» құлдыраудың аяқталуы мен өсудің басталуы емес, оның басты себебін толық жою болмақ.

Мұндай «дауаның» қорытындысын бол­жау қиын емес. Біз ештеңені өзгерт­пей­міз, сөйтіп, «түпке» дейін құлауды қи­мылсыз күтіп, бір-бірімізбен есеп айы­ры­суда долларды (немесе еуроны) пайда­ла­нуды жалғастырамыз. Жаһандық дағда­рыстың екінші немесе үшінші толқыны әлемнің резервтік валюталарын да, біздің елдеріміздің көп бөлігінің активтерін де нөлге айналдыруы мүмкін. Ал бұл біздің ұлттық өнеркәсіптік-технологиялық жүйе­леріміздің ыдырауына ғана емес, сонымен бірге, ұлттық инфрақұрылымдардың күй­реуіне де, әлеуметтік күйзелістерге және солардан туындайтын саяси апаттарға соқтыруы мүмкін.

«Түпке жетуді» қимылсыз күтудің мұн­дай дауасы қарапайым тілде айтсақ былай болып шығады: «Біз әзірге жаңа дерттің мәнін білмейміз, бірақ та сізге оны ескі дерттің дәрісімен емдеуді ұсы­намыз». Мұндай дауа дағдарыстың басты, тереңде жатқан себебін жоя ма, гендік кодты өзгерте ме? Әрине, жоқ. Онда оны қаншалықты қолдануға болады, ол емдей ала ма және құтқара ала ма? Нақты «су­дың түбін», дағдарыстың түбегейлі себеп­терін жоюды бастап қана сезуге болады. Бүгінгі «түбіне жету» мен «шыға бастау» туралы түйдек-түйдек пікірлер шығу иллюзиясына негізделген болуы керек.

Екінші жол:

«Валюталық своптар»

Валюталық своп – бұл валюта рыно­гына қатысушылардың бір елдің ақша бірлігінің келісілген сомасын өзге елдің валютасына айырбастау жөніндегі екі қарама-қарсы конверсиялық мәмілелердің комбинациясы екені белгілі. Қазір біздің кейбір көршілеріміз Азиядағы, Еуропа мен Америкадағы өз әріптестерімен мәміледе дағдарыстан шығудың осынау тактикалық жолын белсене пайдалануда.

Бұл, шынында да, дағдарыс езгісін жеңілдету үшін жаман нұсқа емес. Алайда, ол стратегиялық тұрғыда немесе ең бол­ма­ғанда орташа мерзімдік тұрғыда қан­ша­лықты тиімді? Ал мұндай жолдың орташа мерзім қорытындысын болжау қиын емес. Біз валюталық своптарға көшуді бастап, бір-біріміздің валюталарымызда жұмыс істеудеміз. Бірақ та, дағдарыстың екінші не­месе үшінші толқынынан кейін әлем­нің жетекші елдері аман қалуға, соның ішінде, басқалардың ұлттық валюталарын күйрету есебінен аман қалуға ұмтылатын болады. Күшті әрдайым осалдың есебі­нен, әсіресе, өзі апаттық жағдайда күшінен айырылып бара жатқанда осалдың есебінен аман қалуға ұмтылады. Бұл – қазіргі тұрғыдағы джунгли заңы.

Нәтижесінде, валюталық своптар тех­нологиясы қолдана алмаушылыққа дейін қи­ындайды. Сонда бізге өзара сауда-саттық­ты сақтау үшін, не бөгде біреудің ақау­лы ұлттық валютасын қабылдауға, не бартерге көшуге тура келетіні сөзсіз. Ал мұның өзі біз­ді 1-Жолдың «түбіне жетуді» күту жө­нін­дегі қайғылы жағдайына жеткізетіні кәміл.

«Валюталық своптардың» бұл жолы жаһандық дағдарыстың ең терең себеп­терін, оның «ақаулы» гендік кодын жоя ала ма? Немесе бұл жолдың, ең болмағанда, қандай да бір жаңалығы бар ма? Әлбетте, жоқ. Валюталық своптар – бұл іс жүзінде осы заманғы орамдағы орта ғасырлық валюталар бартерінің, геоқар­жы­лық инновацияның дөрекі түрінен басқа ештеңе емес.

Бұл дауаның қарапайым аудармасы былай болып шығады: «Біз бұл дерттің тереңде жатқан мәнін білмейміз, бірақ та сізге уақытша ауруды сезінбеу тә­сілін ұсынамыз». Бұл жергілікті қаржы­лық анестезия дағдарыстың кейбір езгісін жеңілдетіп, бізді ескі жүйенің соңына қа­райғы жолда уақытша тыныштандырады. Алайда, бұл жүйенің генетикасын ешқан­дай да өзгертпейді және оның гендік кодына ешқандай жаңалық енгізбейді. Және ескі әлемдік валюта жүйесінің күйреуі жағдайында өзінің ауруды сездірмеу тиімділігін тез жоғалтады.

Үшінші жол:

«Доллар идеяларының өңін айналдыру»

Бұл жол бәз бір ұлттық валюталардың бірін өңірлік, континенттік немесе әлемдік резервтік валютаға айналдыруда болып отыр.

Бүгінде әлемнің бірқатар елдерінің жетекшілері осындай ниеттері туралы мә­лімдеуде. Яғни, іс жүзінде «доллар идея­сын», бірақ та өз ұлттық валютасының «кос­тюмімен» қайталап іске асыру туралы мәлімдеуде. Басқаша айтқанда, өзіне және өзінің ұлттық валютасына ұлтүстілік валютаның шамасы жетпес таңғажайып миссиясын және оның қайғылы жолын таңғажайыптықпен қайталауды жүктеуде.

«Доллар идеяларының өңін» жергілікті киіммен өңірлік, континенттік немесе жаһандық деңгейде айналдыру да апатқа ұрындырады және бұл идеяны ұсынушы елдің ғана емес, сонымен бірге, бұл валюта пулына кірген елдердің де ұлттық эко­номикаларын күйретуі мүмкін. «Доллар идеясын» көшіретін мұндай «дағдарыстан шығу» дауасының қорытындысын есептеп шығу қиын емес – сол дағдарыс, бірақ енді жаңа құрылған валюталық бірлестік (одақ) шеңберіндегі дағдарыс болмақ.

ЕурАзЭҚ немесе ШЫҰ-да біздің біріміздің ұлттық валютамыз негізіндегі мемлекетаралық ұлтүстілік қатынастарды құрған жағдайда біз елдердің бірінің ұлт­тық ақшасын әлемдік валюта рөлінде пай­далану себебіне байланысты туында­ған жаһандық дағдарыс схемасын қайта­лай­тынымыз сөзсіз. Бұған қоса, осы ретте өңірлік қайшылықтарды бәз біреудің ұлт­тық валютасын ұлтүстілік валюта ретінде пайдалану арқылы шешудің мүмкін емес­тігі секілді, өзіміздің өңірлік дағдарысы­мыз­ды туғызамыз. Яғни, жаһандық дағ­да­рыстан ішінара болса да шығуға қол жеткізіп қоймаймыз, қайта оны кеңейте түсеміз. Мұның өзі, бізді 2-Жолдың жара­қатты ізіне, немесе 1-Жолдың қайғылы қорытындысына апаратыны сөзсіз.

«Доллар идеяларының» мұндай өңін айналдыру әлемдік қаржы жүйесінің тереңде жатқан ақаулы гендік кодын жоя ала ма? Әрине, жоқ. Керісінше, ол осынау ескі гендік кодты өңірлік, континенттік және әлемдік ауқымдағы жаңа валюта-қаржы тетігіне салып, оны жергілікті валюталық «костюмдегі» маркамен кө­бейте түседі.

Төртінші жол:

«Ұлтүстілік эмитент»

Жаңа ұлтүстілік валютаны қандай да бір ұлтүстілік эмитенттің күшімен эмис­сиялау идеясының жақтастары біртіндеп көбейіп келеді. Оның бастамашылары­ның көп бөлігі қандай да бір синтети­калық валютаның ғана немесе қазіргі бар валюталардың қоржынынан құрылған SDR ­­­­- ХВҚ-ның қарыз алудың арнаулы құқығы тұрпатты есеп айырысу-төлем бірлігінің әр қилы нұсқаларын айтып отырса да солай болып тұр. Соған тиісінше SDR қоржынының кез келген ара­ластырылуы ­- бұл дағдарыстан «шы­ғудың» іс жүзінде ешқандай да нақты шығу болып табылмайтын ақаулы жолы.

Бұл жағдайда біз бұрынғы бірден-бір әлемдік валютаның алдын ала ақаулы эмитентінің орнына бұрынғыға қарағанда ақаулығы кем емес әлемдік валютаның «жаңа» топтық эмитентін аламыз. Бұл – әлем­дік резервтік валюта (SDR) да оның қоржынын құрайтын (егер бәз біреулерге алтынды қосу мүмкін болса, содан басқа­лары) барлық валюталар секілді құнды иллюзиялық бағалаудың құралы болып қалады.

Ақаулы және дімкәс ұлтүстілік эми­тентін құрудың мұндай дауасы ескі валю­та жүйесінің бәз бір туабітті генетикалық ақауын жоя ала ма? Оның тереңде жатқан гендік коды осындай жолмен өзгере ме? Егер әңгіме SDR тұрпатты құралдар туралы болып отырса, онда жоқ екендігі әбден айқын. Бүгінде бұл жолда кейбір саламатты идеялар бар болса да, солай болып табылады. Солардың бірі ­- SDR-дың төрт валюта қоржынын оған қосым­ша, мәселен, юаньді, рубльді және алтынды қосу жолымен модификациялау.

SDR-дың мұндай модификацияланған қоржынында ендігі жерде жаңа сападағы валютаның ­- тауарлар мен қызметтердің шынайы құнының нақты өлшегішінің алғашқы өскіндері пайда болуы мүмкін. Ал оның өзі әлемнің жаһандық дағдарыс­тан шығуы үшін алғашқы нақты «көпір» құрылысы бастауының атаулы элементі бола алар еді.

Осынау төртінші жолдың басқа нұс­қа­лары да бар. Мәселен, Латын Амери­ка­сы елдерінде ALBA тобы әзірлеген. Солардың бірі іске асыру кезеңінде тұр. Осынау бес елдің айрықша ұлтүстілік эмиссия орталығы эмитенттейтін жаңа ұлтүстілік электрондық есеп айырысу-төлемнің «сукре» бірлігін 2010 жылдан бастап айналымға енгізу жоспарланып отыр. Парсы шығанағы елдерінің тобы әзірлеген осындай басқа бір нұсқа 2011 жылы іске қосылады деп мәлімденген.

Жаңа саламатты ұлтүстілік эмитент құра бастаудың мезгілі жеткен тағы бір перс­пективалы өңір бар. Бұл – Шанхай ынтымақтастық ұйымының елдері. Біздің елдеріміздің ұлтүстілік дағдарыстан шығуын, біздің бәріміз үшін бірыңғай электрондық есеп айырысу бірлігінің ұлтүстілік эмиссиялық орталығын құру жолымен ғана нақты бастауға болады. Мен мұны ШЫҰ бойынша әріптестеріме ұсындым. Мұндай ұлтүстілік электрондық есеп айырысу-төлем бірлігі қалыптасқан валюталық жүйелерді өзгертпейді, қайта толықтыра отырып, ұзақ мерзімді инфра­құрылымдық инвестициялауды да, ағым­дағы транзакцияларды да жүргізуге мүм­кіндік береді. Ол ШЫҰ-ның барлық елдерінің және тұтастай Еуразияның ұзақ мерзімді ұлттық, өңірлік және жаһандық мүдделеріне эмитациялануы тиіс.

Жаңа ұлтүстілік эмитентті құру үшін тағы бір өңір, нақтылап айтсақ, континент – бұл әрине, Азия. Нобель сыйлығының лауреаты Джозеф Стиглиц Бангкоктағы, ЭСКАТО ғимаратындағы көпшілікке арналған жуырдағы лекциясында Азия елдерін жаңа ұлтүстілік бүкіләлемдік резерв жүйесін құруға шақырды және бұл үдерісті іс жүзінде бастаудың орны ретінде тікелей Азияны көрсетті.

Бұл идеяға, мәселен, АӨСШК – Азия­дағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңестің күшімен айтулы қолдау білдіруге болады. Осы ұйымға кіретін Азияның жетекші 20 елі, Азияның үлкен жиырмалығының, А-20-ның таяудағы саммитінде-ақ, Азияның ұлтүстілік электрондық есептесу бірлігін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдай алар еді. Бұл әлемдік экономиканың саламаттық бөліктерін дамытудың заңды үдерісі ретінде А-20 елдерінің өңірлік валюталық-есеп айырысу бірліктерін (экю, еуро, акю, динар, сукре, афро) құрудың біртұтас әлемдік тренд арнасындағы абсолюттік табиғи қадамы болар еді.

Саламатты ұлтүстілік эмитент құрудың мұндай 4-Жолдың қорытындысын болжау қиын емес. Осы ареалдардың әрқайсы­сын­да өздерінің ұлтүстілік электрондық есеп айырысу-төлем бірлігі әзірленуде. Және айналымға өздерінің ұлтүстілік есеп айырысу-төлем одақтарының күштерімен енгізілуде. Осылайша, бұл өңірлер иллю­зиялық тұрғыда емес, біртіндеп және қа­дам-қадаммен жаһандық дағдарыс айма­ғынан шығарылуда. Одан әрі қарай өз қа­дамдарын басқа ұлтүстілік валюта­лардың эмиссиялық орталықтармен үйлестіре оты­рып, өзінің айрықша бүкіләлемдік эмиссиялық орталығы бар біртұтас әлем­дік валютаны әзірлеуге жолдар іздестіруде.

Мұндай ұлтүстілік бүкіләлемдік эми­тент құрудың өзекті қажеттілігін жуырда ең беделді ұлтүстілік орган – БҰҰ-ның сау­да және даму жөніндегі конферен­ция­сы (UNCTAD) да қуаттады. Осы баянда­ма­да жүйе валюталар мен капиталдарға қатысты жаһандық экономиканы тиімсіз басқарғаны және қаржылық және эконо­микалық дағдарыстардың басты себебі болып табылатыны туралы қорытынды жа­салды. Сондықтан да жаһандық резерв­тік валютаның қазіргі бар жүйесі толы­ғынан қайта қаралуы тиіс. UNCTAD-тың бұл баяндамасы – ең беделді бүкіл­әлемдік институттардың бірінің 4-Жол бойынша алғашқы айтулы қадамы.

Мұндай 4-Жол уақыт өте келе, бізге жаңа әлемдік валюта және оны пайда­ланушылардың ұлтүстілік пулының қатаң бақылауымен әрекет ететін жаңа тұрпатты эмиссиялық орталық құруға шығудың перспективалы жолын беретіні анық. Бұл әлемдегі жаһандық дағдарыстардың жиілігін күрт төмендететіні, ал уақыт өте келе оларға мүлде ұрынбау мүмкіндігін беретіні айдан анық.

Құқықтық, қаржылық, ұйымдық және техникалық мәселелер мен мұндай ұлт­үстілік электрондық есеп айырысу бірлік­терін ендіру шығындары біздің елдеріміз жаһандық дағдарыстан «бір-бірлеп» және «ескі әдіспен» жалған да иллюзиялық құтылу жағдайында шегуі мүмкін қаржы-экономикалық, саяси және геосаяси зардаптармен салыстыруға келмейді.

Бесінші жол:

«Жаңа санаттың валютасы»

Бұл жол қағидаттық тұрғыда жаңа санаттағы ұлтүстілік есеп айырысу-төлем бірілігін (содан кейін валютаны да) әзірлеу және айналымға ендіру жөніндегі жақын ниеттес елдер тобының күш-жігерін біріктіруден тұрады.

Бұл жолдың түбегейлі жаңалығы құн­ды иллюзиялық бағалаудың ескі валю­та­лық бірлігінен тауарлар мен қызметтердің шынайы құндылығын нақты бағалаудың жаңа құралдарына саналы да мақсат­кер­лікпен көшуде болып отыр.

Ескі валюталардың орнын басуға ке­л­е­тін өңірлік және әлемдік қаржы құрал­дары­ның жаңа санатының, әлдеқайда, кең анықтамасы мынадай жеті өлшемді қамтиды:

Біріншіден, бұл – ескі, заңға дейінгі неме­се тіпті заңсыз әлемдік резервтік валютаға қарағанда жаңа заңды әлемдік валюта болады.

Екіншіден, бұл – бір елдің қаржы орталығы адамдардың шағын тобының мүддесі үшін эмитациялайтын ескі тота­ли­тарлық валютаға қарағанда, бүкіл адам­заттың мүддесі үшін жаңа демократиялық эмиссиялық орталық эмитациялайтын жаңа демократиялық валюта болады.

Үшіншіден, бұл – жалған құнды ескі иллюзиялық бағалауға қарағанда, шынайы құнды нақты өлшеудің құралы.

Төртіншіден, бұл ­- бақылаусыз қор­ланудың ескі құралдарына қарағанда, пай­да өндірісін бақылаудың жаңа қаржылық құралы.

Бесіншіден, бұл – өзімшілдікке, дүниеқорлыққа және ашкөздікке қызмет ететін бәсекелестік пен пайда табудың емес, елдердің, халықтардың, әлем мен адамзаттың біртұтас ұзақ мерзімді даму мақсаттарына қызмет ететін бәсекелестік пен пайда табудың тұтас, мүдделес, жаңа қаржылық құралы.

Алтыншыдан, бұл – барлық арқаулық дәстүрлі құндылықтарды қирататын құн­дылықтардан тыс бәсекелестік пен пайда табу емес, елдердің, халықтардың, әлем мен адамзаттың дамуының ортақ құнды­лық­тарын нығайта түсетін мақсатқа ба­ғыт­талған бәсекелестік пен пайда табудың жаңа қаржылық құралы.

Жетіншіден, бұл – мән-мағынасыз дүние жиюшылық пен тұтынушылықтың ескірген құралдарына қарсы тұратын, ел­дер мен халықтардың, әлем мен адамзат­тың дамуының асқақ мұраттарына толы пайымдалған пайда табудың, бәсеке­лестік пен дамудың жаңа қаржылық құралы.

Қағидатты түрде осындай жаңа сапаға ие валютаны ойластыру мен енгізу адам­затты жаһандық дағдарыстан кепілді түрде алып шығудың айқын да сенімді жолы болып табылатындығы талас тудырмаса керек. Мұндай жол әлемдік валюта-қаржы жүйесінің гендік кодының өзін түбегейлі түрде өзгертеді әрі осы дағдарыстың терең себеп-салдарларын жоюға кепілдік береді.

Жаңа тұрпатты валютаны ойластыру мен енгізу кезегі жеткен, нақты жүзеге асы­руға болатын әрі прагматикалық мін­дет. Адамзат мұнан да күрделі міндеттерді табысты шешкен болатын. Әуел баста, осы жаңа валютаны болашақта қолданушы­лар­дың ниеті мен ерік-жігері жетіп жатыр. Сондай-ақ осы ниет пен ерік-жігерді бұл міндетті қадам-қадамымен, іс жүзінде іске асыруды бастайтын біртұтас ұйымға ресімдеу қажет. Әлем елдері БҰҰ аясында UNCTAD-тың таяудағы баяндамасы негі­зінде қазірдің өзінде бұл бағытта алғашқы қадамды жасауға мүмкіндік алып отыр.

Әлемдік прогресс тосындығы

Осы заманғы инноватикаға бажайлап, жүйелі түрде қарау инновацияның, қазір­ше жұрт онша ажырата қоймайтын, түбірлі үш тобын көруге мүмкіндік береді. Бұл, біріншіден, елдер мен әлемнің дамуының, технологиялық жөн-жосығының негізіне алынған техникалық-технологиялық инновациялар. Бұл, екіншіден, ілгері да­муы елдер мен әлемнің валюта-қаржылық жөн-жосығының алмасуын айқындайтын валюта-қаржылық инновациялар. Бұл, үшіншіден, елдер мен әлемнің әлеумет­тік-саяси жөн-жосығының алмасуының негізіне алынған әлеуметтік-саяси инновациялар.

Инновациялардың осы үш «қабат­тарын» нақпа-нақ айырып алу, жаһандық дағдарыстың мәні мен одан шығудың жолдарын айқындау үшін өте маңызды. Өйткені, оның мәні әрбір ел мен тұтас әлемнің технологиялық, валюта-қаржы және әлеуметтік-саяси жөн-жосықтары­ның дамуының қарқыны мен деңгейі ара­сындағы шешілмейтін қарама-қайшы­лық­тардың түйіндерін тарқатуға тіреледі. Немесе, басқаша сөзбен айтқанда, әлем­дік техника-технологиялық қаржылық және әлеуметтік-саяси инновациялардың енгізілу қарқыны арасындағы айқын көрі­нетін әрі баяғыда-ақ пісіп-жетілген қа­рама-қайшылықтардың түйініне тіреледі.

Жаһандық дағдарыстың бізге айқын көрсетіп отырғанындай, техника-техноло­гиялық жөн-жосық бүгінгі таңда ел мен әлемнің өркендеуі үшін негізгі нәрсе емес. Қайта, жаһандық дағдарыстың басты көзі мен түйінді себебі дәл осы техникасы мен технологиясы жоғары дамыған елдер болып шықты. Анығырақ айтқанда, ол елдердің өзі емес, сол елдердің валюта-қар­жылық және әлеуметтік-саяси инно­вацияларды енгізудің қарқынын техно­ло­гиялық инновациялар деңгейіне жеткізуге құлықсыздығы немесе соны жасай алмауы.

Мәселе әлемдік әлеуметтік-саяси жөн-жосықтың өзегі қазіргі таңда, жоғарыда айтқанымыздай, әлдеқашан тозығы жеткен валюта деңгейі болып табылатын әлемдік валюта-қаржылық жөн-жосыққа басы ашық түрде негізделіп отырған­ды­ғында. Міне, жарты ғасырдай уақыттан бері инновация көрмеген әлеуметтік-саяси жөн-жосықтың валюта-қаржылық өзегі талайдан қатып-семіп тұр, іргесі сеті­неп, жаһандық дағдарыс барысында күйреп жатыр. Одан шығу үшін біз осы өзекті түбегейлі түрде сауықтырып, жа­ңар­туға тиіспіз. Яғни, оны бүкіл адам­заттың мүддесі үшін түбегейлі және терең инновацияларға ашып, жайып тастауы­мыз керек. Дағдарыстан шығудың басқа жолы тіпті жоқ.

Мұны түбегейлі түрде, тез әрі жедел ат­қаруға бізге кім және не кедергі кел­тіре­ді? Әлемдік қаржылық инновацияларды енгізу жолындағы басты кедергі – әлем­дік валюта-қаржылық жүйенің өзі және сол жүйемен байланысты, әлдеқашан ескірген құралдарға тастай жабысып отыр­ған әлемдік элиталар. Оны демо­кратиялық, яғни оны пайдаланушы­лар­дың басым көпшілігінің мүддесі үшін бас­қаруға көнетін деп санауға бола ма? Бола қоймас. Егер ол демократиялық болмаса, пайдаланушылардың басым көпшілігінің бақылауынан тыс іс-әрекеттер етсе, солай екені қазірдің өзінде анық, оның табиғаты тоталитарлық болғаны ғой? Олай болса, әлемдік демократияның алдыңғы қатарлы жасағы осыған дейін мұншама басы ашық әрі қағидатты қарама-қайшылықтарды байқамағанымен қоймай, өзі де соның алғашқы құрылысшысы мен қорғау­шысына айналғаны қалай?

Сонда ғасырлар бойы саяси демо­кратия жолында күресе жүріп, адамзат демократияның кішігірім белгілерінің өзі­нен атымен ада әлемдік тоталитарлық ва­лю­та-қаржылық жүйенің қалай жасалға­нын да байқамаған болып шығады. Міне, мұның өзі, әлемдік прогрестің адам айтса нанғысыз әрі драмаға толы тосындығы және жаһандық дағдарыстың бізге берер басты қатал тағылымы. Әлемнің елдері мен халықтары жаңа, шынайы демокра­тия­лық әлемдік валюта-қаржы жүйесін жасамайынша, бұл парадокс бізді про­гресс жолынан сыртқа қарай ұдайы сүйрей беретін болады.

Шынайы демократия мен еркіндіктің өлшемдері

Жаһандық дағдарыс – жаһандық мәсе­лелер қордаланатын және дағдарыс­тан шығу жолдарын іздейтін кез ғана емес. Бұл әрі әлем мен адамзаттың бола­шаққа баратын жолын жаһандық ауқымда таңдаудың да уақыты. Ең алдымен, бұл әлемдік валюта-қаржы және әлеуметтік-саяси жөн-жосықты таңдаудың, жеке тұлғаның, халықтың, елдің, адамзаттың және тұтастай әлемнің даму құралдары­ның түрлері мен сапасын таңдаудың бірегей уақыты.

Қазіргі таңда әлемде адамзаттың жа­һан­дық дағдарыстан шығуының, жоғарыда келтірілген, кем қойғанда бес жолы айқын көрініп үлгерді. Дағдарыс әр халық пен әр елге өзінің төл болашағын таңдауға сирек мүмкіндік беріп отыр. Бұл таңдау бүгінгі таңда инновацияларды елдер мен әлемнің валюта-қаржылық жүйесі әрекет ететін түрлері мен тұрпаттарын таңдауға тіреледі, мұның өзі, адам, отбасы, халық, ел, әлем және бүкіл адамзат өмір сүруді қалайтын әлеуметтік-саяси және техника-технологиялық жөн-жосықтың арқаулық өзегі болып табылады.

Жаһандық дағдарыс бізге әр ел үшін және тұтастай алғанда бүкіл әлем үшін нағыз демократия сәтінің бірегей мүм­кін­дігін беріп отыр. Әрбір ел мен әрбір ха­лық өзінің болашағын таңдаудың нағыз демократиялық және еркін таңдаудың тарихи қадамын жасаудың нақты мүмкін­дігіне ие болып тұр. Өзінің дағдарыстан шығуының нұсқасын тек халық қана таңдай алады және солай етуге тиіс. Бүкілхалықтық таңдаудың демократиялық актісінен (мысалы, референдум жолымен) кейін ғана ел басшылығы іс-әрекетке кө­шу құқына ие болады. Ал ел элитасы ха­лық белгілеген сол бағытпен алға жүрудің әдіс-тәсілдерін ойластыру құқына ие болады.

Бұл орайда таңдаудың нақты еркіндігі бүкілхалықтық дауыс беру тізіміне дағдарыстан шығудың жоғарыда айтылған барлық, кем дегенде бес жолын түгел енгізумен кепілдендіріледі. Нақты бостандық пен халықтың өз болашағын таңдаудағы шынайы демократияның осынау екі қарапайым өлшемі халық пен елдің жиырма бірінші ғасырдың қатер­леріне қарсы тұра алу қабілетінің шама-шарқы мен деңгейін нақты іс жүзінде бағалауға мүмкіндік береді. Түптеп кел­ген­де, бұл таңдау – дәл Бесінші жолды таңдау болып шығады деп сенемін және солай болатынына күмәнданбаймын.

«Егемен Қазақстан»,

23 қыркүйек, 2009 жыл.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button