Басты жаңалықтар

Руханият — бірлік пен келісім кепілі

Ақтөбеге арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарының алғашқы күнінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен «Зайырлы қоғам және жоғары руханият — бірлік пен келісім кепілі» тақырыбындағы өңіраралық семинар-кеңеске қатысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткен семинар-кеңеске ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов, сондай-ақ Ақтөбеден өзге Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан келген мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен діни бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Ақтөбе қаласындағы «Капитал Плаза» бизнес орталығының конференция залында өткен семинар-кеңесті ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақта діни ахуалдың тұрақты екенін, бұл туралы жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндағанын айтып, бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес өзге өңірлердегідей діни ұйымдармен бірлескен жұмыстар Ақтөбеде де өз деңгейінде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. «Қазір облыста 10 конфессияны біріктіретін 89 діни бірлестік бар. Олар — ислам, православ және католиктер. Біздегі өткізілетін іс-шараларға барлық конфессияның өкілдері қатысады», — деді өз сөзінде Бердібек Машбекұлы.
Аймақ басшысы өңірде, атап айтқанда, Темір, Шалқар, Мұғалжар және Байғанин аудандарында салафизмге қатысты діни мәселенің барын да жасырмады. «Бүгінде Темір ауданында бірінші кезекте экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында жұмыс жасайтын аймақтық орталық құрылды. Сонымен қатар, біз діни бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруда дін мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жақсарту мақсатында арнайы «Аңсар» консультативтік-оңалту» орталығын құрдық», — деді облыс әкімі.
Семинар-кеңес барысында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды демократиялық, зайырлы және экономикалық дамыған мемлекет ретінде даму векторын нақты айқындап бергендігін атап өтті. Мемлекеттік хатшы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының маңызды құндылығы — зайырлы қоғам және жоғары руханият еліміздің барлық азаматтарын бірігуге шақыратынын, сонымен қатар осы құндылықтарды қалыптастыруға және дамытуға мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның күшін бағыттау керектігін баса айтты.
— Еліміздегі ең маңызды әрі басты міндеттердің бірі — Елбасы белгілеген бес институционалдық реформаның мәні мен мазмұнын халыққа жеткізудің негізгі бағыттарына арналады. Қазақстан қоғамында ізгілік, қарым-қатынастар мен жоғары рухани толеранттарды қалыптастыру және оларды ілгерілету еліміздегі бірлік пен келісімнің басты кепілі болмақ, — деді Г.Әбдіқалықова.
Семинарға қатысушылар «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» бағдарламасының «Біртектілік пен бірлік» — төртінші институционалдық бағытын жүзеге асыру, конфессияаралық қарым-қатынастарды үйлестіру және діни экстремизмнің алдын алу бойынша кешенді мәселелерді талқылады.
Өз кезегінде сөз алған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов құқықтық Қазақстанда Заңның орындалуын қадағалау, діннің бұрмалануына жол бермеу сынды мәселелерді алға тартты. Оның айтуынша, имамдар еліміздің ресми ұстанымы бойынша белсенділік танытып, жан-жақтағы ақпараттық шабуылдарға тосқауыл жасауы керек. Сондай-ақ, ол түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің отбасылары қоғамнан шеттетілмеу керектігін атап өтті.
— Діни талаптарды саясиландыруға немесе жалпыға ортақ нормалар ретінде тануға жол берілмеу, керек. Атап айтар болсақ, аймақтық деңгейде жалпы білім беретін зайырлы орта мектеп оқушыларының діни киім киюі және жұма күні сабақтан кетіп қалу мәселелері бойынша мектеп ұстаздарымен, ата-аналармен, барлық қоғаммен мақсатты және дәйекті түсіндіру жұмыстарын жүргізу, өткізуді жүйелі жолға қою аса маңызды. Сонымен қатар, мешіт имамдарының отау құруға ниет білдірген азаматтарды мемлекет талабына сәйкес ресми тіркеуден өтпей тұрып діни рәсімге сай некелерін қиюға тыйым салмақ туралы муфтияттың тапсырмасын бұлжытпай орындауы қажет деп ойлаймыз, — деді М.Әзілханов.
Семинарда Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний Елбасының татулық пен бірлікке үндейтін саясатына өз ризашылығын білдіріп, былай деді:
— Біз Президенттің бір командасымыз. Елбасының әрбір сөзін тыңдауымыз керек. Мен біздің мемлекетімізде келісім мен бейбітшілік, тұрақтылық болғанын қалаймын және ол бізде бар. Мен әлем елдерінде болғанда, Қазақстандағыдай жақсы өмір сүру үшін жасалған жағдайдың басқа жақта жоқ екеніне көзім жетті. Бізде бір ғана мемлекет — бір халық, сондықтан ештеңені бөліп қарауға болмайды. Мәселен, әлем діндерінің съезін алып қарайықшы. Бұл форум Астанадағыдай Киев, Мәскеу, Стамбул, Римде тұрақты өтпейді. Бұл Қазақстанның ең тыныш, бейбітшілікті сүйетін мемлекет екенін мойындатады. Сондықтан әлем елдері халқының бізге келгісі келіп тұратыны осының айқын дәлелі, — деді Антоний.
Сондай-ақ семинарда Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Нұрлан Асанов жамағатқа қойылатын талаптар туралы ойларымен бөліссе, Дін істері комитеті мен Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан келген ақпараттық-сараптамалық орталықтардың өкілдері жергілікті өңірдегі діни ахуал, теріс ағымдармен күрес мәселелері бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан былтыр аталған өңірде ақпараттық-түсіндіру топтарының қатысуымен 200 мыңға жуық тұрғын қамтылған 1500 шара өткенін, мұның тек құрғақ сан емес, шараны өткізудің артында үлкен күш-жігер, үлкен ұйымдастырушылық жұмыстар барын атап өтті.
Семинар-кеңес барысында сөз алған профессор, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы бірқатар діни мәселелерді алға тартты. «Дінге оралдық дегенмен де, дінтану ғылымында «показная религизм» деген термин бар. Бұл — жасанды діншіл болып көріну. Біздің елімізде дінге деген салқындық әлі бар», — деді ол.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев елдегі татулық пен дінаралық келісімді сақтауда әрі нығайтуда бір кісідей жұмыла жұмыс жасауымыз қажет екенін айтып, кеңес барысында айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы ескерілетінін жеткізді. Облыс әкімі Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру қажеттігі турасында айтқан тапсырмаларының орындалуы бақылауда болатынын да атап өтті. «Ең негізгісі — жасанды дін, көзбояушылық болмау керек. Мен сақал жібердім, қара киім кидім, діншілмін деу дұрыс емес. Ең негізгісі — біз өзіміздің баяғыдан келе жатқан ұлттық дәстүрімізді, салтымызды, әдет-ғұрпымызды қазіргі заманның талабына сай сақтауымыз керек. Елбасы айтқандай, Мәңгілік Ел болу жолында бәріміз бірігіп жұмыс жасауымыз керек», — деп, Бердібек Машбекұлы семинар-кеңесті қорытындылады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button