Электрондық сауда тиімді ме?

ІT саласы өмірімізге дендеп еніп, қоғамға елеулі өзгерістер әкелді.
Мысалы, қазір бір жерге қонаққа барған адамдар бір-бірімен шүйіркелесудің орнына, бір-бір ұялы телефонға немесе планшетке телміріп отырады. Интернеттің тілін тәуір меңгергендердің кейбірі ондағы әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, сауда-саттық жүргізеді. Елімізде интернет-сауданың дәурені енді қызып келеді. Әлқисса…
Әмиян және әлеуметтік желілер
Интернетте сауда жасау — сауда саласындағы жаңа тетіктің бірі. Шынында да интернеттің жаңа мүмкіндігін неге пайдаланбасқа?
Қолында интернетке қосылған ұялы телефоны бар кез келген адам қазір мобильді қосымшалар арқылы үйінде отырып-ақ хабарландырулар бере алады немесе өзіне қолайлы уақытта іздей алады. Мысалы, ұялы телефоныңызға google play арқылы «olx» мобильді қосымшасын жүктеп алып, коттедж керек пе, пәтер қажет пе, әлде тұрмыстық бұйымдар іздедіңіз бе, бәрін осы жерден сатып жіберуіңізге не сатып алуыңызға болады. Жаңадан үй сатып алғыңыз келсе немесе баспанаңызды кеңейтуді ойласаңыз, krisha.kz сайтына кіріп те іздей аласыз.
Ал темір тұлпарын жиі ауыстыратындар немесе жаңадан көлік іздейтін топ kolesa.kz сайтын шарлайды.
Елімізде электрондық қаражатпен сауда жасау 2005 жылы басталды. Қазір виртуалды әлемде төлем төлеу операцияларын интернет-банкинг арқылы немесе түрлі электрондық әмияндар арқылы жүргізуге болады. Мысалы, қазір халық арасында кәдімгі коммуналдық қызметтерге төлейтін төлемдерді екінші деңгейлі банктерге апарып, түбіртек арқылы төлейтін болсаңыз, әр түбіртек үшін 100 теңге төлейсіз. Ал электрондық қаражат туралы түсінігі бар пысықтар мұны әлдеқашан үйінде немесе кеңседе отырып-ақ, интернет арқылы төлеп тұрады. Сондай-ақ, халық арасында электрондық әмияндардың қатарынан kaspi-әмиян ерекшеленіп тұр. Себебі интернетте бұл әмиян арқылы төлем төлесеңіз, сізге бонустар беріледі. Әрі сізден ешқандай комиссиялық ақы алынбайды. Ол үшін әуелі интернетке кіріп, электрондық әмиян ашып аласыз, арнайы терминалдар арқылы оған ақша салып қоясыз. Кез келген уақытта интернетте сауда жасап немесе төлем төлегіңіз келсе, қалтаңыздағы әмияннан емес, электрондық әмиян арқылы төлей қоясыз. Мұндай әмияндардың түрі көп: kiwi-әмиян, смарт, т.б.
Сондай-ақ, интернеттегі әлеуметтік желілер — жалпы бұқараға, жекелей алсақ, кәсібін жаңа бастаған жас кәсіпкерге, қолөнершілерге, кәнігі саудагерлерге өте пайдалы құрал. Виртуалды әлемде тауарларын ұсынған хабарландыруларды Инстаграм, ВKонтакте желілері арқылы күнде көзіміз шалып жүр. Сауданың жаңа тетігін интернеттен тапқан кәсіпкерлердің бизнесі оңға басып тұр. Мысалы, зергер Елдос Жақсынов зергерлік бұйымдарын фейсбуктегі парақшасында жарнамалап, одан қалды ұялы телефондағы watsapp қосымшасын тиімді пайдаланып, тапсырыс қабылдап, саудасын жүргізіп жүр. Бұл тек біздің байқағанымыз.
Бұрын сауда орындарының жарнамасы газет пен теледидар немесе радио арқылы таралатын. Енді сауда нүктелері мен шағын дүкендерге дейін интернетке жарнама берсе, олар бүкіл әлем назарына іліге алады. Тіпті сауда орындарының интернетте жеке парақшалары мен сайттары да пайда бола бастады. Виртуалды әлемде тауарды жарнамалау, ұсыну, сатып алушыларды тарту, бір сөзбен айтқанда, интернет-маркетинг ұйымдастыра білу де бизнестің өркендеуіне жол ашатыны анық.
Дүниежүзілік сараптама қорытындыларына назар аударсақ, электронды саудада Солтүстік Америка көш бастап тұр. Еуропаның дамыған елдерінде электронды сауда 50 пайызға, ал Ресейдегі мұндай сауда 18 пайызға жеткен.
2014 жылы ҚР Статистика зерттеу агенттігінің зерттеу деректеріне сүйеніп, сауалнама жүргізген Kursivkz мынадай мәлімет ұсыныпты: елімізде электронды сауда жүргізетіндер арасында біздің Ақтөбе облысының тұрғындары алдарына қара салмай тұр. Ал қымбат тауарларға тапсырыс беретіндер Оңтүстік Қазақстан облысында шоғырланған екен.
Гүлмираның «кеңсесі»
Қазір интернет арқылы жұмыс жасауға шақыратын хабарландыруларды көптеп кездестіреміз. Олардың көпшілігі интернет-дүкендердің жұмысын насихаттауға немесе жарнама беруге, сол іске адам тартуға көңіл бөледі. Дені косметика бизнесіне арналады. Осындай жұмыспен айналысатын интернет- менеджер Гүлмира Еслямова Ақтөбеде тұрады. КазМУ-ды химик мамандығы бойынша бітірген ол бұған дейін біраз жерлерде жұмыс істеді. Бала күтіміне байланысты демалыста үйде отырған кезде Гүлмира қаржы табудың басқа бір жолын іздестіреді.
— Бұл жұмыста ең әуелі керегі — күндіз-түні интернетке кіре алатын мүмкіндік. Ол үшін менде интернетке қосылған компьютер бар. Сосын бұл жұмысқа күніне бар болғаны екі-үш сағатымды арнаймын. Кішкентайыммен үйде отырғасын, маған осындай жұмыс кестесі ыңғайлы. Интернет қолданушы ретінде менің бір түйгенім, facebook — салмақты адамдар пікірлесетін орта. ВKонтакте желісінде негізінен жастар көп сөйлеседі. Ал инстаграмды жалпы көпшілік қолданады екен. Мен интернет қолданатын ортаны зерттей келе, инстаграмға тоқтадым. Ол жерден бірнеше парақша ашып қойдым. Біреуін — жекеге, қалғандарын жұмысқа арнап қойдым. Сосын скайп арқылы мен сияқты интернет-менеджерлерге түрлі онлайн-вебинарлар өтеді. Соларға айтқан уақытында қатысып, білімімді жетілдіріп отырамын. Ондай вебинарлар интернетте қалай жұмыс істеу керегін тиімді тетіктері арқылы түсіндіреді, үйретеді. Сондай-ақ, тапсырыс қабылдаймын, кейде косметикаға тапсырыс болмаса, онда хабарландыру беру арқылы басқа адамдарды маған тапсырыс жинап беруге тартамын. Оларға еңбектерін сыйлық түрінде немесе қаржылай төлеймін. Бір сөзбен айтқанда, менің кеңсем — интернет. Қосымша табыс тапқысы келетін өзге адамдарға көмектесу арқылы интернет-сауда ұйымдастырамын, себебі, бұл — заман талабы, — дейді Гүлмира.
Интернет-дүкендердің «жыры»
Қазір интернет-дүкендердің де айы оңынан туып тұр. Дәстүрлі дүкендерді аралап жүруге уақытыңыз болмаса, үйіңізде немесе кеңседе отырып, қалаған затыңызға тапсырыс беріңіз. Үйіңізге әкеліп берген курьерге ақшасын қолма-қол төлеп, қағазына «алдым» деп қол қойып бересіз. Бұған бар болғаны бірнеше сағат уақытыңыз кетуі мүмкін. Осы орайда біз сауалнама жүргізуді жөн көрдік:
— Интернет-дүкендерден тауар алып көрдіңіз бе? Артықшылығы қандай? Ұнамаған тұсы бар ма?
Нұрша БИДАНОВА,
компьютер бөлімінің жетекшісі:
— Әрине. Қазір не көп, интернет дүкендер көп. Интернетті ашсаң, бәрі көз алдыңда самсап тұр. Мен өзім «Bonprix» интернет-дүкені арқылы пальто және етік сатып алдым. Әуелі киімдерді интернеттегі суреттен төрт қырынан көрдім. Арнайы телефон арқылы хабарласып, тапсырыс бердім. Тапсырыс қабылдаған адамға киімнің өлшемін айттым. Орысша әңгімелестік. Тауар маған «Қазпошта» бөлімі арқылы жетті. Төлемді тауар қолыма тиген соң поштаға төледім. Күнұзақ жұмыста жүрген адам, қай уақытта дүкен аралап үлгереді? Уақыт жағынан тиімді.
Жұлдыз ТАЛҒАТҚЫЗЫ, студент:
— Жастардың көбі интернеттегі әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланады. Мен де қолым сәл босаса, ВKонтакте және инстаграмды шарлаймын. Ол жерде Қазақстан жұлдыздарының және түрлі сауда нүктелерінің парақшаларын қызықтаймын. Мысалы, былтыр инстаграмнан фурнитура сататын дүкендердің парақшаларына өтіп, бағаларын сұрап, кейін осы Ақтөбедегі дүкендеріне барып, сан алуан бисер сатып алдым. Сіңлілеріме, құрбыларыма түрлі білезіктер тоқып бердім. Сондай-ақ, жақында Ақтөбедегі бір сауда орталықтың интернет-дүкені арқылы косметикаға тапсырыс бердім. Өздері жеткізіп берді. Ақшасын тауар қолыма тиген соң төледім. Мен үшін ыңғайлы. Әрине, сезік тудыратын хабарландырулардан сақтанған дұрыс деп ойлаймын. Ол үшін алдын ала соған жазған пікірлермен танысып, кімдерге не сатқандығын білген артықтық етпейді.
Айткүл ТАЙЖІГІТОВА,
редакция қызметкері:
— Мен былтыр «witt international» интернет-дүкенінен киім алдым. Өлшемі құйып қойғандай дәл болды. Алайда мен мұндай дүкендердің барлығына бірдей сене бермеймін. Әуелі зерттеп алып, тапсырыс беру керек деп ойлаймын. Қазір не көп, оңай жолмен ақша тапқысы келетін алаяқтар көп.
Арамызда алаяқтарға тап болып, сұраған тауарын немесе жіберген ақшасын ала алмай бармақ тістеп қалып жатқандар да кездеседі.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Ардагер Уайдин:
— Жақында Н. есімді азамат ұялы телефон арқылы сөйлесіп, автокөлік бөлшектеріне тапсырыс береді. Сатып алғысы келетін тауар үшін терминалдағы kiwi-әмиян арқылы 35 мың теңге аударған. Үш-төрт күн өткен соң, сан соғып қалғанын білген ол біздің ішкі істер департаментіне арыз түсірді. Қазір алаяқ іздестіріліп жатыр. Электрондық саудада мұқият әрі сақ болуды, компьютердің немесе ұялы телефонның артында қандай адам тұрғанын білмеген жағдайда бірден ақша аударуға асықпауды ескертеміз. Жыл басынан бері облыста 72 алаяқтық іс орын алып үлгерген. Оның 64-і ашылды, — дейді.
Электронды сауданың еркін дамуына тұрғындардың компьютер мен интернетті дұрыс меңгермегендігі де тұсау болып тұрғандай. Осындай олқылықты олжаға оңай кенелгісі келетін алаяқтар сезіп, өз пайдаларына жаратып жүр…
Патша көңілді тұтынушы қалаған тауарын интернет-дүкен арқылы ала ма, әлде көзімен көріп, қолымен ұстап, үйреншікті дүкендерден ала ма, өзі шешсін. Біздікі хабардар ету ғана.
Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.




Актобе газети редакциясына, асиресе Айнурга алгысымды билдиремин. Егерде оз бизнесин интернет аркылы бастагысы келетиндер болса редакциядан менин тел номеримди алуларынызга болады. Рахмет!