Басты жаңалықтар

Бердібек Сапарбаев: Денсаулық сақтау саласының басты мақсаты — білікті кадрлар даярлау

Медицина мамандарын даярлау жөніндегі жұмысты күшейтіп, олардың біліктілігін арттыру қажет. Аталған саланың өкілдерімен кездескен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы мәселеге ерекше назар аударды.

Облыс әкімі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен, ғылыми қызметкерлерімен, студенттер және олардың ата-аналарымен, медицина мекемелерінің басшыларымен, қаладағы қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Айта кету керек, Ақтөбеде мұндай кездесу бірінші рет болып отыр.
Жиында өзі атап өткендей, облыс әкімі бұрын медициналық мекемелердің басшылары және қызметкерлерімен кездесіп, аталған саланың перспективасы мен проблемалары жөнінде етене әңгімелескен болатын. Ал бүгінгі кездесудің жөні бөлек. Мұндамедицинаның дамуына және көрсетілетін қызмет сапасына тікелей қатысты адамдар жинады. Біріншіден, бұл — кадр даярлауға жауап беретін профессорлық-оқытушылық құрам. Өңір басшысының байламынша, өздерінің еңбегін қоғамның қалай бағалап, студенттер мен олардың ата-аналарының пікірлерін тыңдау олар үшін де тиімді болмақ.
Екіншіден, мұнда медицина мекемелерінің басшылары келді. Облыс әкімі олардың науқастармен жұмыс істеу әдісі мен сапасы туралы әңгіме қозғамақ ниетін жеткізді. Жалпы олардың медициналық универитет әзірлеген мамандарға көңілдері тола ма, толмаса, қандай кінә тағады, міне, осы мәселелер жөнінде бүкпесіз, еркін әңгімелесуге шақырды.
Облыс басшысы денсаулық сақтау саласында аьқарылып жатқан шаралар туралы айтып өтті. Облыста медициналық кластер құрылатын болады. Таяуда ғана жаңа жедел жәрдем бекеті құрылысына қатысты түрік компаниясымен келісім жасалды. Аймаққа жұмыс істеуге кореялық дәрігер мамандар келетін болды. Медициналық туризмді дамыту, сол арқылы іргелес өңірлердің де сырқаттарын емдеу көзделуде. Мамандарды Америка, Еуропа мемлекеттерінде оқытуға мүмкіндік бар. Бүгінгі күні медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Енді күрделі операцияларды өзімізде жасайтын болды. Әлемнің әртүрлі елдерінен дәрігерлер келіп, біздің мамандарымыздың тәжірибелерін үйренуде.
Қазір халық жиі жүгінетін медицина саласы қызметкерлері үстінен айтылатын арыз-шағым көп. Ол негізсіз де емес. Бұған облыс әкімі келтірген дерек мысал бола алады. Ырғыз ауданындағы ауруханаға түскен келіншек ондағылар диагноз қоя алмағасын өз бетімен қаладағы онкологиялық ауруханаға жетеді. Мұндағылар оны жұқпалы аурулар ауруханасына жөнелтеді. Ол жердегілер облыстық ауруханаға сілтепті. Облыстық ауруханадағылар оны қайтадан жұқпалы аурулар ауруханасына жібереді. Осылай өзі қатты ауырып келіп, емдеу мекемелерінің арасындағы қақпақылға түскен науқас келіншектің денсаулығы тіпті нашарлайды. Жедел жәрдем ауруханасына өте ауыр жағдайда қабылданған жас ана екі күннен кейін көз жұмған.
— Кешегі Ырғыз ауданынан келген 25 жастағы келіншекке қарағандағыдай көзқарас ешқандай адамгершілікке жатпайды. Ол бір күннің ішінде қаладағы бес ауруханаға барады. Бесеуі де диагноз қоя алмайды. Анау Ырғыз аудандық ауруханасын айтпай-ақ қояйын. Сонда қалай болғаны? Ол да сендер сияқты адам, біреудің әйелі, біреудің анасы, біреудің баласы! Науқас өлейін деп жатса да оған ешкім қол ұшын созбайды. «Сен біздің ауру емессің» деп ауруханалардың ортасында сандалтып қойған. Аурухананың біреуі Атырауда, екіншісі Қызылордада орналасқан жоқ, дәрігерлерді шақыртып, келген емдеу мекемесінде толық тексеруге болатын еді ғой. Көмектесудің орнына, керісінше, шешесінің қолына ауру тарихы жазылған қағазды ұстатып, көлікке отырғызып жібереді. Осы кезде жедел жәрдем ауруханасының басшысы қайда қарап отыр? Оның үстіне аурухана көліктерінің жағдайы белгілі. Сақырлаған аязда науқасты әрі-бері сүйреу адамгершілікке жата ма? — деді өңір басшысы.
Ол марқұм Жанар Қартбаеваға қатысты оқиға жан-жақты тексеріліп, кінәлі дәрігерлердің барлығы қатаң жазаланатынын, тіпті жұмыстан босатылатынын ескертті.
Облыс әкімі емдеу мекемелерінің басшылары айтқан сын-ескертпеден нәтиже шығаруы керектігін, олай етпесе, жағдай басқаша болатындығын қатаң ескертті. Халықты әуре-сарсаңға салып қоюды тоқтату керектігін еске салды. Әсіресе, ауылдан келген адамдарға ерекше қамқорлық жасалуы тиіс.
Сондай-ақ облыс әкімі университет ректорына болашақ дәрігердің кәсіби біліктілігі, мәдениеті, науқасқа деген көзқарасы оқу орнының қабырғасында қаланатынын ескертті. Осы бағыттағы жұмыстарға баса назар аудару керектігін айтты.
Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің ректоры Ербол Бекмұхамбетовтің айтуынша, университетте 5 оқу-лабораториялық корпусы, 1530 орындық 4 студенттер жатақханасы, медицина орталығы бар, отбасылық медицина емханасы, т.б. бар. 1000 орындық студенттік жатақхананың құрылысы аяқталуы сатысында тұр, оған жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінді. Профессор-оқытушылар құрамында 630 адам бар.
Университет медициналық мекемелермен тығыз байланыста, студенттер күрделі оталарға қатыстырылады.
Кездесуге қатысқандар бірқатар мәселелерді қозғады. Профессор Арыстан Мамырбаев аймақтың ірі жер қойнауын пайдаланушыларына байланысты қиыншылықтар туралы әңгімеледі.
— Өндірістің қауіпті әрі зиянды екені белгілі. «АЗХС», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» және басқа компаниялар ауаны ластаушы қалдықтар бөледі. Ғылымға қолдау көрсету тұрғысынан олар ешқандай үн қатпайды, ал Жаңажол кен орны ауданында орналасқан Жаңажол, Саркөл және Кеңқияқ селоларының тұрғындарынан өте көп шағымдар түседі. Ғылымды жандандыруға көмек қажет. Біз әкімдіктің тиісті профильді департаменттеріне көптеген ғылыми жобалар ұсындық, бірақ, өкінішке қарай, оларға ешқандай қолдау көрсетілмеді, — деді ғалым.
Жиында оқытушылар мен студенттер, ата-аналар облыс әкіміне сұрақтарын қойды. Оқу орны ғалымдарының айтуынша, университет базасында жасалған ғылыми зерттеулердің нәтижесін өндірісте қолдануға кедергі көп. Ғалымдардың, зерттеушілердің еркін жұмыс істеуіне технопарк қажет. Аймақ басшысы мәселенің барлығы назарда болатынын, көктемде ірі өндіріс орындарының өкілдері мен ғалымдардың басын қосып, мәселені шешуге ықпал ететінін мәлімдеді. Сондай-ақ технопарк ашу туралы пікірді қолдайтынын айтты. Студенттердің бірі шетелде білім алғысы келетін жастардың көп екенін айтса, енді бірі қала сыртындағы ауруханаға қатынайтын №21 бағыттағы автобусқа сыймайтындарын жеткізді. Сондай-ақ аймақ жастарының білім алуына облыс әкімдігінің гранты тағайындалса деген ұсыныстар айтылды. Сұрақтарды ықыластана тыңдаған Бердібек Сапарбаев мәселелердің барлығы назардан тыс қалмайтынын, автобусқа қатысты шаруаны қала әкіміне тапсыратынын, алдағы уақытта жас ғалымдарды қолдау мақсатында арнайы жұмыстар атқарылатынын айтты. Сондай-ақ болашақ дәрігерлер жазғы демалыста өңірдің өркендеуіне атсалыспақ. Облыс басшысы әсіресе қаладағы саябақтар мен гүлзарларды күтіп ұстауға еріктілердің көмегі ауадай қажет екенін айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button