Басты жаңалықтарМәдениет

Ақтөбенің құнды мұрасы

 

«Ақтөбе өңірінің музыкалық мұрасы» атты аудиожинақ жарыққа шықты. Алғысөзін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жазған (Алғысөзді толық ұсынып отырмыз — ред.) жинаққа Ақтөбе жерінде туған, өмір сүрген белгілі ақындар мен халық композиторларының шығармалары енген. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай шығарылған ән мен күй жиынтығында 12 СD диск бар. Оған 213 шығарма енгізілген.

Ақтөбе облысы әкімдігінің, Ақтөбе облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның тапсырысы бойынша шығарылған жинаққа енгізілген туындылар кемінде үш ғасырды қамтиды. Антологияны шығарушы продюсер, мәдениеттанушы Альберт Сафуллиннің айтуынша, бұл жинақты шығару үшін екі жылдай уақыт кеткен.
Қазақтың рухани мұрасының ең бай қазынасының бірі — ұлттық музыка. Ұлттық ән-күйлерде ұлттың бүкіл болмысы менмұндалап тұрады. Қазақ руханиятының бір бөлшегі — Ақтөбе өңірі де музыкалық мұраға аса бай. Дәулескер күйші Қазанғаптан бастап, Батақтың Сарысы, Қызыл Тұрдалыұлы, Сарышолақ шайыр, Боғда Қараұлы, Үсен төре, Таразы Кәленқызы, осы жерде ізі қалған Асан қайғы, Мөңке Тілеуұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Ақтан Керейұлы, Әбубәкір Кердері, Тәңірберген Молдабай, Наурызбек, Тілеумағамбет жыраулар, Нұрпейіс Байғанин сынды әнші-жыраулар мен халық композиторларының, кейінгі Ахмет Жұбанов, Бәкір Тәжібаев, Ғазиза Жұбанова, Бақыт Басығараев, Қадірәлі Ержанов, Сәдуақас Балмағамбетов сынды композиторлардың шығармалары, Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев, Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Қайырғали Қожанбаев, Бейбіт Оралұлы, Абдулхамит Райымбергенов, Жайлау Асылханов сынды ақындар, композиторлар мен күйшілердің шығармалары осы жергілікті рухани мұраның бөлшектері.
— Меніңше, бұл жинақ осы авторлардың шығармалары барынша топтастырылған алғашқы антология. Жинаққа бұрын еш жерде айтылмаған шығармалар да енгізілді. Мысалы, Асан қайғының шығармаларының дені бізге жыр күйінде жетті. Алайда оны қазіргі уақытта өлеңдетіп оқимыз да, жыр қылып көп айтылмайды. Сондықтан Асан қайғының «Қырында киік жайлаған», «Еділ бол да, Жайық бол», «Ай, хан, мен айтпасам білмейсің» сынды жырларын жыршы Демеубай Жолымбетов ағамыз орындады, сол секілді Мөңкенің жырларын да жаздырдық. Таразы Кәленқызының Есет батырға арнаған шығармаларын осы кезге дейін таза жоқтау стилінде тыңдап келдік, бұл жолы жырдың алғашқы тарауларын жоқтау емес, «Арыстандай ер Есет», «Қаладан орыс қашырып» деген тақырыппен бөлек жыр ретінде жаздырдық. Оны дәстүрлі әнші Перуза Нарман өте шебер орындады. Бәкір Тәжібаевтың өзі орындаған әндері де бұл жинақтың құнын көтеріп тұр, оны «Қазақ» радиосының «Алтын қорынан» алдық. Сондай-ақ, бұған дейін Қазанғаптың күйлері бірнеше рет жинақ болып басылғанымен, оларға көп дегенде 20-25 шығармасы енгізілген еді, ал бұл жинаққа күйшінің 60-қа жуық туындысы енгізілген. Сондықтан бұл жинақ барынша бағалы һәм құнды дүние болып шықты деп ойлаймын, — дейді мәдениеттанушы Альберт Сафуллин.
12 үнтаспаның алтауына күйлер, қалғанына халық әндері, дәстүрлі және соңғы жылдары жарық көрген авторлық әндер енгізілген. Жетінші жинақ түгелдей халық әндеріне арналыпты.

 

Өте бағалы дүние

Ән мен күй-ұлттық сана-сезімнің, рухтың айна-қатесіз көрінісі, халықтың қуанышы мен мұңының, сағынышы мен арманының, жан тебіреністерінің жиынтығы. Осы асыл өнерде халықтың рухани шежіресі, тарихы, өткені мен бүгіні жатыр. Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында ұсынылып отырған «Ақтөбе өңірінің музыкалық мұрасы» аудио альбомы өте бағалы дүниелердің бірі деп ойлаймыз.
Мұндағы көне халық күйлерінен бүгінгі сазгерлердің шығармаларына дейінгі музыкалық дүниелер ұлттық киелі өнерімізге қосылған бағалы үлес екені, оның ішінде облыс тұрғындары, әсіресе, жастар арасында халық шығармашылығы мен дәстүрлі ән өнерін дамытуға игі әсер беретіні даусыз.
Жинаққа Ақтөбе топырағында ізі қалған әйгілі Асан қайғы, Мөңке Тілеуұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Ақтан Керейұлы, Әбубәкір Кердері Сарышолақ Боранбайұлы, Сары Батақұлы, Қызыл Тұрдалыұлы, Таразы Кәленқызы, Тәңірберген Молдабай, Нұрпейіс Байғанин сияқты ұлы жыраулар мен халық композиторларының шығармалары, өңірдің ән шеберлері мен термешілері орындауында кең таралған дәстүрлі халық әндері, көнеден келе жатқан халық күйлері мен дәулескер күйші Қазанғаптың және оның ізбасарларының теңдессіз күйлері жинақталды. Сонымен қатар оған өңірімізде туып-өскен қазіргі заманғы қазақ музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірегейі академик Ахмет Жұбановтың, ақын-композитор Бәкір Тәжібаевтың шығарған әндері, көрнекті жерлес ақындар — Қ.Шаңғытбаев, С.Жиенбаев, М.Ақдәулетұлы, Е.Ашықбаев және басқалардың сөздеріне жазылған танымал композиторлар мен жергілікті сазгерлердің шығармалары енгізіліп отыр.
Осы жәдігер әр үйдің, оқу орнының қымбат бұйымына айналып, бүгінгі ұрпаққа рухани азық болар деп сенеміз.
Өңіріміздің ұлттық ән-күй өнеріне қанықтырар аяулы қазынасы жинағы Сіздерге айнымас серік болып, еліміздің сәулелі де мәңгілік, сәнді де жарқын болашағына деген сенім сыйласын!

Риясыз тілекпен,
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

 

— Бұл үнтаспада «Ақжамал», «Ақ кербез», «Япурай», «Ақ ерке» сынды 20 халық әні топтастырылған. Бұл халық әндерінде негізінен Ақтөбенің жер-су аттары көп аталады. Сондықтан осы әндер шамамен осы жерде шығарылған деген қорытындыға келдік, — дейді мәдениеттанушы.
Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиевтің айтуынша, бұл жинақты дайындауға филармония ұжымы, Ақтөбедегі басқа да өнер адамдары, әншілер, күйшілер, орындаушылар, музыка зерттеушілері барынша үлес қосқан.
Үнтаспалар Қытайдың Шэньчжэнь қаласында шығарылған. Өте сапалы құйылмалы дискілер. Филармония басшысы Елубай Кенжалиевтің айтуынша, антологияның 1000 данасы шығарылыпты. Ол мәдениет мекемелеріне, оқу орындарына таратылады.
25 қаңтар күні облыстық филармония залында «Ақтөбе өңірінің музыкалық мұрасы» жинағының салтанатты түрде таныстырылымы өтеді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

3 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button