Басты жаңалықтарМәселе

Өзімізде барды неге өзгеден іздейміз?

Мәселе

Сүт сұрау

Бір кездерде ауылдық жерлерде шайға қататын сүт сұрайтын әдет болушы еді. Бала-шаға, келін-кепшік, тіпті кейде үлкендер де қолдарына тостаған ұстап, ертеңді-кеш үй жағалап, безектеп жүретін. Себебі, кеңестік өкімет жекенің шарбағында мал ұстауды шектеді. Әр үйдің қазығында бір-екі сауын сиыр, ал қайсыбір отбасыларда ол да жоқ еді. Содан да, сиыры суалған не сиыры тумай қысыр қалған, болмаса малы жоқ үйлер көрші-көлемдерінен сүт сұрауға мәжбүр болатын. Ұжымшарлар мен кеңшарлар өндіретін мемлекеттің меншігіндегі мал өнімдері ауыл тұрғындарына ауыса бермейтін. Сөйтіп, ауыл бар нәрсені көзі көріп, қолы ұстамай не солақай заңның кесірінен игілікке жете алмай, тарымшылықта өмір сүруге тура келген еді. Ал қазір жағдай мүлде басқаша. Елбасы, мемлекет ауылдың тұрмыс-тіршілігіне айрықша көңіл бөліп отыр. Басқасын айтпағанда, әр ауыл тұрғыны шарбағында қанша мал ұстаймын десе де, кеңшілік. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында ел-халық осы артықшылықтарды пайдаланып, игіліктерге қол жеткізіп келеді. Ауылдарда құрылған сан мыңдаған шаруа қожалықтарын, шаруашылық құрылымдарын былай қойғанда, бүгінде ауылдың әр үйінен ондап ірі қара, жүздеп қой-ешкі өреді. Сөйтіп отырып шайға қатар сүті, қонағына қояр қаймақ-майы, құрт-ірімшігі жоқ отбасылары да кездесіп жатады. Қала халқы сынды, сүт тағамдарын дүкендерден алып, тұтынып отырған елді мекендер көбейіп барады. Сүт өнімдерін қаладағы ірі сауда орындарынан, базарлардан тұрғындарына жеткізіп беруді дағдыға айналдырған бірыңғай мал өсірумен айналысатын тұтас аудандар бар. Мұны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудандарды аралаған кезде қатты сынға алып, сүтті Ақтөбеден тасып ішетін Ырғыз, Байғанин, Темір сынды аудандарды мысалға келтірген еді. Тек бұл аталған өңірлер ғана емес, қаладағы сауда орындарында сатылатын өндірістік сүт өнімдерін тұтынатын ауыл тұрғындарын қай ауданнан да кездестіруге болады. Бұл жерде ауыл еңбек етіп мал бақпай отырған жоқ, сол өздері бейнетін көріп отырған малдың өнімін тұтынып игілігін көруге келгенде, іскерлік таныта алмай отыр.

Барды бағалай аламыз ба?

Егер статистикалық мәліметтерге қарасақ, біздің сүт тағамдарын сырттан тасымалдайтын ретіміз жоқ. Ресей Федерациясының, Беларусь республикасының өнімінсіз де тұруға болады. Соның ішінде аграрлық саласы жақсы дамыған біздің облыстың мүмкіншілігі тіпті көп. Мүмкін, экономикалық одақтағы әріптес елдердің өнімдері келісімшарт бойынша дүкендерімізде тұруға тиіс шығар. Бірақ таңдау тұрғындарымыздың өз ырқында. Өзімізде барды өзгеден іздемеуге болады. Сырттан келген сүт тағамдарының экологиялық жағынан таза, сапасы жоғары, жасандылықтан аулақ өз өнімдерімізбен бәсекелесе алмайтыны және ақиқат.
Бір қарағанда, супермаркеттерде сықап тұрған сырттан тасымалданған сүт өнімдерін көріп, ішкі сұраныста сүттен тапшылық бар ма деп те қаласың. Алайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген деректерге көз жүгіртсек, іс жүзінде олай емес екеніне көзіміз жетеді.
Облыста 2016 жылдың 1 қаңтарына 383 мыңның үстінде ірі қара мал, оның ішінде 197 мыңға жуық сиыр есепке алынған. Статистикалық орынның мәліметі бойынша осы есепке алынған малдың 253 мыңнан астамы мүйізді ірі қара, 140 мыңға жуығы сүт бағытындағы малдар.

«Ауыл шаруашылығы бағытындағы Ырғыз, Ойыл аудандары сүтті Ақтөбеден тасиды. Кішкентай бір сүт өңдеу цехын ашуға болады емес пе?»

(Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өткен жылғы қараша айында аудан әкімдерімен болған кеңейтілген алқа мәжілісіндегі сөйлеген сөзінен).

Аймақта сүтті ірі қара мал шаруашылығымен, негізінен, Ақтөбе қаласы, Мәртөк, Алға, Қобда және Хромтау аудандарының шаруашылықтары айналысады. «Айс», «Анди» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің тауарлы сүт фермалары жұмыс жасауда. Бұл аталған сиыр фермаларында шетелдік селекциядағы өнімділігі жоғары голштин-фриз тұқымды малдар өсіріледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша осы екі фермадағы малдардың орташа сүт сауымы 5130 литрден 9883 литрді құрап отыр.
Біздің өңірде өндірістік негізде сүт өнімдерін шығаратын бұл екі тауарлы сүт фермасының дабысы қазір өзіміздің аймақтан сырт жерлерге де мәлім. Азық-түлік нарығындағы бәсекелестікте басымдық танытып, тұтынушылардың қалауын толық өзіне аударды деуге болады. Жергілікті тұтынушы қауым қазір бұл аталған тауарлы сүт фермаларының сан алуан өнімдерінің артықшылығын жақсы түсіне бастады. Кейінгі жылдары көпшілік тұтынушылардың назары супермаркеттерде, базарлар мен жәрмеңкелерде сатылатын сүт тағамдарын саудалағанда, жергілікті өнімге, оның ішінде ауылдық өнімдерге берік ауа бастады.
Өкінішке орай, алыс ауылдардың сүт тағамдары өтпейді емес, сауда орындарына жетпейді. Тек жәрмеңкелерде ғана оқта-текте жалт етіп, көрініп қалып жатады. Мұның бір себебі, алыс аудандарда, ауылдарда сүт өнімдерін өңдеп, ұқсататын, сөйтіп, сауда орындарына ыңғайлайтын өңдеу орындары жоқ. Байғанин ауданының Оймауыт, Дияр сынды шалғай малды қоныстарында, Ырғыз, Ойыл, Шалқар аудандарының сиыр өсіретін өлкелерінде алты ай жазда қаншама пұл болатын өнім сауда орындарына жете алмай жатады? Әрине, текке қалмас, жеке қожайын май-қаймағын айыратын болар, бірақ ірімшік, сүзбе, басқа да сүт өніміне айналатын өнімдердің кәдеге жаратылмай қалатыны рас қой. Ал осы кезде былайғы тұтынушы қаланың супермаркеттерінен сырттан келген көк жасық сүт өнімдерін қымбат бағаға сатып алып жатады. Егер ауылдарда дұрыс ұйымдастырушы басшы, білікті кәсіпкерлер табылып жатса, осындай жұмыстарды тап қазіргі шақта жолға қоюға болар еді деп ойлаймыз. Өкінішке орай, соның ұтырын табатын шын мәніндегі білікті, жанашыр маман, ауыл ағасы жоқ.

Шағын сүт фермалары керек

Елбасы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға әр кез баса назар аударып келеді. Бұл мәселе «100 нақты қадам» бағдарламасында да, жақындағы «Ұлт жоспары — қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында да айқындалған. Соның арқасында әр жыл сайын бұл саланы мемлекет тарапынан қаржыландыру жақсара түсуде. Мұның айқын көріністері — осы бағыттағы көптеген мемлекеттік бағдарламалар. Біздің облысымызда да 2014 жылдан бастап, шағын тауарлы сүт фермаларын құруға арналған «Ырыс» бағдарламасы іске асырылуда. Соның нәтижесінде 2014-2015 жылдары облыста 7 шағын тауарлы сүт фермасы құрылды. Осы фермаларға өнімділігі жоғары, сүтті бағыттағы 500 асылтұқымды қашар сатып алынды. Бүгінгі күні бұл малдар өз төлі есебінен өсірілуде.
Шағын сүт фермасының бір үлгісі болатын шаруашылық Мәртөк ауданының Саржансай ауылында құрылмақ. Ол «Милкер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тауарлы сүт фермасы. Бұл ферманың және сүт өңдеу зауытының құрылысын жүргізу жобасы қазір дайын. Қолма-қол жүзеге асу мүмкіндігі бар маңызды жоба «Жол картасы» бағдарламасы бойынша да қаржы табылмай, кідіріп тұр. Жақында облыста еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі қатысқан жиында бұл мәселе айтылды, таяу арада шешілер деген үміт бар.
Сүт молшылығын жасау бағытындағы жұмыстар облыста баршылық. Облыста сүтті бағытта 7 асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектісі жұмыс жасайды. Тек сол жерлерде бүгінгі күні 3475 асыл тұқымды мал өсірілуде. Олар жылма-жыл облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 700-1000 бас асылтұқымды төл сатып келеді. Бұл — ертеңгі молшылықтың, сүт өнімінің болашағы.
Мамандар облыста ірі-шағын тауарлы сүт фермаларын құру арқылы облыс тұрғындарының сүт өнімдеріне сұранысын толық өтеуге болады деген сенімде.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button