Басты жаңалықтар

Министр асылтұқымды ірі қара шаруашылығына барды

 

Кеше облысымызда арнайы іссапарымен жүрген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Хромтау ауданы Қопа ауылындағы «Молочные истории» ЖШС-ның асылтұқымды ірі қара өсіретін шаруашылығын аралап көрді.

2013 жылы пайдалануға берілген шаруашылықта шетелден әкелінген асылтұқымды етті бағыттағы ангус тоқал қара сиыры өсіріледі. Алғашқыда 1600-ге жуық сиыр әкелінген болатын. Бүгінгі күні шаруашылықта сиыры, бұзауы аралас барлығы 3900 ірі қара бар.

Жыл сайын туып-өскен төлдің ұрғашыларын өзімізде алып қаламыз, ал бұқаларды, Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, малды асылдандыру үшін жеке шаруашылықтарға сатамыз, — дейді «Молочные истории» ЖШС-ның директоры Оразақ Самұратов.

Тұрғызылуы үшін қомақты мөлшерде қаржы салынған шаруашылық кешенінде мал бағуға арналған бірнеше қора, сиыр бұзаулайтын, төл күтетін орындар бар. Мұнымен бірге, әкімшілік-шаруашылық корпусы, мал бағатын отбасылар тұратын үйлер салынып, жеке су айдау сорабы және электр жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Қазір мұнда барлығы 55-60 адам жұмыс жасайды. Шаруашылық малға қажет шөпті негізінен өзі дайындайды. Сонымен қатар, көршілес жеке шаруашылықтардан да сатып алады.

Малшыларымыздың жалақылары жаз мезгілінде 250 мың теңгеге дейін барады. Қыс маусымында мал негізінен қорада ұсталып, оны бағу механикаландырылған жүйе бойынша жүзеге асырылатын болғандықтан жалақы аздау. 60-70 мыңның шамасында. Жұмысшыларымыздың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлеміз. Жазда азық-түлік сатып алуы үшін әрбір жұмысшыға қосымша 30-35 мың теңге ақы төленеді. Қыс мезгілінде таңертеңгілік және түскі ас барлық ұжым мүшелеріне  тегін беріледі, — дейді Оразақ Самұратов.  

Шаруашылықтың мал қоралары мен жұмысшылар үшін салынған 3 қабатты әкімшілік-тұрмыстық ғимаратты аралап көрген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков журналистерге сұхбат берді.

Осы шаруашылықтан біз шетелден әкелінген ангус тұқымды ірі қара малының жерімізге үйреніскенін көріп отырмыз. Әрбір 100 аналықтан 85 бұзау алынатын көрінеді. Бұл — елімізде ірі қара шаруашылығын дамытуға болатындығының іс жүзіндегі көрінісі. Мұндай шаруашылықтар біздің экспортқа шығару үшін сапалы ет өндіру әлеуетімізді күшейтеді. 2016 жылы Ақтөбе облысының «АкТеп» шаруашылығының өзі Ресейге 12 мың тоннадай ет экспорттамақшы, — деді Асылжан Мамытбеков. Ол сондай-ақ, аталған шаруашылықтың өзіне тиесілі жайылымды арнайы шарбақпен қоршап қоюына байланысты жеке пікірімен бөлісті.  

Өте қажет нәрсе. Мал шаруашылығында жетістіктерге жеткен елдерде мал өсіруші фермалар өздерінің жайылымдарын қоршап алады. Біздегі көптеген ветеринарлық проблемалар дәл осы шаруашылықтардың өз жайылымдарын қоршамауынан туындайды. Мал бір-бірімен араласып, түрлі аурулар жұқтырады. Нәтижесінде, ол аурудың қай шаруашылықтан шыққанын біле алмай дал боламыз. Ал жайылымдар осы шаруашылықтағы секілді қоршалатын болса, әр шаруашылық өз малына жауап бере алады. Серіктестіктің қожайыны өз малын қауіпсіз ұстау үшін осындай шығынға барып отыр. Бұл — қажет нәрсе және бүкіл әлемде қолданылатын тәжірибе, — деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі.  

Асылжан Мамытбеков Ақтөбе облысының мал шаруашылығын дамыту әлеуетінің мол екендігін айтты. Облысымызда жайылым жерлері көп, хапық та мал өсірумен айналысуға дайын. Министрдің пікірінше, егін шаруашылығынан гөрі мал шаруашылығына көбірек көңіл бөлу қажет. Жеріміз мал азығын өсіруге өте ыңғайлы. Оның үстіне мал азығын дайындау аса көп ылғалды талап етпейді. «Осы әлеуетті толығымен пайдалануымыз керек», — дейді ауыл шаруашылығы министрі.

«Молочные истории» ЖШС биылғы жылы «КазАгроҚаржы» компаниясының қолдауымен лизинг бойынша қаржы алып, тағы 1500 бас ангус тұқымды қашар сатып алуды жоспарлап отыр. Серіктестік директорының айтуынша, негізгі меже — аналық сиырлардың санын 10 мыңға дейін жеткізу.

  

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button