Басты жаңалықтар

Қарақобда Қарақұм не Қызылқұм емес қой…

Әкімдер есебі

Өткен аптаның аяғында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Алға ауданының екі ауылдық округі әкімдерінің халыққа есеп беру жиынына қатысты. Облыс әкімінің ауылға келіп, әкімнің есеп беру жиынына қатысқанын бұрын-соңды көрмеген тұрғындар  барынша сұрақтарын қойып, жауап алуға тырысты.

 Ауылдарыңыз соғыстан кейінгі жылдардағы ауыл сияқты

 Алдымен Қарақобда ауылдық округінің әкімі Серікбай Құрмансейітов өткен жылы атқарылған жұмыстары туралы айтты. Қарақобда, Ерназар, Құмсай ауылдарын біріктіріп отырған округте қазір 922 адам тұрып жатыр. Округте үш мектеп, 2 медициналық және 1 үйден қабылдау пункттері жұмыс істейді. 40 шаруа қожалығы бар. Олар негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Тұрғындардың дені де мал ұстайды. Округтегі жалпы мал басы саны — 6098. Осы және басқа да сала бойынша есеп берген округ әкімінің баяндамасын тыңдап болған аймақ басшысы бірқатар салаға байланысты сын айтты.

Жиын мектептің спорт  залында өткен болатын. Мектеп ескі. Саманнан тұрғызылған, есік-терезелері, төбесі алқам-салқам. Өткен ғасырдың 70-інші жылдары салынған.

— Сонау 70-інші жылдардан бері 40 шақты жылда осы мектепті кемінде 400 адам бітірген шығар. Солардың арасында кәсіппен айналысатын, кәсіпорындар басқаратын кемінде 3-4 адамның болмауы мүмкін емес. Солармен байланыс жасау керек, оқып кеткен мектебінің жағдайын көрсетіп, көмек сұрау керек. Осындай уақытта мынадай мектепте оқыған ұят. Сіз округте 15 жыл әкім болған екенсіз, сол 15 жылда басқасын былай қойғанда, мектептің шатырын жөндеуге болады ғой. Клубты неге жөндемейсіңдер? Ауылдарыңыз соғыстан кейінгі жылдардағы ауыл сияқты. Мына жерде соғыс болды ма не? 15 жыл әкім болғансың, неге 15 жылда осыларды жөндемегенсіңдер? Мынау ұят қой?  —  деді Б.Сапарбаев.

Қарақобдадағы клубтың да жағдайы мәз емес. Қалқиып тұрған ғимарат көрер көзге бүтін демесеңіз, мәдениет ошағы деуге келіңкіремейді, тозығы шыққан жиһаздар, алқам-салқам есік-терезе, қара суық қабырғалар. Округ әкімі Серікбай Құрмансейітов бұл жағдайдың барлығы бақылауда екенін, мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін 51 миллион теңге қаржы бөлінетінін айтты.

Қарақобда облыс орталығынан 57 шақырым жерде тұр. Ырғыз, Байғанин сынды алыс аудандармен салыстырғанда 57 шақырым деген Ақтөбенің іргесі. Жері жақсы, шөбі шүйгін, суы мол. Округ әкімінің айтуынша, соңғы жылдары ауа райының құрғақшылығына байланысты егін шаруашылығы көлемі қысқарған. Бірақ бұл егін шаруашылығымен айналысуға мүлде мүмкіндік жоқ деген сөз емес. Округте 38 мың  гектар суармалы жер бар. Бірақ тұрғындар егін шаруашылығымен айналыспайды екен. Аймақ басшысы мұны да сынға алды. «Ауыл іргесінде ағып жатқан Қарақобда өзенін пайдалану керек. 30 мың гектардан астам суармалы жер бар екен. Оның 13 мың гектары Қорғаныс министрлігіне берілген. Қалған жерді неге халық пайдаланбайды? 900-ден астам адам тұратын жерде бір гектар суармалы жер болмау ұят нәрсе. 6000 мал да өте аз. Жері жақсы, су бар. Қарақобда Қарақұм не Қызылқұм емес қой? Қарақобда облыс орталығына тиіп тұр. Сіздер көкөніс егіп, Ақтөбеге апарып сатсаңыздар да үлкен олжа. Жұмыс жоқ деп қарап отыра беруге болмайды. Жер бар, су бар, тек жұмыс істеу керек», — деді Б.Сапарбаев.

Өңір басшысы Елбасының шаруашылықтарды ірілендіру тапсырмасына сай округтегі 40 шаруа қожалығын бір-бірімен біріктіру арқылы бірнеше ірі шаруашылық құру қажеттігін айтты. Себебі шағын шаруашылықтардан ешқандай пайда жоқ, ол тек бір адамның не бір отбасының ғана пайдасы үшін жұмыс істейді, ал шаруашылықтар ауыл азаматтарының, ауылдың пайдасына жарауы керек.

Жиынға қатысқан ауыл тұрғындары жұмыссыздық, мал ұрлығы жөнінде арыздарын айтты. Ауылда мал ұрлығы белең алып тұр екен. Соңғы жарты жылдықта ғана 25 қой, 2 түйе, 2 жылқы жоғалған. Малды аулаққа апарып, сойып алып кетіп жатқандар да бар. Ауыл тұрғындары мұның барлығы учаскелік полиция қызметкері жоқтығынан көреді. Қолдағы малдың арасында ауру шыққаны салдарынан мал өліп жатқаны да сөз болды. Ауылдағы мал дәрігерінің  Ақтөбеге көшіп кетсе де, әлі күнге ауылдағы жұмысында істеп жүргенін де ауыл тұрғындары дұрыс емес деп есептейді.

 

Үшқұдықтың үш мәселесі — су, газ, жол тазалау

 

Үшқұдық ауылындағы кездесуде тұрғындар негізінен су және газ мәселесін алға тартты. Округ басшысы Мейрамбек Жармұхановтің айтуынша, биыл «ҚазТрансГазАймақ» ЖШС, «ҚазМұнайГаз» ЖШС және Ақтөбе облысы әкімшілігі арасында жасалған үшжақты меморандумға сәйкес, Үшқұдық ауылына көгілдір отын жеткізу үшін газ құбырларына қажетті жер учаскесі бөлінген. Ауылға көгілдір отын Ақтөбеден Қобдаға қарай шығатын жол бойындағы магистральдық газ құбырынан тартылмақ. Қазір жоба жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына 395 млн. теңге қаражат қаралған.

«Ал су мәселесіне келер болсақ, Үшқұдық ауылында сумен қамтамасыз ететін бір станция тұрақты жұмыс істеп тұр. Судың сапасын СЭС мамандары биыл тексеріп, пайдалануға жарамды екенін анықтады», — дейді округ әкімі М.Жармұханов.

Ауыл тұрғыны Айткүл Оразымбетованың: «Краннан ағатын судың сапасы нашар. Сап-сары. Ыдысқа құйып, тұндырып ішпесе, ішу мүмкін емес», — деген сөзіне округ әкімі: «Осындай наразылықтар болған соң арнайы СЭС мамандарын шақырттым, су таза, ішуге жарамды деген қорытынды айтты», — деген уәжін келтірді.

Үшқұдық округіне Үшқұдық, Жерұйық, Ақсазды ауылдары қарайды, үш ауылда барлығы 1454 адам тұрады.Тұрғындар мал, егін шаруашылығымен айналысады. Шағын және орта бизнеспен айналысатын  7 субъект жұмыс жасап жатыр. Биыл округ ауылдарында мал бордақылау алаңын ашу, сүт фермасын, жылыжай ашуға ниеттеніп отырған кәсіпкерлер бар. Үшқұдықтағы мектеп-бақша биыл күрделі жөндеуден өткізілген. Жалпы округте 2 білім беру ошағы, 1 медициналық амбулатория бар. Ауыл тұрғындары қыста жолды қар басып қалатынын, тзартылмайтынын айтып, арызданды. Газ келеді деген сөз тағы да құрғақ уәде болып қалмай ма деген күдіктерін де жайып салды.

— Сіздер әкімдер уәде үйіп-төгіп береді де, оны орындамайды деп ойламаңыздар. Ең бастысы, газ жеткізетін  компаниямен келісім жасалды. Қаржы болса, міндетті түрде ауылға көгілдір отын тартылады. Алайда қазір әлемдегі саяси, экономикалық жағдайды жақсы білесіздер. Дағдарыс әсерін тигізуі мүмкін. Ең бастысы, үкімет маған не береді деп қарап отырмауымыз керек, өзіміз әрекет етейік, — деді аудан әкімі Мавр Абдуллин.

Аймақ басшысы да экономикалық дағдарысты сылтауратып, жұмыссыз жата бермеу қажеттігін алға тартты: дағдарыс мұнай мен газ, түсті металл өндірісіне, сырттан сатып алынатын тауар нарығына әсер етеді, ал ауыл ештеңені сырттан сатып алмайды, сондықтан жұмыс істеп, қиыншылықтарды бірге жеңуіміз керек.

Ауыл тұрғындарымен кездесуде аймақ басшысы округ әкімі ауылдағы қордаланған әр мәселені бүге-шігесіне дейін талдап,  шешімін іздеу керектігін айтты. Б.Сапарбаевтың сөзімен айтсақ, ауылдың әкімі — Президенттің осы ауылдағы өкілі, ол — Президенттің, Үкіметтің, облыс, аудан әкімдерінің жүргізіп отырған саясатын іске асыратын адам. Сондықтан ол тұрғындармен жиі кездесу өткізуі керек, айына кемінде бір рет кездесу өткізіп, мәселелерді тыңдап, бірге отырып шешу жолдарын іздестіру керек, қай мәселе қай деңгейде — аудандық,  облыстық, республикалық деңгейде шешілуі тиіс екендігін түсіндіріп айту қажет.

Ендігі жерде халықтан жиналатын салық жергілікті атқарушы биліктің құзырына өтеді. Осы салықтан түскен түсімді ауылды дамытуға жұмсау керек. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауылдан шыққан кәсіпкерлерді тарту қажет.  Округ әкімдеріне осындай нақты тапсырмалар берген аймақ басшысы тұрғындардың да ауыл тазалығы үшін жауапкершілігі үлкен екенін айтты. Әр отбасы өз ауласын, үйінің айналасын таза ұстауы маңызды. Ұлттың ең ұлық мерекесі — ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын бір адамдай өткізу бәрімізге сын. «Сондықтан осы тойға әрбір қазақ, Қазақ елінің әр тұрғыны өз үлесін қосуы тиіс», — деді Б.Сапарбаев.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button