Басты жаңалықтар

«Мәжілістің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, жаңа сайлау тағайындау керек…»

Кеше Мәжіліс депутаттары Елбасына өз өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатып, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы ұсыныс жасады. Парламент Мәжілісі өз шешімін халықаралық саяси және экономикалық жағдаймен байланыстырып отыр. Олар өз мәлімдемесінде бүгінгі халықаралық саяси және экономикалық жағдай Қазақстанға тізгінді бос жіберуге мүмкіндік бермей отырғанын, биліктің үш буынын жұмылдыру қажеттігін атап өтті.
«Бүгін — кейінге қалдырмайтын жедел шаралар уақыты. Осыған байланысты, қазірден бастап жаңа реформаларды жүзеге асыруға жедел кірісу үшін, сонымен бірге, дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін біз бесінші шақырылымдағы Мәжілістің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және Парламентке жаңа сайлау тағайындау туралы бастама көтереміз.
Біріншіден, қазіргі Мәжіліс «Ұлт жоспарын» жүзеге асырудың заңнамалық негізін қалап, өзінің тарихи миссиясын орындады.
Парламент 80-ге жуық заң қабылдады. Президенттің 5 институттық реформасының әрқайсысын жүзеге асырудың «жол картасы» жасалды.
Ал қазір, жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, елімізді ауқымды жаңғыртуға және Президент реформаларын барлық бағыттар бойынша нақты жүзеге асыруға кіріскен сәтте партиялар сайлаушылардың жаңа сенім мандатын алуы айрықша маңызды.
Екіншіден, осынау жауапты сәтте дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін кең ауқымды қоғамдық бірігу қажет. Тек бірлік пен үйлесімді іс-әрекеттер ғана бізге жаңа экономикалық соққыларға төтеп беруге мүмкіндік береді.
Үшіншіден, біздің реформаларды жүзеге асыру жөніндегі іс-әрекеттерімізді барлық деңгейде үйлестіру үшін Парламент сайлауын жергілікті мәслихаттар сайлауымен қоса өткізу қажет» делінген Үндеуде.
Бұл дағдарыс жағдайында сайлау науқанын ұзақ мерзімге созбауға және сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалатын бюджет шығыстарын біршама қысқартуға мүмкіндік береді.
— Осы айтылған ұстанымдарды негізге ала отырып, біз Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасы Президентінің бесінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісін мерзімінен бұрын тарату және Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын қабылдау туралы бастамамен жүгіндік.
Бүгінде бәріміз бірігетін уақыт жетті. Біз қоғамдағы жағдайды көріп отырмыз. Қазір реформаларды жүзеге асырып, дағдарыстан қорғануымыз керек. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, дағдарысқа қарсы іс-шаралар жоспарын тездетіп жүзеге асыруымыз қажет. Егер бұл жұмысты созып жүріп алсақ, барлық ресурстарды осыған шоғырландырамыз, ал бізге жоспарымызды тезірек іске асырған жөн. Егер қазір мерзімінен бұрын сайлауды ұйымдастырсақ, біз екі айлық қысқа мерзімде жылдам жиналып, бүкіл қоғамды жұмылдыра аламыз. Ең бастысы осы, халықтың күткені де осы деп ойлаймын, — дейді ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Нұрлан Әбдіров.
ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Дәурен Абаев Ақорданың Facebook-тегі ресми парақшасында мәжілісмендердің мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізу туралы бастамасына байланысты түсініктеме берді.
— Елбасы Мәжілісті тарату және мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы депутаттардың бастамасынан хабардар. Аталған мәселеге қатысты шешім әзірге қабылданған жоқ. Себебі мұны ой елегінен өткізіп, сарапқа салу қажет. Нұрсұлтан Әбішұлы, ең алдымен, қоғамның және елдегі ахуалды ескеріп, таразылайды деген ойдамын. Сондай-ақ Конституцияға сәйкес, Елбасы Парламенттің қос палатасының спикерлерімен және Премьер-министрмен консультация өткізеді. Тек содан кейін ғана біз соңғы шешімді білетін боламыз, — деп жазды Дәурен Абаев.

Интернет материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button