Басты жаңалықтар

«Мұнай бағасы 40 долларға көтерілгенде жалақыны да көтеру үшін қаржы іздестіру керек…»

Облыс әкімдігінің бастамасымен облыстағы ірі кәсіпорындар басшылары өз ұжымдарының алдында есеп бере бастады. Бұл жиындардың басты ерекшелігі, оған облыс әкімі мен облыстық кәсіподақ басшылығының қатысатындығы. Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық кәсіподақ орталығының басшысы Түрікпенбай Айжарықов алты жарым мың адамды жұмыспен қамтып отырған алып кәсіпорын — «СНПС — Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның 2015 жылға арналған өндірістік бағдарламалары мен кәсіпорынның ұжымдық келісімшартының орындалуы жөніндегі есеп беру жиналысына қатысты.

Дағдарыс алқымнан алып тұрған қазіргі уақытта жұмыс орнының қысқармауы, жалақының кешіктірілмеуі әрбір отбасы үшін — басты мәселе! Ол үшін ірі кәсіпорындармен келіс-сөздер жүргізілуі, қажет жерінде жергілікті биліктің оларға нақты талап қоя білуі қажет. Осы ретте Ақтөбе облысы әкімдігінің ірі кәсіпорындармен келіссөздер жүргізуді республикада бірінші болып бастап кеткенін айта кеткен жөн. Екіншіден, ірі кәсіпорындар басшыларының жыл қорытындысы бойынша өндірістік бағдарламалар мен ұжымдық келісімшарттың орындалуы хақындағы есеп беру жиналысына облыс әкімі мен облыстық кәсіподақ орталығы басшылығының қатысуы облыс тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. Бұл кәсіпорын басшыларының да етек-жеңін жинауына, облыс халқы алдындағы жауапкершілігін тереңірек сезінуіне әсер ететін жайт!
Нақты қолға алынған шаралардың арқасында қазір облыста жалақы төлеуден қарыз болып отырған мекеме жоқ. Жәрдемақылар да уақытылы қолға тиіп тұр. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарын ашып, еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтап отыр. Облыстың экономикалық белсенді тұрғындары арасындағы жұмыссыздық деңгейі республикалық көрсеткіштен 0,2 пайызға төмен. Жергілікті билік өткен жылдың соңғы тоқсанында облыс бюджетіне 5 миллиард теңгеден астам қосымша кіріс кіргізіп, 20 миллиард теңгенің өнімін өндіруге қол жеткізді.
Әрине, дағдарыс ешкімге де оңай тиіп тұрған жоқ. Арқаға ердің батқанын, әсіресе, мұнай компаниялары қаттырақ сезініп отыр. Бірақ солай екен деп жұмыс орнын қысқартуға, жалақыны кешіктіруге, өндіріс көлемін төмендетуге, әлеуметтік жауапкершілікті ұмытуға болмайды. Облыс әкімінің қай компанияға да қойып отырған басты талабы — осы! Оның айтуынша, әлемдік дағдарыстан тек ірі кәсіпорындар, тауар өндірушілер, шағын және орта кәсіпорындар мен басқа да шаруашылықтар тізе қосып жұмыс істегенде ғана шығуға болады. Кәсіпорындар басшыларымен кездескендегі басты мақсат та — сол. Өңір басшысы
жиында қазір облыста қосымша кіріс көздерін іздестірумен айналысатын комиссияның құрылғанын да тілге тиек етті.
Үнемдеудің, жаңа кіріс көзін табудың жолдары көп. Мысалы мұнай-газ саласындағы қазақстандық үлесті арттыру қажет. Бұл елімізді импортқа тәуелділіктен арылтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ал жаңа жұмыс орны өз кезегінде бюджетті толтыруға септігін тигізеді.
Ал «СНПС — Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның бас директоры Ван Цзюньжэнь өз баяндамасын кәсіпорынның 2015 жылдағы өндірістік-шаруашылық қызметтерінің көрсеткіштерінен бастады. Кәсіпорынның мұнай, газ және сұйытылған газ өндіру жоспарлары ойдағыдай орындалған. Мұнай өндіру жоспары мөлшері 230 мың тоннаға артық орындалып, бір жылдың ішінде 4 миллион 558 мың тоннаға жеткен. Газ өндіру жоспары да 101 пайыз мөлшерінде орындалған. Ал өндірілген сұйылтылған газдың мөлшері — 380 мың тонна.
Десек те, әлемдік нарықта орын алған мұнай бағасының төмендеуі аса ірі мұнай және газ өндіруші компанияның экономикасына теріс әсерін тигізген. Бас директордың айтуынша, өндірілген өнімді сатудан түскен табыс мөлшері 311 миллиард теңгені құрағанымен, ол алдын ала жоспарланған мөлшерден 35 пайызға төмен.
— Жылдың қорытындысы бойынша қаржылық көрсеткіштер теріс нәтиже көрсетті. Бұл компаниямыздың 18 жылдық тарихында бірінші рет орын алып отыр, — деді Ван Цзюньжэнь.
Кәсіпорын инвестиция салу, мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық құрамның көрсеткішін көтеру, әлеуметтік міндеттемелерді орындау бойынша өз міндеттерін толықтай орындаған.
Негізгі капиталға қаржы салу бойынша бір жылдың ішінде 64 миллиард теңге қаржы игерілген. Облыс экономикасы үшін жоғары маңызға ие нысандардың құрылысын қаржыландыру еш тоқтатылмастан жалғастырылып отыр. Оның ішінде ГТС-45 және Жаңажол газ өңдеу зауытының 3-кезегі сынды нысандарды атап өтуге болады.
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ тарапынан жүзеге асырылған сатып алулар кезінде тауарлардағы қазақстандық құрамның көрсеткіші 16 пайыздан 18,9 пайызға дейін көтерілсе, жұмыстар мен қызметтердегі көрсеткіш, сәйкесінше, 75 және 91 пайызға дейін жеткен.
Кәсіпорынның бас директоры компания тарапынан орындалып отырған әлеуметтік жауапкершілік ретінде Ақтөбе облысының халқын әлеуметтік газбен қамтамасыз етіп отырғандарын атап өтті. «Жыл сайын 1 миллиард 800 миллион текше метр газ береміз. Оны халыққа өзіндік құнының 3/1 мөлшеріндегі бағаға сатамыз. Нәтижесінде компаниямыз 800 миллион теңгеге жуық зиян көреді», — деді кәсіпорынның бас директоры Ван Цзюньжэнь.
Вахта әдісімен кеніштерде жұмыс жасайтын қызметкерлерді тегін тамақпен қамтамасыз етуге компания бір жыл бойына 800 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Әрбір қызметкердің әлеуметтік пакеті 222 мың теңгені құрайды. Бұл қызметкердің жалақыдан бөлек алатын әлеуметтік қолдауы.
Кәсіпорын бас директорының есебінен кейін Бердібек Сапарбаев компаниядағы кәсіподақ ұйымының басшысынан ұжымдық келісімшарттың толықтай орындалып- орындалмайтынын пысықтап сұрады.
Жиналыс кезінде кеніште жұмыс жасайтын қызметкердің «2016 жылы жалақы көтеріле ме?» деген сауалына компанияның бас директоры:
— Бұл сауалды мұнай бағасы 60 АҚШ долларына көтерілген кезде сұрасаңыз орынды деп қабылдар едім. Бірақ қазіргі баға оған мүмкіндік бермейді, — деп жауап берді.
Осы жерде сөзге араласқан облыс басшысы Бердібек Сапарбаев:
— Бас директор айтқан 60 доллар әзірге мүмкін емес. Бірақ мұнай бағасы 40 АҚШ долларына көтерілген жағдайда, жалақыны көтеру мәселесі қаралуы тиіс. Жалақыны көтеру үшін қосымша қаржы көздерін іздестіру бұл — Елбасының тапсырмасы. Ол үшін кәсіпорын орынсыз шығындарды азайтып, жалақыны көтеру үшін қосымша кіріс көздерін қарастыруы керек. Бізге қазір мемлекет орасан зор қолдау көрсетіп жатыр. Үкімет экспортты және ішкі қажеттіліктерді өтеу үшін квотаны ұлғайтып отыр. Мұны да ұмытпаған жөн, — деді.
Кәсіпорынның бас директоры да:
— Иә, бұл біздің негізгі міндетіміз, — деді өңір басшысына қолдау білдіріп.
Жиналыс қорытындысы бойынша облыс әкімі мекеме басшысына өндіріс көлемін одан әрі ұлғайту, компания сатып алатын жұмыстар мен қызмет көрсетудегі қазақстандық үлесті арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Жаңажол газ өңдеу зауытының 3-кезегін белгіленген мерзімде тапсыру керектігін шегеледі. Инвестиция көлемін төмендетпей, қосымша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертті.
Аймақ басшысы әлеуметтік жауапкершілікті арттыру қажеттілігіне де тоқталды. Сонымен қатар, мекеменің ұжымдық келісімшарты аясында әлеуметтік бағытқа айрықша назар аударуға шақырды.
Тараптар айдың аяғына дейін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бағдарламаны бірігіп жасау жөніндегі келісімге келді.
Жиын соңында еңбек қатынастарын реттеп, кәсіпорын мойнына алған әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін облыс әкімдігі, кәсіпорын басшылығы және аумақтық кәсіподақ бірлестігі арасында меморандумға қол қойылды.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button