Спорт

Қала әкімінің жүлдесі үшін

«Үлкен ел — үлкен отбасы» акциясы аясында қаңтар айынының 4-10 күндері аралығында Ақтөбе қаласы әкімінің жүлдесі үшін мини-футболдан және футболдан дәстүрлі халықаралық турнир өтті. Жарысқа құрамында Маңғыстау, Қызылорда, Атырау облыстарынан және Ақтөбе қаласы мен біздің облысымыздың аудандарынан 2002-2003 және 2004-2005 жылдары дүниеге келген балалар бар командалар қатысты.

Қар үстіндегі футбол алаңына барлығы 12 команда шықты.

Қала әкімінің кубогы үшін болған ақтық сайыста «Ақтөбе» футбол командасының әзірлік тобының тәрбиеленушілері және Алға қаласының командасы өнер көрсетті. Табан тірескен шайқаста Ақтөбе қаласының балғын футболшылары 1:0 есебімен жеңіске жетті. Шешуші допты қарсыластар қақпасына Максим Самородов енгізді. Қола жүлдеге олимпиадалық резервтегі облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы ие болды.

Мини-футболда олимпиадалық резервтегі облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасына теңдес табылмады. Ақтық сайыста ақтөбеліктер Атыраудан келген бәсекелестеріне бет қаратпады. Жанғали Маханов жарыс қорытындысы бойынша турнирдің үздік қақпашысы атанды. Қола жүлдені маңғыстаулық спортшылар иеленді.

Жүлдегерлерді марапаттау салтанатында сөз алған Ақтөбе қаласының әкімі Бекбол Сағын бұқаралық спортты әсіресе балалар арасында кеңінен дамыту жергілікті атқарушы биліктің басты міндеттерінің бірі екенін атап көрсетті.

Турнирді ұйымдастырушылар алдағы уақытта жарысқа қатысушылар географиясын кеңейте түсуді жоспарлап отыр. Қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаровтың айтуынша, келер жылы Ресей Федерациясынан да командалар қатысуы мүмкін. Қазірдің өзінде Орынбор, Орск және Уфа қалаларының өкілдерімен алдын ала келісім жасалып үлгерген.

 

Н.ӘБДІЛДАҰЛЫ.    

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button