Құқық

Вишенин кінәсін мойындады

Хромтау аудандық соты Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 1-бөлігімен (алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) айыпталған Я.Вишенинге қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот тергеуі барысында мемлекеттік айыптаушы-прокурор ҚР ҚПК-нің 337-бабының 4-бөлігіне сәйкес ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігімен сотталушы Я.Вишенинге қатысты тағылған айыпты өзгертіп, соттан ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігінен 195-бабының 1-бөлігіне қайта дәрежелеуді сұрады.
Айыптаудың аталған өзгертулері сотталушы Я.Вишениннің құқықтық жағдайын нашарлатып, оның қорғалу құқығын бұзған жоқ.
Айыптау актісіне сәйкес, 2013 жылдың қыркүйегінен 2014 жылдың қарашасына дейінгі мерзімде Хромтау қаласында «КТП» ЖШС-нің директоры Я.Вишенин пайдакүнемдік ниетпен, материалдық пайда түсіру мақсатында, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен, «Хромтау аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» ММ-нің жұмысшыларын адастырып, мемлекетке жалпы сомасы 286 083 теңге болатын мүліктік залал келтірді.
Сот мәжілісінде сотталушы Я.Вишенин өзіне тағылған жаңа айып бойынша кінәсін толық мойындады, жасаған қылмысы үшін өкініп, келтірілген залалды толық көлемде өтеді.
Сот үкімімен сотталушы Я.Вишенин Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 195-бабының 1-бөлігінде (алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен жымқыру белгiлерi болмаған кезде мүлiктiк залал келтiру) көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 70-бабының 2-бөлігіне сәйкес, мінсіз мiнез-құлқына байланысты қылмыстық теріс қылықты алғаш рет жасаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатуына жататынын ескеріп, Я.Вишенинді қылмыстық жауаптылықтан босатты.
Сот Я. Вишениннен мемлекет кірісіне 62 515 теңге көлемінде іс жүргізу шығындарын өндірді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button