Басты жаңалықтарТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған торқалы той Ақтөбеден бастау алды!

Биылғы жыл — Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланатын айрықша жыл. Кеше Ақтөбеде бірінші рет осы мерекелік датаға арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «ҮЛКЕН ЕЛ — ҮЛКЕН ОТБАСЫ» республикалық жалпыұлттық жобасы бастау алды. «Қоныс» спорт сарайында өткен шарада достық пен татулық патшалық құрған мемлекеттің ең асыл байлығы — қазақ пен қазақ ұлтының айналасына топтасқан 130-дан астам ұлттың ұлы тойы бір шаңырақтың астындағы бір отбасының тойындай берекелі өтсін деген ақ ниет көрініп тұрды. Шараға 4 мыңдай адам қатысты.

Театрландырылған көріністерде бишілер, әншілер мен актерлер ата-баба армандаған Азаттықтың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен келгендігін көрсетті. Бір сағаттық қойылым Қазақ жеріндегі бірнеше ғасырлық тарихты паш етті: «Ауыл» аталатын бірінші бөлімде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның көріністері, одан кейінгі жаугершілік кезеңдер, кешегі Екінші дүниежүзілік соғыс, тың игеру жылдары, қазақ жеріне жан-жақтан депортацияланған ұлттардың тағдыры көрсетілді. «Мәңгілік Ел» бөлімінде Тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасырлық тарихы, осы уақытта жеткен жетістіктері, әлем аренасында танылуы сынды тақырыптар қамтылды. Шара барысында ақтөбеліктер мен облыс тұрғындарын мерекелі жылдың басталуымен құттықтаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та еліміздің осы жылдар аралығында қол жеткізген табыстары жөнінде тебірене сөз сөйледі: Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік — қасиетті ұғым», — деген сөзін сабақтай келе, дүние жүзінде мыңдаған ұлт бар екенін, соның көбінің өз мемлекеті жоқ екеніне тоқталды. 25 жылдың мемлекет үшін көп уақыт еместігін, осы аз ғана уақытта Қазақстан өз аяғына нық тұрып, әлемге аты танылған мемлекет болғандығын мақтанышпен айтты. Аймақ басшысының айтуынша, 25 жылда талай өзгеріс болды. Қазақстан 70-тен астам халықаралық ұйымның белді мүшесі атанды. Елімізде көптеген ірі-ірі шаралар, саммиттер, форумдар өткізіледі. Осы уақытқа дейін елімізде жалпы ішкі өнім де, экономикаға тартылған инвестиция да 40 есе артты. 1993 жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 1000 есеге дейін жоғарылады. Халықтың өмір сүру жасы 72-ге дейін көтеріліп, бала туу көрсеткіші 68 пайызға өсті. Соңғы 5 жылдың ішінде ғана елімізде индустриалды даму бағдарламасы аясында 950 жаңа кәсіпорын құрылып, 250 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы жылдары да елімізде ЭКСПО көрмесі, Универсиада сынды бірнеше маңызды шара болады.
«АҚШ-тың 41-ші президенті, үлкен Буш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенділігінің арқасында, оған деген халықтың сенімінің арқасында Қазақстан осындай үлкен жетістікке жетті, әлемге танылды деген болатын. Еліміздегі бірлік пен ынтымақтың арқасында осындай жетістіктерге жетіп отырмыз. Сондықтан осындай маңызды жылда өтетін шараларға, біз, ақтөбеліктер, өз үлесімізді қосуымыз керек», — дей келе, аймақ басшысы «үзеңгіге аяқ салып тұрған» үгіт пойызына ақ жол тілеп, оның бастамашысы «Нұр Отан» партиясының өкілдеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының ақ туын тапсырып, шығарып салды. Үгіт пойызы қаңтар-ақпан айларында облыстың барлық аудандарын аралап шықпақ. Оның құрамында «Нұр Отан» партиясының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері медицина қызметкерлері, заңгерлер бар. Негізгі мақсат — облыс халқына 25 жылда жеткен жетістіктерді, атқарылып жатқан жұмыстарды насихаттау, тұрғындарға қажетті медициналық, заңгерлік көмектерін беру, ауылда шағын және орта бизнесті құру бойынша кеңестер ұсыну.
Үгіт пойызын шығарып салғаннан кейін сарайдағы мереке әрі қарай жалғасты. Мемлекеттіліктің айрықша белгілері — мемлекеттік рәміздердің төрге шығарылуы, Әнұранды шырқау, кішкентай ұландардың ән салуы, өңірге белгілі әншілер Қанат-Светлана Айтбаевтар, Марат Әйтімов пен Жұлдыз Нұрқасымовалардың, облыстың ғана емес, еліміздің мақтанышы Димаш Құдайбергеннің шырқаған әндері сарайды тербетті.
Театрландырылған қойылымның шешуші бөлімінде осы тарихи датаға дейінгі «кері қарай есептеу» сәттері әдемі көрсетілді. Өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің мүшелері көрсеткен шаңырақ астындағы «Достықтың гүлдестесі» осы шараның ең әдемі көрінісі болды. Бұл — үлкен елдің үлкен шаңырағы іспетті. «ҮЛКЕН ЕЛ — ҮЛКЕН ОТБАСЫ» жобасының символы секілді болды…
Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойын тойлайтын жылда облыста барлығы 5 мыңнан астам әртүрлі шаралар өткізілмек. Ал Ақтөбеден бастау алған торқалы той одан әрі басқа өңірлерде де жалғасын табады!

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button