Басты жаңалықтарМереке

Аяз ата, кел, кел!

Жаңа жыл бала көңіл үшін ғажайыпқа толы ертегі-мереке. Себебі осы мерекеде түу Лапландиядан шанамен ұшып Аяз ата келеді, сыйлықтар береді. Ақтөбелік кішкентайлар Аяз атаға ерекше сенеді екен. Бұл сөзімізге дәлеліміз бар: «Қазпошта» акционерлік қоғамы «Аяз атаға хат» науқанын өткізген болатын. Республика бойынша «Лапландияға» 3752 хат жолданыпты. Соның 900-ге жуығын ақтөбелік балапандар жазған екен! Бұл хаттың астында қалған Аяз ата уақытының көп бөлігін Ақтөбеде өткізеді деген сөз. Біз де «Лапландиядан арнайы келген» Аяз атамен, балалармен тілдескен едік. Олар былай дейді:

Балалар маған сенеді

Мына Аяз ата балаларға Жаңа жыл қарсаңында 15 жылдан бері келіп тұрады екен. Ертегі мереке қарсаңында өзі де ертегі кейіпкеріне айналып шыға келетін Аяз атаның аты — Кеңес Кемалбаев. Ол «бос уақытында» Тахауи Ахтанов атындағы драма театрда актер болып қызмет етеді. Ал Жаңа жылда «өз жұмысына» кірісіп, балаларды қуантуға асығады.
— Аяз ата деп аталатын «жұмысым» өзіме ұнайды. Бұл, ең алдымен, балаларды қуанту деген сөз. Кішкентай балапандардың көзінен қуаныш көру керемет қой. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында күніге ең аз дегенде 3-4 жерге барамын. Балаларға сыйлықтар үлестіреміз, жеке үйлерге де кіріп шығамыз. Кейбір балалар менің «шын Аяз ата» екеніме сенеді, кейбірі сенбейді. «Мынау кешегі Аяз ата ғой» деп бір-біріне сыбырлағандарынан немесе дәлізде келе жатқаныңда «Аяз ата» деп соңыңнан айқайлағандарынан ол балалардың маған сенбейтінін байқаймын. Ал кейбір балалар менің қасымнан айналшықтап шықпайды. Біздің жаңажылдық ертегіміз бар. Сол бойынша Мендирк деген зұлым Жаңа жылды ұрлап кетеді, осы зұлымды іздеп жүргенімде бір бала келіп: «Ата, Мендрик деген ана кісі, сол ғой Жаңа жылды ұрлап кеткен», — деп, сыбырлады. Бұл — Аяз атаға сенген баланың сөзі. Жақында жаңажылдық шыршалардың бірінде бір кішкентай қыз баладан сыйлық берерден бұрын тақпақ сұрағам, ұмытып қалды ма, ештеңе айта алмай жылап жіберді. Бұл да Аяз атаға сенген баланың қылығы. Содан бір айналып келіп, баланы айналып-толғанып, сыйлығын бердім, — дейді Аяз ата.

Аяз ата неге мұңаяды?

Аяз атаның қоржынында үнемі сыйлық толып жүреді. Оның қоржынына бұл сыйлықтарды Аяз атаның «көмекшілері» — демеушілер, ата-аналар, ұстаздар салып қояды. Рас, кейде сыйлықтар аз болып қалатын кездер кездеседі. Ондай кезде Аяз ата қатты мұңаяды екен. Бірақ, сыйлық жетпей қалған балаға кейін міндетті түрде әкеліп беретінін айтады:
— Аяз аталар өте қайырымды келеді. Олар балаларды ешқашан жылатпайды. Кейде сый-сияпат жетпей қалады, ал балалар өлеңдерін, тақпақтарын айтқысы келіп тұрады. Мұндай жағдайда балаға маған хат жазуын, сосын міндетті түрде сыйлық әкеліп беретінімді айтамын. Бірде кішкентай қыз: «Аяз ата, маған Винкс керек» деді. («Винкс» — кішкентай қыздарға арналған ойын-ред.). Ал менің қоржынымда ол болмады. Бала өкпелеп қалды. Сосын кейін бір жерде ата-анасымен кездесіп, балаға екінші қайтара барып, сыйлығын апарып бердім, — дейді ол.
Қай кезде Аяз ата болғыңыз келмейді?

«Балалардың сыйлықтары әртүрлі болған кезде Аяз ата болғым келмейді. Себебі, бір бала екінші баланың сыйлығына қарап, неге өзінде сондай сыйлық жоқ деп мұңайып, көздері мөлтілдеп тұрады. Ондай кезде маған да оңай болмайды. Сондықтан ата-аналар баласына сыйлық дайындаған кезде сондай қымбат сыйлыққа басқа балалардың қолы жетпеуі мүмкін екенін ойласа екен деймін», — дейді Аяз ата.

Ол мені қалай алдады?

Кеңес Кемалбаев Аяз атаға 5-сынып оқығанша сеніпті. Соған дейін ол да Аяз атаға хат жазып, сыйлық алғанын, Аяз атаның түу Лапландиядан келетініне сенгенін айтады. Ал сол күні…
— Сол күні мен Аяз атаның ұшатын шанасын көргім келді. Балалар шырша айналып жүрген залдан сыртқа шықтым да, ауылдағы клубты айналып шықтым. Шана жоқ! Аяз ата сонша тез ұшып кеткені несі деп ойладым. Шананы көре алмағаныма ренжіп, клубтың артқы есігінен ішке кіріп келе жатқан едім, кенет… бір есіктің саңылауынан шапанын шешіп жатқан Аяз атаны көзім шалып қалды. Қарасам… біздің ауылдағы 1973 жылғы Нұрлыбек деген жігіт екен. Жүрегім зу етті, сонда Аяз ата дегенім өтірік болғаны ма?.. Қатты өкпелеп, үйге кетіп қалдым, — дейді Кеңес. Кеңестің кішкентай қызы Аянат та Аяз атаның шын емес екенін біліп қалыпты. 3 жасында. «Жаңажылдық шырша ертеңгілігі болып жатқан еді. 3 жастағы қызымды жұмыстас апайларымның бірі көтеріп тұрған. Мен жақындап келіп, тақпақ айтқызып, сыйлығымды бердім. Үйге келе жатқанда қызым: «Папа, жаңа Аяз ата болған сен бе?» деп айды аспаннан бір шығарды. Дауысымнан танып қалған», — дейді ол.
Аяз ата Жаңа жыл мерекесіне соншалықты үлкен мән бермейтінін айтады. Отбасында аққайнар атып, дастарқан жасағаннан гөрі достарымен қыдырғанды ұнатады екен, кейде жұмыста, гастрольде жүреді, Аяз ата киімімен қарсы алатын кездері де болады екен.
900 БАЛАНЫҢ ХАТЫ

«Қазпошта» акционерлік қоғамы жыл сайын Жаңа жыл қарсаңында балалардың Аяз атаға жазған хаттарының астында қалады. Биыл да солай болды. Осы жылы Аяз атаға 3752 баладан хат келген.
«Сыйлықтардың көбі Жаңа жылға дейін таратылады, қалғандарын 13 қаңтар, Ескі Жаңа жылға дейін сыйлаймыз. Өкінішке орай, хаттардың 257-сі мекенжайсыз жазылып, жауапсыз қалатын болды» — дейді «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі.
Хаттардың бір бөлігі post.kz сатында жарияланған. Балалардың қандай сыйлық қалайтынын хаттарынан оқып білдік. Көбі Аяз атадан ұялы телефон, планшет, DVD, флешка сұраған. Президенттік шыршаға жолдама сұраған балалар да бар екен. Кішкентай бауырларына ойыншық, киімдер, велосипед, кітаптар, шоколад, тіпті үйге қажетті асүй гарнитурын сұраған балалар да бар екен. Кейбір баланың арманы Астанаға саяхаттау екен.
Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, серіктестерден тұратын комиссия хаттарды өңдеп, сыйлықтар мен Аяз атаның құттықтау хаты еліміздің өңірлеріне жіберілді. Сыйлықтарды Аяз ата мен Ақшақар болып киінген компания қызметкерлері, серіктестер тапсырады.
Әрине, барлық сыйлықты Аяз атаның жалғыз өзі жинай алмайды, сондықтан оған «көмекшілері» қолдау көрсетеді. Олар «Хоум Кредит Банк» АҚ ЕБ, «Казахинстрах» АҚ, «СИНЭК», «Samsung Electronics», «Beeline Казахстан», «OYLA» журналы, «Alina Paint» және «Henkel», сонымен қатар, өңірлердегі шағын және орта бизнес өкілдері.
Балалар хаттарды барлық облыстық орталықтардың поштамттарында, сонымен қатар Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларының «Мега Ақтөбе» сауда, ойын-сауық орталықтарында Аяз Атаға хат жіберу үшін арнайы орнатылған хаттар арқылы жолдаған.

Аяз ата Антарктидадан келеді!

Елдің түкпір-түкпірінен келген 4 мыңға жуық хаттың 900-і — Ақтөбе облысынан жолданған хаттар. Яғни, Ақтөбе ең көп хат жолданған аймақтардың бірі. Бұл хаттардың 838-інің ғана мекенжайы көрсетілген. «Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалының өкілі Лилия Годлевскаяның айтуынша, балалардың көбі Аяз атадан Айфон сұрапты. «Ауырып жатырмын, емге ақша беріңізші», «Ата-анама көмектесіңізші» деген жанды ауыртатын хаттар да баршылық. Демеушілер барынша көмектесіп жатыр. Барлық хаттар сайтымызда орналасқан. Мүмкіндігінше, сыйлық беруге тырысып жатырмыз. Ал хат жазған балалардың барлығына Аяз атаның атынан міндетті түрде жауап жазылатын болады», — дейді ол.
9 жастағы Бекзат Арманов теледидардан «Аяз атаға хат жазуға болады» деген хабарламаны көрген бойда хат жазуға кіріскен. Көп ойланып, сиқырлы атадан сенсорлы ұялы телефон сұрауды ұйғарыпты. «Мен телефон, қарындасым Перизат планшет сұрады», — дейді ол. Аяз ата келеді деген күні кішкентай Перизат «маған планшет алып келетін болды» деп қуанғанынан жылап жібергенін айтады мамасы. Бекзат пен Арманды құттықтауға «Қазпоштадан» «шыққан» Аяз ата пен Ақшақар келді. Олар балалардың тақпақтарын тыңдап, сыйлықтарын берді.
«Аяз ата Антарктидадан келеді, Антарктидаға кетеді!» деп қояды Бекзат.
СІЗ АЯЗ АТАҒА СЕНДІҢІЗ БЕ?

Талғат Тілеулес, айтыс ақыны:
— Қазақы тәрбиеде өскенімнен болар, Аяз атаның бірдеңе беретініне сенбеппін. Аяз ата ауылдың кісілері болатын, түк те қызық болмайтын. 10-сынып бітіргенше шырша ағашын көрмедік. Үлкендер шеңгелді шауып әкеліп, мақта мен қағазды жабыстырып әрлеп қоятын еді…

Есен Елеукен, Қазақстан КВН одағының президенті:
— «Әке-шешем шопандар болды. Каникулға ерте шығып кететін едік. Бір рет қана Жаңа жылда әкем Аяз ата болып киініп келді, оны бірден танып қойдық. Сондықтан Аяз атаға сендім деп айта алмаймын».

Қыдырғали Көбентай, әнші:
— Қойшының баласы болғандықтан, Аяз атаны екінші сыныпта жүрген кезде ғана бірінші рет және бір-ақ рет көрдім. Ертегіге еліктегенім рас, Аяз атаға өмірі сенген емеспін.

Берік Нұрмағамбетов, актер:
— «Бала кезімде жаңажылдық шырша кешіне 1-ақ рет қатыстым, себебі Жаңа жыл кезінде каникул басталады, ал мен каникул басталған уақытта 15 күнге қойшы ауылға кетемін. Сондықтан Аяз атаға мүлде сенгенім жоқ.

Жайнагүл Төлеміс, журналист:
— Балабақшада, бастауыш сыныптарда ғана Аяз атаны шын күтетінмін. Кейін жоғары сыныптарға көшкен уақытта Аяз атаның дене шынықтыру сабағынан берген ағай екенін танып қалып, сенімім біржола жоғалды.

Бетті әзірлеген Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button