Құқық

51 киікті атып өлтіргендер сотталды

Ақтөбе облысында тағы да киік атқандар сотталды. Бұл жолы өлтірілген киіктер саны тым көп — 51! Осынша жануарды аяусыз қырған алты адамнан тұратын топ мемлекетке 20 216 400 теңге аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірілген. Ең сорақысы, топ құрамында құқық қорғаушылар да бар болып шықты, топ құрамындағы бір адам Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімі қызметкері — полиция майоры.
«Ырғыз аудандық сотында Қызылорда облысының азаматтары Халибаев, Естаев, Наурызбаев, Тайшыбаев, Сыдықов, Тоғызбаевтарға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 31-бабы 2-бөлігі, 337-бабы 4-бөлігі 2, 4-тармақтары бойынша айыптау туралы қылмыстық іс қаралды. Сотта анықталғандай, бұл кісілер қазан айының 17-сі күні сағат таңертеңгі 8-11 аралығында алдын ала ұйымдаса отырып, қасақана пайдакүнемдік мақсатта, аулауға толық тыйым салынған киік аңына заңсыз аңшылық жасаған. Халибаев пен Сыдықовтың басқаруындағы «Тоүоta Land Cruizer-100» GХ маркалы (мемлекеттік номері kz 689 АҮА 11, N 282 MZM) автокөліктерін, Естаев пен Наурызбаевтың «МР-153», «MР-155» маркалы 12 калибрлі он атар аңшы мылтықтарын қолданып, Ырғыз ауданы Жайсаңбай ауылдық округіне қарасты «Айырмола» жерінен 48 шақырым жерде 51 бас киік текесін заңсыз атқан», — дейді Ырғыз аудандық сотының төрағасы Асқар Бисенғали. Төрағаның айтуынша, күдіктілер өздеріне тағылған айыпты толық мойындаған.
Сот үкімімен Халибаев, Естаев, Сыдықовтар кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысына үш жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Наурызбаевқа — екі жыл мерзімге, Тайшыбаев, Тоғызбаевтарға бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, күдіктілердің барлығына да аң аулау құқығынан, аң аулау қаруын, оның оқ-дәрілерін сақтау мен алып жүру құқықтарынан үш жыл мерзімге айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар «Тоүоta Land Cruizer-100» GХ маркалы екі автокөлік және он атар аңшы мылтықтары мемлекет пайдасына тәркіленді. Қалған айғақ заттар құндылығы болмауына байланысты жойылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Өңірде киіктер негізінен Ырғыз ауданындағы Ырғыз-Торғай резерваты аумағында жайылады. Биыл көктем, жаз мезгілінде әлдеқандай індеттен осы аумақта жайылатын 3 мыңнан астам киік өлген болатын. Бұл аздық еткендей, киіктерді мүйізі үшін қасақана өлтіру деректері азаймай отыр. Ырғыз аудандық сотында жыл басынан бері осындай бірнеше іс қаралған. Мәселен, алты адамға қатысты жоғарыдағы сот отырысының алдында ғана Ырғыздағы Жайсаңбай ауылы маңынан екі бас киік текесін атып алған қаскөйлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұлар да Қызылорда облысының азаматтары болып шықты. Асқар Бисенғалидің айтуынша, 24 қазан күні сағат 11-лерде , «Тоүоta Land Cruizer-100» GХ маркалы (мемлекеттік номері kz 515 СОА 11) автокөлігімен жүрген қызылордалық Елпанов, Ташкенов, Жалғасовтар еш жерде тіркелмеген 12 калибрлі бесатар аңшы мылтығымен Жайсаңбай ауылдық округіне қарасты «Атанбас» нүктесінен 35 шақырым жерде екі бас киік текесін және бір бас киік ешкісін заңсыз атып алып, мемлекетке 1 090 100 теңге залал келтірген. Бұлардың ісі сотта қаралып, ҚР ҚК-нің 337-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысына аң аулау құқығынан, аң аулау қаруын, оның оқ-дәрілерін сақтау мен алып жүру құқықтарынан 3 жыл мерзімге айыру және 500 айлық есептiк көрсеткiш көлемінде айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалды. Көлік пен қару мемлекет пайдасына тәркіленді.
Тамыз айының 15-інде де заңсыз киік аулаушылар Қалыбай ауылынан солтүстікке қарай 60 шақырым жерде алаңсыз жайылып жүрген бір жануарды атып өлтіріп, мемлекетке 396 000 теңге айтарлықтай залал келтірген. Ырғыз аудандық сотында осы іске қатысы бар деген күдіктілер Бисеналинге және Айтжановқа қатысты қылмыстық іс қаралып, олар кінәлі деп танылды және әрқайсысына аң аулау құқығынан, аң аулау қаруын, оның оқ-дәрілерін сақтау мен алып жүру құқықтарынан 3 жыл мерзімге айыру және 650 айлық есептiк көрсеткiш көлемінде айыппұл салу түріндегі жаза тағайындады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button