Спорт

«Восток» босқа келіпті…

Футбол

Қазақстан ұлттық құрамасының екі ойыншысы бар Өскеменнің «Восток» командасы Ақтөбеден құрқол аттанды.

Маңызды ойынға қонақтар тәуір құраммен келді. Бірақ, жеме-жемде ақтөбеліктердің толассыз шабуылына төтеп бере алмады.

Алаңның орта тұсы арқылы өскемендіктердің қақпасына өту қиын болды. Себебі, олар бұл тұсты күнілгері ескеріп, берік қорғаныс орнатып қойған болатын. Сондықтан да, алаң иелері негізінен екі қапталдан шабуылға көшті. Бірнеше ұрымтал сәттер нәтижесіз аяқталды. Оның үстіне «Восток» командасының қақпашысы – Цигалко жанкешті өнер көрсетіп, тура келген допты қақпаға жібермеді. Дегенмен, арада қас-қағым сәт өтпей жатып, Марат Хайруллин ілгері ытқып шыққан қақпашыдан асырып допты қақпаға тоғытып үлгерді.

«Востоктың» қорғаушылары ақтөбелік ойыншылардың ізін бағумен болды. Дегенмен, біздің ойыншылар айласын асыра білді. Бірінші таймның соңында Константин Головской екінші допты соқты.

Екінші тайм ақтөбеліктердің айқын басымдылығымен өтті. Қорытынды есеп –  4:0.

Үзіліс кезінде «Ақтөбе» даярлық тобы жас футболшыларын марапаттауға арналған рәсім өтті. Таяуда ғана 1994 және 1996 жылдары туған жасөспірімдер  Қазақстан біріншілігінің жүлдегері атанған еді. Олардың алғашқысы екінші орынды иемденсе, екіншісі біріншілікте өз топтарында жеңімпаз атанды. Марапаттау рәсімін «Ақтөбе» футбол федерациясының президенті Сағат Еңсегенұлы өткізді. Жеңімпаз жастар басшының қолынан лайықты медалдарын алды.

Асхат ҚАЛЖАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button