Басты жаңалықтарМереке

Ең ұлық мереке…

15 желтоқсан күні Ақтөбедегі Студенттер сарайында ел тәуелсіздігінің 24 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.
Салтанатты шараға мемлекеттік органдар басшылары, мәслихаттар депутаттары, соғыс және еңбек ардагерлері, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдардың, жастар ұйымдарының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қала тұрғындары қатысты.
Жиналғандар назарына облысымыздағы өнер ұжымдары, сондай-ақ, студенттер мен оқушылардың күшімен әзірленген, қазақ халқы тарихындағы айтулы оқиғаларға арналған көріністер ұсынылды. Ата-бабаларымыздың бостандықты сақтап қалу жолындағы ғасырларға созылған күресі, 1937-де атылған арыстардың ұлы мұраты, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақтың қаһарман ұл-қыздары, ұлт рухын көтерген Желтоқсан сынды тарихымыздың ұмытылмас беттерін тағы да парақтап, бүгінгі еркін заман, азат күн үшін тұтас бір ұрпақтардың алдында қарыздар екенімізді еске алдық. Белгілі актер, режиссер Мағзұм Бақытжанов ақын Бауыржан Жақыптың «1991» аталатын өлеңін оқыды. Ақын жыры барша қазақтың жүрегіндегі ортақ тілекпен аяқталады:
«…Сөндіре көрме, құдірет,
Азаттығымның шырағын.
Тіл-көзден сақта, Тәңірім,
Тәуелсіздіктің пырағын».
Бұдан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтау сөз сөйледі.
— Әрбір халық, әрбір ұлт өз алдына дербес, тәуелсіз мемлекеті болуын армандайды. Жер бетінде саны жағынан қазақтан әлдеқайда көп болғанымен, тәуелсіз ел бола алмай отырған халықтар да бар. Біздің ата-бабаларымыз азаттық жолында ғасырлар бойы жан аямай күресті, қаны мен терін төкті, сол ата-бабалар аңсаған күн бұдан 24 жыл бұрын туды, 24 жыл бұрын тәуелсіздікке қол жеткіздік, дүниежүзінің картасында Қазақстан деген жас мемлекет пайда болды. 24 жыл — тарих үшін қас қағым ғана уақыт. Бірақ осы ширек ғасырға жуық уақыттың ішінде қазақстандықтар талай қиын асулардан өтіп, биік белестерді бағындырды, — деді облыс басшысы.
Кеңестер Одағы тарап, бұрынғы байланыстар үзілген тұста, экономикалық тұрғыдан алғанда, еліміздің жағдайы өте мүшкіл еді.
— Сол жылдары кейбір саясаткерлер Қазақстанды болашағы жоқ ел санады. Алайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен аз уақыт ішінде экономикамыз еңсе тіктеп, саясатта да бағыт-бағдарымыз айқындалып, барша әлемге танылдық. Бүгінгі жетістіктерге біз көпұлтты халқымыздың ынтымағы мен бірлігі арқасында жетіп отырмыз. Ақтөбе өңірінде 24 жылда ішкі өнім көрсеткіші — 20 есе, ауыл шаруашылығы 40 есе өсіпті. Соңғы жылдары облыс тұрғындары саны 12 пайызға көбейген. Бұл — халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында жүргізіліп отырған саясаттың жемісі, — деді Бердібек Машбекұлы.
Қазақ жұрты өз тәуелсіздігінің екінші мүшеліне, 25 жылдығына аяқ басты.
Облыс басшысы өз сөзінде мұны ерекше атап өтті:
— Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап, тамырымыздың, мемлекеттігіміздің тереңде екенін барша әлемге паш еттік, ал алдағы жылы тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын мерекелейміз. Әрине, бүгінде әлемді жайлаған дағдарыстың салқыны Қазақстанға да тиіп отыр. Бірақ бұл дағдарыстан да өтеміз. Ең бастысы — ынтымақ-бірлігімізге сызат түспеуі керек, — деді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарды барша қазақ үшін ең қастерлі, ең қымбат мереке — Тәуелсіздік күнімен құттықтап, әр отбасына құт-береке, Тәуелсіздігіміздің баянды болуын тіледі.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен руханиятына, ұлттар бірлігін нығайтуға еңбек сіңірген қазақстандықтардың бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталған еді. Олардың арасында, әрине, ақтөбелік азаматтар да бар: 12 адам — ордендермен, 9 адам — «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 6 адам «Шапағат» медалімен және 11 адам Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен наградталды. Мемлекеттік наградаға ие болғандар арасында өз әріптестеріміз — ардагер журналист, газетіміздің 1996-2000 жылдардағы бас редакторы Идош Асқар мен газеттің қазіргі бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы бар екенін атап өткіміз келеді. Идош Асқар — «Шапағат» медалімен, ал Бауыржан Бабажанұлы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова мен Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен наградталды. Сондай-ақ, облыс әкімінің өкімімен бір топ адам «Ақтөбе облысының Жыл адамы» болып жарияланды. Ал еңбек ардагері, «Әлия мен Мәншүк атындағы «Қос шынар» қайырымдылық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес пен «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққандарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменова облыстың құрметті азаматы атанып отыр.
Мерекелік салтанатта оларға наградаларын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев табыс етті.
Салтанатты жиын соңы концертке ұласты.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button