Басты жаңалықтарҚұқық

КӘМЕЛЕТКЕ ЖАСЫ ТОЛМАҒАНДАР ЖЕТІ МЫҢҒА ЖУЫҚ ҚЫЛМЫС ЖАСАҒАН…

Үйлестіру кеңесі

Облыстық прокуратурада өткен Ақтөбе облысының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету бойынша үйлестіру кеңесінің отырысы онлайн режимінде ұйымдастырылып, оған тікелей байланыста аудан прокурорлары да қатыстырылды. Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров мәжілісті ашып, көпшілікті күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.
Жиналғандарға жыл бойы атқарылған істер туралы айтып, талдау жасады.
Үйлестіру кеңесі отырысында баяндама жасаған облыстық прокуратураның 10-басқармасының басшысы Есентұр Кәдіров, аппарат басшысы Жасұлан Дәулембаев құқық қорғау қызметіндегі жұмыстарға талдау жасап, облыс аумағындағы мекемелер мен кәсіпорындарда заңдылықтың сақталуына қатысты орын алған кемшіліктерді саралады.
Кеңес отырысында бұл тұжырымдардың негізінен Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департаменті мен облыстық ішкі істер департаметі жұмыстарына тексеру жүргізілу барысында жасалғаны айтылды.
Алғашқы аталған департаментте «Қамқор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі еңбек заңнамасының бұзылуы туралы шағымның азаматтардың өтініштері мен шағымдарына арналған жәшікте бес ай бойы жатып, тек қана тексеру кезінде алынғаны сыналды. Департаментте мүгедектікті алуға қатысты біршама проблемалар жинақталған, оның бастыларының бірі — анықтама алу үшін қажетті ведомстволар санының көптігі.
Ішкі істер департаментінде де шешімін күткен мәселелер бар. Мұндағы тіркеу-емтихан алу бөліміне келіп түскен өтініштер мен шағымдарға талдау жүргізілгенде, өтініштердің негізгі бөлігі салық органдарына ұсыну үшін автокөліктерді есепке қою немесе есептен шығару туралы анықтама алуға қатыстылығы белгілі болды. Демек, бұл арада мемлекеттік органдар арасында өзара іс-қимыл қалыптаспағандығы байқалады.
Жиында сондай-ақ жастарға патриоттық тәрбие беру, кәмелетке жасы толмағандармен жұмысты жандандыру жайы айтылды.
— Соңғы төрт жылда облыста 128 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап, оның 29-ы ажал құшты. Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізілгенде суицидке шақыратын қоғамдастықтарда 107 жасөспірімнің тіркелгені анықталды. Қазір олармен психологтар жұмыс істеп жатыр, — деді Есентұр Кәдіров.
— Көптеген ата-аналар мен балалар қайда барарын, кімнен көмек сұрарын білмейді, — дейді облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, — біздің қызметкерлеріміз не интернеттен, не анықтамалық материалдардан сенім телефондарын таба алмады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова барынша ақталып бақты. Оның айтуынша, суицид азайып келеді. Мысалы, былтыр 7 бала өз-өзіне қол жұмсаса, биыл екеу…
Сенім телефондарына қатысты да басқарма басшысының өз уәжі бар екен:
— Бізде сенім телефондары барлық жерде бар. Басқарманың сайтында да көрсетілген. Мүмкін, тексерушілер оны таппаған шығар, — деген Жанат Самұратова. Осы жерде әңгімеге облыс әкімі араласты:
— Сіз олай ақталып, дәлелдеме келтірмеңіз, — деді әкім оған, — телефон жоқтығын басқа біреу айтса бір сәрі, ал бұл — прокуратура тексерісінің қорытындысы ғой. Дәл сол жерде прокуратура қызметкерлері тарапынан білім басқармасының сенім телефонына қоңырау жасалды.
— Бұл телефонда психолог мамандығы жоқ бөлім басшысы отыр, — деді облыс әкімі, — тексеріс қорытындысын естіген сәтте. — Бұл мәселе бойынша мен нақты тексеру жүргізуге тапсырма беремін, егер жұмыстарыңыздан кемшілік табылса, орныңызды босатасыз.
Бердібек Сапарбаев заңдылықты сақтау, тәртіп мәселесі басты назарда тұру керектігін айтып, бұл тұрғыда ешкімнің де бейжайлық танытпауы тиістігін ескертті.
— Қоғамның көп бөлігін жастар құрайды, біз мұны әрдайым ескеруіміз қажет. Елбасы Жолдауында да осы мәселеге ерекше көңіл аударылды. Өкінішке қарай, біз жастармен, оның ішінде кәмелетке жасы толмағандарымен қажетті деңгейде жұмыс жүргізе алмай келеміз. Менің қолымда осы топтағылар арасында жеті мыңға жуық қылмыс жасалғаны туралы дерек бар. Бұл аз емес. Барлық мемлекеттік, сондай-ақ мемлекеттік емес органдар, үкіметтік емес ұйымдар бірігіп қимылдауымыз қажет. Өйткені қоғамның дерті бәрімізге ортақ. Жасөспірімдер арасындағы өзіне-өзі қол салушылық жайы да алаңдатады. Мектептермен жұмыс істейтін инспекторлар, психологтар жұмысының нәтижесі қайда?
Мен жақында ғана қаладағы бірнеше мектепте болдым. Кім кіріп жатыр, кім шығып жатыр, онда ешкімнің жұмысы жоқ. Мектептер қоршалмаған жағдайы байқалады. Қалалық білім бөлімі, облыстық басқарма қайда қарап отыр? Сенім телефоны өз дәрежесінде жұмыс істемейді. Бұл желі балаларға, қала берді ата-аналарға психологиялық көмек үшін қажет. Осы мәселеге байланысты жауапкершілік қатаң сұралатын болады, — деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәжіліс кезінде облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратоваға қатаң ескерту жасады.
Облыс басшысының пайымдауынша, күн сайынғы түсіп жататын жалпы қылмыстық мәліметтер жан түршіктіреді. Күніне орта есеппен алғанда жеті-он шамасында адам қаза тауып жатады. Бұлар — жиырмадан қырық жасқа дейінгілер. Бұл бәрімізді ойландыруы тиіс.
Үйлестіру кеңесінде мектептердегі қауіпсіздік жайы айтылды. Облыстағы 17 мектепте мүлде аула жоқ. Шалқарда төрт мектеп қоршалмаған.
Облыс басшысы сөзінің қорытындысында қоғамдық тәртіпті сақтауға құқық қорғау органдарымен бірге, жаппай жұртшылықтың мүдделілікпен қатысуы маңыздылығын тағы да атап көрсетті.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button