Құқық

Басты өлшем — заңдылықтардың сақталуы

Облыс прокурорының орынбасары, аға әділет кеңесшісі Жайылхан МҰХАМЕДИЯРОВПЕН сұхбат

1991 жылдың 6 желтоқсанынан бастап елімізде Прокуратура күні аталып өтіледі. Конституция мен заңдардың сақталуын қадағалап, азаматтардың құқықтарын қорғау міндетін жүзеге асыратын прокуратура қызметкерлері бұл бағытта елеулі жұмыстар атқарып келеді.
Біз мереке қарсаңында облыс прокурорының орынбасары Жайылхан Мұхамедияровпен тілдесіп, өңірдегі осы салада атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде сұхбаттасқан едік.

— Облыс прокуратурасы бойынша жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы айтып өтсеңіз? Заңдылықтардың сақталуын қорғау бағытында қандай шаралар жүзеге асырылды?
— Ақтөбе облысы прокуратурасы бойынша осы аталған мерзім ішінде көптеген нәтижелі істер атқарылды. Атап айтатын болсақ, туындаған экономикалық қиындықтарға байланысты көптеген кәсіпорындардың жұмысшыларына еңбекақыларын уақытылы төлемеу деректері анықталып, нәтижесінде прокурорлардың тікелей араласуымен тоғыз айдың қорытындысы бойынша 5218 жұмысшыға берілмеген 412,7 миллион теңге көлеміндегі еңбекақы бойынша берешектері толық өтелді.
Ағымдағы жылы мемлекеттік сатып алулар саласында 741 миллионнан астам теңгені құрайтын 15 конкурс нәтижесінің күші жойылды. Сонымен қатар, 2015 жылы облыс прокурорының бастамасымен экстремизм мен терроризмнің алдын алуға байланысты теологтарға арналған әдістемелік құрал шығарылды және республика аймағына таратылды. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі дамыту мақсатында, 2015 жылдың қазан айында Темір ауданы прокуратурасының базасында дін мәселелері бойынша ақпарат алмасу мен ынтымақтастықты күшейту және облысымыздағы діни ахуалды қалпына келтіру үшін барлық техникалық мүмкіндіктері бар «Ауданаралық өзара іс-қимыл және ынтымақтастық орталығы» ашылды.
— Биылғы жылы Прокуратураның құрылған күнін қалай қарсы алып жатырсыздар? Осы қарсаңда жаңа ғимаратқа көштіңіздер, бұл жұмысқа қолайлы жағдай туғызды ма? Материалдық-техникалық жабдықталу жайы қалай?
— Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрылған күні 1991 жылдың 6 желтоқсанынан бастап елімізде аталып өтіледі. Ақтөбе облысының прокуратурасы кәсіби мерекені жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтеді. Биылғы жылғы ерекшелігіміз, біздер бұл мерекені заман талабына сай сәулеті жарасқан жаңа ғимаратта қарсы алғалы отырмыз. Ғимаратта заман талабына сай нәтижелі жұмыс жасауға, прокуратура қызметкерлерінің дене және ой еңбегімен шұғылдануларына қажетті жағдайлардың барлығы жасалған. Мерекелік іс-шараларымызды ұйымдастыру барысында ардагерлерімізді мерекелік кешіміздің құрметті қонақтары ретінде арнайы шақырып, олардың белсенді қатысулары қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар кеш барысында жас мамандардың ант қабылдау сәтін өткізу де дәстүрге айналды. Сондай-ақ кәсіби мерекемізді атап өту барысында жыл бойы табысты еңбек еткен қызметкерлеріміз марапатталады. Жалпы облыс прокуратурасы органдарында өткізілген барлық іс-шаралар мен қол жеткен жетістіктеріміз, жаңалықтарымыз, жүргізілген тексерулердің нәтижелері мен атқарған істеріміз туралы тұрақты түрде БАҚ арқылы кеңінен жариялау жүзеге асырылады.
— Прокуратура жұмысының ең маңызды бағыттарының бірі — азаматтардың өтініштерін қарау, олар бойынша тиісті шараларды жүзеге асыру екені белгілі. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде? Қай аудандардан арыз-шағымдар көп түседі?
— Жыл сайын прокуратура органдарына мыңдаған адам арызданады. Арыздар әртүрлі мәселелерге байланысты, атап айтсақ, азаматтардан еңбек, мемлекеттік сатып алу заңнамаларының орындалуына, мемлекеттік органдардың қызметіне, сот процесінің заңдылығына, т.б. қатысты шағымдар көбірек келіп түседі. 2015 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс прокуратура органдарына жеке тұлғалардан 6730 және заңды тұлғалардан 1015 арыз түсіп, жалпы саны 7745 арыз тіркелді. Келіп түскен арыздардың арасында әлеуметтік-экономикалық бағыттағы шағымдар үлесі басым және оның жалпы саны 2851 құрайды. Осыған қарағанда облыс тұрғындары әлеуметтік-экономикалық саладағы заңсыздық бойынша жиі шағымданатыны байқалады.
Ал аудандандарға келетін болсақ, ағымдағы жылы Мұғалжар, Шалқар, Алға, Хромтау аудандары прокуратураларына тұрғындар тарапынан шағымдар көп түскен. Облыс прокуратурасы қызметкерлерінің тұрғындармен қарым-қатынасы жақсы жолға қойылған деп айтуға негіз бар. Себебі біз әрбір келіп түскен арыздың толық, жан-жақты және нақты тексерілуін қамтамасыз етеміз және де тұрғындарға жеке қабылдау жүргізуді белгіленген көрсеткіштен екі есеге дейін арттырып, жиілетіп отырмыз.
Бұл – біздің облыс тұрғындарымен байланысымызды жақсарту мақсатында қол жеткен нәтижелі істеріміздің бірі. Осы аталған шараның өз кезегінде қарапайым халықтың құқықтық сауаттылығының артуына, олардың конституциялық құқықтарының толыққанды қорғалуына, прокуратура органдарына сенімділігін арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
— Сіздерде кадр мәселесі қалай шешілуде? Прокуратура органдарына қызметке тұруға ниеттенген мамандардың даярлық деңгейі заман талабына сай келе ме? Тәжірибелі прокурорлар мен прокуратура ардагерлерінің жас мамандармен тәжірибе алмасу деңгейі қандай?
— Әрине, кадр мәселесі үнемі маңызды орында. Себебі жұмыстың өз деңгейінде жүруі тікелей кадрлар біліктілігіне байланысты. Сондықтан да бұған егжей-тегжейлі қараймыз. Әрине, қазіргі таңда заңгерлер жетерлік, бірақ олардың барлығының бірдей прокуратура органдарына жұмысқа тұру үшін біз қойған талаптарды орындай бермейтіні анық. Прокурор болуға кандидаттарды конкурстық негізде, бірнеше сатылы сынақтардан өткіземіз. Жас маман жұмысқа қабылданған жағдайда прокуратура органдарында ұзақ жылғы тәжірибесі бар мамандарды оларға тәлімгерлік етуге тағайындап, нәтижесінде тәлімгерлер жас мамандарды кәсіби біліктілікке үйретумен қатар, жұмыс үрдісіне қажетті барлық икем-дағдыларды толыққанды меңгеруін қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырады. Ал ардагерлерге келетін болсақ, олардың біз үшін орны бөлек екенін айтуымыз керек. Зейнеткерлікке шыққан тәжірибесі мол ардагерлеріміз бен жас мамандардың қарым-қатынастарын нығайту мақсатында облыс прокуратурасы органдарының ардагерлер кеңесі құрылып, қазіргі таңда прокуратураның барлық шараларына белсенді араласып, өздерінің бай іскерлік тәжірибесін жастарға үйретуде.
— Прокуратураның бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы қандай, яғни сіздер атқарған жұмыстардың жариялылығы қалай?
— Қазіргі уақытта облыс аумағында қоғамдық-саяси тұрақтылық пен заңдылықты қамтамасыз ету, облыс тұрғындарының құқықтық сауаттылықтарын арттыру мақсатында құқық қорғау органдарының, оның ішінде, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қадағалаушы прокуратура органдарының халықпен тығыз қарым-қатынасын орнатып, бұл қызмет саласына сенімділігін арттыру мақсатында БАҚ арқылы кеңінен жариялау қажеттігі туындап отыр.
Сондықтанда жоғарыда айтылған мәселелерді негізге ала отырып, қадағалаушы орган ретінде біз үшін БАҚ-пен жұмысты үйлестіру басымдық бағыттардың бірі болып есептеледі. Осы мақсатта облыс прокурорының бекітуімен жылдық, жартыжылдық, тоқсандық медиа-жоспарлар қабылданып, олар бойынша тиісті бағыттарда іс-шаралар атқарылады.
2015 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша прокурорлар тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс арқылы баспасөз беттерінде —168, радиода — 60, информагенттіктерінде — 30 және теледидар бойынша 85 іс-шара атқарылды. Сонымен қатар қарапайым халық арасында құқықтық сауаттылықтарын арттыру бағытында прокурорлар 1099 лекция, 91 дөңгелек үстел ұйымдастырды. Бұл бағыттағы жұмысты біз үнемі дұрыс жолға қойып, оны жыл сайын жетілдіріп отырамыз. Бұған қоса, жергілікті «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасымен өзара әріптестік іс-қимыл негізінде арнайы жобадағы мемлекеттік және ресми тілде айына екі мәрте шығатын «Прокурор уақыты» бағдарламасы бар. Бұл облыс басшыларымен қатар аудан, қала прокурорлары қатысатын бағдарламаның облыс тұрғындарының құқықтық сауаттылықтарын арттыру мен аталған бағытта олармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде маңызы ерекше.
— Кәсіпкерлердің құқығын қорғау саласында қандай жұмыстар атқарылуда?
— Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында өңірлік «Кедергісіз кәсіпкерлік» атты арнайы бағдарлама қабылданып, бағдарлама аясында кәсіпкерлерден құрылған сарапшылар кеңесі жұмыс жасауда.
«Атамекен» кәсіпкерлік одағы базасында кәсіпкерлік мәселелерін қарайтын көшпелі қоғамдық қабылдау құрылған. Сонымен қатар, «Шенеунік және кәсіпкер», «Кәсіпкермен мемлекеттік органдар арқылы» тақырыптарында акциялар өткізілуде.
2015 жылғы қаңтар айында кәсіпкерлерге құқықтық қолдау көрсету және жүйелі қалыптасқан әкімшілік кедергілерді жою бағытында арнайы штаб құрылып, өз жұмысын нәтижелі атқаруда.
Штабтың қызмет тиімділігін арттыру мақсатында сенім телефоны жұмыс жасайды және интернет-сайт құрылып, азаматтардың өтініштерін онлайн режимінде қарауға мүмкіншіліктер жасалды. Соңғы екі жыл ішінде жыл сайын өңірлік кәсіпкерлік палатасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум қабылдап, жүзеге асырылуының нәтижесінде 3 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалды.
— Прокуратура қызметкерлерінің алда тұрған міндеттері туралы да айта кетсеңіз.
— Алдағы жыл жалпы мемлекетіміз, Қазақстан халқы үшін маңызды жыл деп айтуға болады. Елбасымыз тарапынан ағымдағы жылдың мамыр айында «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасы қабылданды. Қазақ халқының болашаққа бағдарланған басты жобасын іске асыру тұрғысында Парламент тарапынан бірнеше заң жобасының ұсынылуы нәтижесінде ендігі кезекте, келер жылдан бастап мемлекетіміздің одан әрі дамуына жол ашатын бірқатар маңызды заңдар өз күшіне енеді. Осы бағыттағы біздің міндетіміз — жаңа заңдардың өз деңгейінде орындалуына прокурорлық қадағалау жүргізу. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша еліміздің одан әрі дамып, нығаюы үшін бөлінетін қаражаттың мақсатты және ұтымды игерілуі сияқты ел экономикасын нығайтудағы бірден-бір маңызды шаралар күтіп тұр.
Сөзімді қорытындылай келе, барлық прокуратура органдарының қызметкерлерін Қазақстан прокуратурасының құрылған күні кәсіби төл мерекелерімен құттықтай отырып, заңсыздықтарға жол бермей, мемлекет мүддесін, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жолында аянбай адал еңбек етіп, абырой биігінен көрінетіндеріне сенім білдіремін!

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button