Экономика

Қымбатшылыққа тосқауыл бола ма?

Баға

Әлемдік дағдарыс, көрші мемлекеттердің экономикасындағы тұрақсыздық, еліміздің ішіндегі ақша саясатындағы қиыншылық жағдайында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын жергілікті жерлерде тұқыртып ұстау жеңіл іс емес. Қазіргі күнде күнделікті тұтынатын бірқатар тауар түрлерінің бағасы өскенін халық көріп отыр. Алайда өсер баға өсті деп, қарап отыруға тағы болмайды. Оны тұрақтандырудың, мүмкін болғанынша, төмендетудің жолдары қарастырылуы, шаралары алынуы керек. Үкімет қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар 33 азық-түлік түрін бақылау жергілікті биліктің мойнында.
Өткен аптаның сәрсенбісінде облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиевтің төрағалығымен өткен тұтынушы нарығындағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі облыстық штабтың отырысында осы мәселе қаралды.
«Нұр Отан» партиясы мобильді тобы өкілдерінің Ақтөбе қаласы сауда желілері мен базарларындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағаларына жүргізген мониторингтері туралы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрхан Ақниязов хабарлама жасады.
— Ақтөбе қаласының сауда орындары мен базарларындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағаларына мониторингтер өткізіліп келеді. Осы мониторинг қорытындыларына қарасақ, «Анвар», «Дина» сауда желілері дүкендері мен қаланың базарларында баға екі ай ішінде орташа есеппен 76 пайыз өсіп отыр. Мәселен, осы кезеңде күріш 176 теңгеден 228 теңгеге дейін, макарон бұйымдары 109 теңгеден 148 теңгеге дейін, сүт өнімдері 165 теңгеден 211 теңгеге дейін, тауық жұмыртқасы 176 теңгеден 215 теңгеге дейін қымбаттады. Әсіресе, баға қаланың Тұрғындар қалашығы базарында өзге сауда орындарына қарағанда ала-бөле жоғары. Мысалы, күріш Орталық базарда 160 теңге болса, бұл базарда 200 теңгеден 275 теңгеге дейін сатылуда. Бірінші сортты ұнның келісі «Табыс» коммуналдық және Орталық базарларда, «Анвар» дүкенінде 47-80 теңге, ал Тұрғындар қалашығы базарында —125 теңге. Өсімдік майының литрі Орталық базарда 300-380 теңге, «Табыс» коммуналдық базарында 315-400 теңге тұрады. Осы Тұрғындар қалашығы базарында өсімдік майлары мұнан да қымбат, 410-490 теңгеге дейін барады. Қанттың келісі барлық жерде қазір 200-220 теңгеден аспайды, ал бұл базардағы қант 230-250 теңгеге жетеді. Тіпті мұнда күнделікті тұтынатын тұздың бағасына дейін өскен. Аталған базар қаладағы ең қымбат сауда орнына айналды, — деп мәлімдеді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары.
Нұрхан Ақниязов мұнымен бірге, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Табыс» коммуналдық базарында бағаның жоғары болып отырғанын жиындарда бірнеше мәрте сынағанын айтты. Аталған базарда бағаның әлі де қымбат екеніне мысалдар келтірді. Мұнда азық-түліктің кейбір түрлері, оның ішінде тәтті тағамдардың бағасы өскен. Айталық, қарақұмық жармасының килограмы Орталық базарда, қаланың өзге сауда жүйелерінде 160-170 теңгеден болса аталған базарда 225 теңге тұрады. Сөк тарының келісі қалған базарларда 100 теңге, тіпті «Дина» сауда желілерінде 93 теңге болса, бұл өнім «Табыста» 120 теңгеден сатылуда. Болмаса, барлық сауда желілерінде вермишельдің бағасы 120-135 теңгеден сатылып отырса, мұнда оның келісі 155-160 теңгеге дейін барады. Ең аяғы, майлылығы 2,5 пайыз айранның литрі қаланың өзге базарларында 250 теңге болса, мұнда 265 теңге. Ал ірімшік Орталық базар мен «Анвар» сауда желілерінде тұтынушыға 300-500 теңге шамасында ұсынылса, бұларда 700 теңгеден сатылуда.
Облыс әкімінің бақылауындағы «Табыс» коммуналдық базарының өзгелерге үлгі болуы былай тұрсын, тап қазіргі сәтте өз міндетін де дұрыс атқара алмай отырғанын облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова да қатты сынға алды.
— Негізінен базарлар жекенің иелігінде. Олардағы бағаның өсуі түсінікті. Ал «Табыс» коммуналдық базарында жағдай басқаша болуы керек еді. Мұнда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасының өсуіне негіз жоқ. Жүргізілген мониторинг қорытындысына қарағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 10 түрінің бағасы өскен. Оның ішінде тауық жұмыртқасы, сүт, өсімдік майының бағалары елеулі түрде өсіп отыр. Мұнда азық-түлік бағасы қазіргі кезде де тұрақтаған жоқ. Қаланың өзге базарларында тұратын сатушылар орынға ақы төлейді. Ал бұл базарда адамдар одан босатылған. Ендеше, неге жағдай бұлай болып отыр? Дұрысына келгенде, қаладағы ең арзан баға «Табыс» коммуналдық базарында болу керек, — деді мәслихат хатшысы.
Ақтөбе қаласындағы базарлардың, оның ішінде «Табыс» сынды коммуналдық базар мен оған қарасты шағын базарлардың бағаларынның деңгейін бақылаудың жайы туралы Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қуантқан Әлімов хабарлама жасап, қалыптасып отырған жағдайды түзетуге байланысты қала тарапынан алынатын шараларды баяндады.
Жалпы штаб мүшелері мемлекеттік қолдау көрсетілетін «Табыс» коммуналдық базары мен оған қарасты шағын базарлардың баға мәселесіндегі жұмысына қынжылыс білдірді. Халық коммуналдық базарлардан ең арзан бағаны күтеді. Өйткені тұрақтандыру қоры, жәрмеңке сияқты бағаны түсіруді реттеудің тетіктері осы базар үшін жұмыс істеуде.
Штаб отырысында монополияға қарсы облыстық мекемелердің соңғы кездері бағаны тұрақтандыруға бағытталған белсенді жұмыстары атап өтілді. Осының нәтижесінде бағасы негізсіз шарықтап өскен мұнай өнімдері, қант, жұмыртқа сынды тағамдардың бағалары қайта қаралуда.
Штабтың отырысына қаладағы ірі сауда желілері мен базарлардың басшылары да шақырылған еді. Тұрғындар қалашығы базарының басшысы өз атына айтылған сынға, «Бірінші сортты нанның бағасында қателік бар» дегеннен басқа уәж айта алмады.
Тұтыну нарығындағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі штабтың жұмысына денсаулық сақтау басқармасының, облыстық тұрақтандыру қорына жауап беретін мекемелердің жетекшілері қатысты.
Штабтың жұмысын облыс әкімі Мұхтар Жұмағазиев қорытындылап, баға мәселесіне байланысты жедел шешуді қажет ететін мәселелерге тоқталды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button