Экономика

Күнбағыс майын қалай арзандатамыз?

Баға

Ақтөбеде күнбағыс майын шығаратын қалыптасқан кәсіпорын бар. Оның өнімділігі де жоғары. Тек биылғы жылы сауда орындарына көзделгендегіден бір жарым есе артық өнім өткізген. Жұмыстың мұншалықты қарқындылығы, өнімнің жоғарылығы, әрине, көңіл тоғайтады. Алайда сөйте тұра, олар шығарған өсімдік майының бағасының да соншалықты шарықтап қымбаттағаны қынжылтады. Кәсіпорынның баға көрсеткішіндегі осы өрескел ауытқушылықты өткен аптада, Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінде облыстың аграрлық сала қызметкерлерімен болған басқосуда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатаң сынға алған еді. Осымен байланысты кеше облыстық кәсіпкерлер палатасының ғимаратында кеңес өткізілді. Облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған бұл басқосуға күнбағыс майын шығаратын «Savola Foods SIS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің және облыстық ауылшаруашылық басқармасының, облыстық тәжірибе станциясының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды. Мұнымен бірге, жиынға күнбағыс дақылын өсірумен шұғылданып жүрген жергілікті шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.
Кездесу басында Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов өңірде күнбағыс майын өндіруде жоғары тиімділікке жету үшін кәсіпорын мен осы дақылды өсіретін шаруа қожалықтарының бірлесіп іс-қимыл жасауы қажеттігін айтты. Кәсіпорынға қажетті шикізатты жергілікті өніммен толық қамтамасыз етпейінше, күнбағыс майының бағасы төмен болмайды деген тұжырымын білдірді. Бұл мәселе бойынша жергілікті фермерлермен келісімшарт жасасу ұсынысын қолдаған «Savola Foods SIS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Ақылбек Қуанышұлының да пікірі бір жерден шықты. Тек осы мәселені қалай шешуге болады деген сауалдар төңірегінде пікірталас өрбіді. Күнбағыс майын өндіретін кәсіпорын мен облыстың осы дақылды өсіретін фермерлері арасында бірлесіп жұмыс жасау тәжірибесі бұрынғы жылдары болған еді. Ол кезде кәсіпорын жергілікті фермерлерді күнбағыс дақылының тұқымымен қамтамасыз еткен. Техника, жанар-жағармай алып берген. Қажет кезде қаржылай да көмек көрсеткен. Фермерлер күзде алған өнімімен есептесіп отырған. Кейін өсімдік майын шығаратын кәсіпорын өзге инвестордың қолына көшкен кезде бұл дәстүрлер тыйылған. Ал жергілікті шаруалар осы дәстүрді жалғастыруды қалайды.
Қазір кәсіпорынға күнбағыс өткізетін жергілікті фермерлер мүлде аз қалған. Қолдаудың кемдігінен жергілікті фермерлер күнбағыс дақылы егісін жылдан-жылға азайта түсуде. Тек Хромтау ауданының «АқжарАгро» шаруашылығы жылына 3,5-4 мың гектар күнбағыс егеді және жақсы өнім алып жүр. Биылғы қуаңшылықты жылдың өзінде әр гектардан 7 центнерден өнім алды. Жинаған өнімінің басым бөлігін жергілікті кәсіпорынға өткізеді. Өйткені бұл екі жағы үшін де тиімді. Ал қалған фермерлер күнбағысты 300-400 гектар шамасында шағын алқапқа егеді. Себебі жергілікті фермерлер мен кәсіпорын арасында әріптестік байланыс жоқ. Соңғы жылдары кәсіпорын шикізатты негізінен сырттан тасымалдайды. Сондықтан да оның өнімі қымбат.
Мәселені талқылай келе, облыстық кәсіпкерлік палатасы мен өсімдік майын өндіретін кәсіпорын басшылары, күнбағыс өсірумен айналысатын жергілікті фермерлер бұл мәселелер бойынша әр тарап таяу күндерде нақты шаралар белгілеуге, содан кейін барып шешім қабылдауға уағдаласты.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button