Басты жаңалықтарҚұқық

Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кәсіби және дербес мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік қызметті жаңғырту көзделген. Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасы мен оған ілеспе заң жобаларын әзірледі. Енді келер жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңы күшіне енеді.

Қ.ТОҚЫШЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас
жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Ақтөбе облысы бойынша департаменті
басшысының орынбасары–Тәртіптік кеңес төрағасы.

 

Жаңа заң: 12 тарау, 69 бап

Заң жобасында орын алған негізгі бағыттар алдын ала Президент көмекшісінің төрағалығымен жұмыс тобында талқыланды, кейін Премьер-Министр төрағалық ететін жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссиямен мақұлданды. Аймақтық ерекшеліктерді ескеру мақсатында заң жобасы облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарына ұсыныстар енгізу үшін жолданды. Түскен ұсыныстар мен ескертулер заң жобасында ескерілді. Сондай-ақ, агенттікпен осыған ұқсас тапсырмаларды шешу бойынша әлемдік тәжірибенің, атап айтсақ Германия, Сингапур, Малайзия, Ұлыбритания, АҚШ, Оңтүстік Корея, Австралия және т.б. жағымды тұстарына шолу жасалынды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының құрылымы 12 тараудан тұрады. Ол мемлекеттік қызметке түсу, өткеру және тоқтату мәселелерін жете реттейтін 69 баптан құралған. Бүгінде қолданыстағы заңда — 30 бап. Атап айтсақ, заң мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік қорғалуына, қызметтік тәртіпке, мемлекеттік қызметшілердің әдебі және құқықтық жағдайына, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметіне түсу, өткеру және «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметіне орналасу ерекшеліктеріне қатысты тараулардан тұрады.
Заңға тұжырымдамалық жаңалықтардан өзге, тәуелді актілердің нормалары енгендігін атап өткен жөн. Яғни жылдар бойы өзгермеген нормалар Заң деңгейіне көшті. Мысалы, ант қабылдау мәселесі 21-бапқа, тәртіптік жаза қолдану тәртібі 44, 45-баптарға енген. Заңның нормалары саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілермен қатар, құқық қорғау қызметін атқаратын мемлекеттік қызметшілерге де қатысты болады.
Сонымен қатар, бірінші рет «құзыреттілік», «қосымша сыйақы», үстемеақы», «төменгі лауазым» сияқты жаңа түсініктер енгізілуде.
Төменгі лауазым және үш кезеңдік іріктеу

Жаңа Заң құзыреттілік пен конкурстық тәсілдемеге негізделген қазақстандық мемлекеттік қызметтің негізгі қағидасы ретінде «мансап қуғыштықты» күшейтеді.
Мемлекеттік қызметке бірінші рет түсу төменгі лауазымдарға жүзеге асырылады.
Қызметте өсу үшін қандай да бір құзыреттілік, төменгі лауазымдардағы еңбек өтілі, сондай-ақ біліктілікті тұрақты арттыру (оқу) қажет етіледі. Мемлекеттік қызметке алғаш түсуші тұлғалар үш кезеңдік іріктеуден өтуі тиіс: қажетті құзыреттіліктің болуы және заңнаманы білуіне үміткерлерді тестілеу; агенттіктің қорытынды беру арқылы үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалауы. Мұндай жеке қасиеттерге, атап айтсақ, тұтынушыға бағытталу, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, әдептілік, сапалық бағытталу жатады. Бұл үшін қазіргі таңда әзіреніп жатқан арнайы тесттер қолданылады. Мысалы, ағымдағы жылдың 31 қазанында агенттіктің барлық аумақтық департаменттерінде әдептілік, стратегиялық ойлау, тұтынушыға бағытталу, ұйымдастырушылық, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, көшбасшылық, қарым-қатынас жасау, бастамашылдық, сараптаушылық өлшемдері бойынша құзыреттілікке тестілеуді іс жүзінде сынау жүргізілді. Тестілеу нәтижесі бойынша қатысушылармен тестілеуді одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстар айтылды. Үшіншісі, әрбір мемлекеттік органда әңгімелесу жүргізу арқылы бейінді білімі мен іскерлігі бойынша бағалау.
Енгізілген жаңалықтарға сәйкес құқық қорғау қызметіне алғаш рет түсетін азаматтар тестілеуді, соның ішінде жеке қасиеттерін анықтау бойынша тестілеуді агенттіктен өтетіндігін ескерте кеткен жөн.

Шетел менеджері, штаттан тыс қызмет

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заң жобасында міндетті сынақ мерзімі енгізілді, яғни 3+3 формуласы бойынша сынақтан өтуші тұлға тәлімгер бекіту арқылы үш айдан және алты айдан кейін сәйкестілікке тексеріледі. Бірінші үш айдың қорытындысымен қанағаттанарлықсыз нәтиже болған жағдайда, қызметшіні лауазымынан босату немесе сынақ мерзімін тағы үш айға созу туралы шешім қабылданады. Екінші үш айдың қорытындысы бойынша теріс нәтиже мемлекеттік қызметшіні лауазымынан босатуға әкеліп соғады.
Мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуі тек конкурстық негізде жүзеге асырылады. Жоғарыда аталған мемлекеттік қызметке қабылдау тетіктерімен қатар, шетелдік менеджерлерді тарту қарастырылған. Ел Конституциясының талаптарын ескере отырып, олар мемлекеттік қызметке емес, еңбек заңнамасы шеңберінде келісімшарт арқылы және штаттан тыс қызметке алынатын болады.
Оларды жұмысқа қабылдау тәртібі мен жағдайы заңға тәуелді актілермен реттеледі. Бұл ретте еліміздің егемендігін қамтамасыз ету, ұлттық мүдделерді қорғау және жеке компаниялар мүдделерін жүзеге асыруды болдырмау мақсатында мұндай тұлғаларды тартуға шектеулер қарастырылады.
Шетелдіктерді мемлекеттік аппаратқа тарту туралы нормаларды жүзеге асыру үшін ілеспе заң жобаларымен Еңбек Кодексіне, «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы», «Халықтың көші-қоны туралы», «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңдарына өзгерістер енгізілді.

Аттестация. біліктілікті арттыру. Қайта даярлау

Өз кезегінде жаңа заңмен бұрынғы депутаттар, саяси қызметшілер, судьялар Ұлттық комиссия шешімі бойынша (бұрын Елбасының шешімі бойынша) кадр резервіне қоюсыз және конкурстық іріктеусіз «А» және «Б» корпустарының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына орналасу тәртібі жеңілдетілді.
Жоғары тиімді мемлекеттік аппарат құру қызметшілердің өз біліктіліктерін тұрақты түрде арттыруын қажет етеді. Осыған орай, үш жылда кемінде бір рет міндетті біліктілік арттыру қарастырылған. Бұл ретте, мемлекеттік қызметшілерді өзекті және тиімді оқытумен қамтамасыз ету үшін қайта даярлау және біліктілік арттыру бағдарламаларының мазмұны тәжірибеге бағытталған болуы тиіс.
Мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттыруда аттестация және бағалау институты маңызды құрал болып табылады. Осыған орай мемлекеттік қызметшілерді аттестациялау бойынша тәсілдер түбегейлі өзгереді. Осылайша, 2013 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 3 жылдың қорытындысы бойынша қызметінде екі рет қанағаттанарлықсыз баға алған тұлғалар аттестациялануға жататын. Енді мұндай бағаны бірінші рет алған мемлекеттік қызметшіге өзінің кемшіліктерін арнайы жоспар шеңберінде түзетуге мүмкіндік беріледі. Бұл ретте, қайтадан теріс баға алған жағдайда лауазымынан төмендету немесе босату туралы шешім қабылданатын болады.

Этика және әдеп жөніндегі кеңес

Жалпы заңның мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғауға бағытталғандығын атап өткім келеді. Мысалы, мүгедек, жүкті, он төрт жасқа дейін бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ата-ана, мүгедек баласы бар, қарт ата-анасы бар мемлекеттік қызметшілерді ротациялау тек сол мемлекеттік қызметшілердің келісімімен ғана жүзеге асырылады. Бұл жағдайлар құжат түрінде расталуы тиіс. Саяси мемлекеттік қызметшілер, жауапты хатшылар мен аппарат басшылары арасындағы өкілеттіктер ажыратылатын болады.
Мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу мемлекеттік қызметшілердің атқаратын жұмысының сипатына, көлеміне және нәтижесіне сәйкес теңестірілген түрде бекітіледі. Осылайша, енді мемлекеттік қызметшілер өз жұмысының нәтижесі бойынша бонустар алады деп қарастырылуда.
Еңбек демалысына, зейнетақылық және әлеуметтік қамтамасыз етуге, мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шараларына, іссапар кезіндегі кепілдіктер мен өтемақыларға қатысты қолданыстағы нормалар сақталады.
Мемлекеттік қызметшілердің өзін-өзі ұстауының әдептілік нормалары реттеледі. Атап айтсақ, заңмен мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этиканы сақтауы бойынша негізгі талаптары қарастырылған. Сондай-ақ, әдептіліктің нақты шеңберлері Әдеп кодексімен бекітіледі. Заңмен жаңа мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттер түрі енгізілген, олар бұрын тәртіптік жауапкершілікке әкелетін сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын әрекеттер болатын. Осыған орай, тәртіптік кеңестер жұмысы қайта қаралып, олар Әдеп жөніндегі кеңес деп аталады. Әдеп жөніндегі кеңестердің негізгі міндеті — мемлекеттік қызметшілер тарапынан орын алатын құқықбұзушылықтардың алдын алу.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңмен қарастырылған аталған әрекеттерге жол бергені үшін жауапкершіліктер түрі сақталады. Мемлекеттік қызметке кір келтіргені үшін лауазымынан босатылған мемлекеттік қызметшілер алдағы уақытта мемлекеттік қызметке орналаса алмайды.
Жоғарыда айтылған заң жобалары мемлекеттік қызметтегі жаңа тәсілдерді бекітетіндігін және аталған саладағы қолданыстағы құқықтық қарым-қатынасты жалғастыратындығын, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилілігін арттыратындығын, бұл өз кезегінде мемлекеттік аппараттың үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, тиімді жұмыс жасауға ықпал ететіндігін атап өткім келеді. Ұсынылған өзгерістер жоғары тиімді мемлекеттік аппаратты құруға маңызды қадам болады және Елбасының бес институционалдық реформасының сәтті жүзеге асырылуына өз үлесін қосады.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button