Жаңалықтар

Нұротандықтар елбасының алғыс хатына ие болды

Кеше «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының Саяси кеңес бюросы партияның 10 жылдық мерейтойына арналған отырыс өткізді. Жиынға партияның қала және аудандардағы өкілдері қатысты.

Жиында алдымен сөз алған «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Аманкелді Есіркепов 12 ақпан күні Елбасымыздың партияның он жылдығына байланысты өткізген жиынында айтылған мәселелерге тоқталды. Бұнда Елбасымыз партияның он жылдағы жеткен жетістіктеріне тоқталып, партия белсенділеріне алдағы уақытта атқаруға тиісті тапсырмаларды жүктеген болатын. Оның ішінде әлемдік дағдарыс жағдайында елдің алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуді, дағдарысқа қарсы шараларға бөлініп отырған қаржының тиімді жұмсалуын бақылауды тапсырды. Қазір экономикалық қиындықтарға қарамастан халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтары – бюджет саласының қызметкерлері, зейнеткерлер, жәрдемақы алушылар мемлекеттің әлеуметтік қорғауына алынып отыр. Дағдарысқа қарсы шаралар шағын және орта бизнеске нақты қолдау көрсетуді көздейді. Сонымен бірге аграрлық секторды, тұрғын ұй құрылысын қолдауға тиісті қаражат бөлінуде. Осы мәселелерді айтқан Елбасы: ««Нұр Отан» партиясы аталған жайттардың барлығын халыққа түсіндіріп, дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға белсенді қатысуы тиіс», – деген болатын. Партияның облыстық филиалының жетекшісі Елбасының осы тапсырмаларын жиналғандарға жеткізіп, аудандардағы өкілдеріне түсіндіру жұмыстарын тиімді жүргізуді жүктеді.

Жиын соңында партияның он белсендісіне Елбасының Алғыс хаты тапсырылды. Марапатқа ие болғандардың бірі Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Ғалымжан Нұрышев:

Өткен жылдың қорытындысы бойынша білім ордасы республикадағы алдыңғы қатарлы 60 жоғары оқу орнының қатарына енсе, педагогикалық оқу орындарының арасында үшінші орынға қол жеткізді. Сондай-ақ, жылдан-жылға грантпен оқитын жастардың саны көбейіп келеді. Мәселен, 2004 жылы оқу орны ашылғанда студенттердің он пайызы ғана грантпен оқитын болса, қазір бұлардың қатары алпыс пайызға жетті.

Бүгінгі маған көрсетілген құрмет біздің білім ордасының жетістігіне байланысты, – деді.

Марапатталғандардың ішінде облыстық мәслихат депутаты Тәттігүл Талаева, «Ақтөбе халықаралық әуежайы» АҚ төрағасы Бөгежан Аманбаев, «Атамекен» Ұлттық экономикалық палатасы» облыстық филиалының директоры Асқар Садықов бар.

Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі бойынша мемлекеттік органдар арасында жарияланған байқаудың жеңімпаздары партияның Алғыс хатымен марапатталды. Оның ішінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі Ақтөбе облысы бойынша басқармасының бастығы Балтабек Халық, Батыс аймақтық көлік прокуратурасының прокуроры Ерболат Балғабаев секілді бірқатар басқарма басшылары бар.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button