Басты жаңалықтарЭкономика

Кәсіпкерліктің дамуы банктерге тәуелді

Өткен аптада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі екінші деңгейлі банктер мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» сынды қаржы институттары филиалдарының басшыларымен кездесу өткізді. «Қазақстанның халық банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы ғимаратында өткізілген жиын барысында облыстың экономикалық ахуалы және банктердің өңірдегі кәсіпкерліктің дамуындағы ролі туралы сөз болды.
Бүгінде облыста екінші деңгейлі банктердің 20 филиалы жұмыс істейді. Олардың барлығының да аймақ экономикасының, яғни кәсіпкерліктің, өндіріс саласының дамуында, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуында үлестері зор. Осылай деген өңір басшысы Бердібек Сапарбаев әлемдегі экономикалық ахуалдың елдің, соның ішінде біздің өңірдің де экономикасына әсер етіп отырғандығын айтты:
— Биылғы 10 айдың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері былтырғы осындай уақыттағы көрсеткіштен төмен. Жалпы ішкі өнімнің бірінші жарты жылдықтағы көрсеткіші — 105 пайыз. Дегенмен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа берген уәдеміз бойынша, жылды 101,5 пайызбен аяқтауымыз керек. Сол үшін өндірілетін өнім көлемін арттыруымыз қажет, ол, өкінішке қарай, былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға төмен. Экономикаға инвестиция тарту да былтырғымен салыстырғанда 23 пайызға төмен. Инвестиция тартуда сіздердің, яғни банктердің үлестері зор. Қазіргі таңда банктер тарапынан берілетін несиелер көлемі 16 пайызға төмендеген, оның ішінде шағын және орта бизнеске берілетін несие де, банктердің несиелік портфельдері де кеміген. Әрине, филиалдардың жұмысы банктің орталық аппаратының жұмысына байланысты. Дегенмен, несие алу барысындағы кедергілерді, бюрократияны болдырмау керек, банкке келетін әр адамға талаптарды мұқият түсіндіру керек, — деді аймақ басшысы
Жиын барысында «ҚР Ұлттық банкі» АҚ филиалының басшысы Перизат Әсімбетова, «ҚР Халық банкі» АҚ филиалының басшысы Апуажан Төлегенова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры филиалының жетекшісі Жеделбек Мұрзағалиев пен «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» филиалының басшысы Гүлжанат Ерғазиналар баяндама оқып, әрқайсысы өз саласында жасалып жатқан жұмыстарды баяндады.
Перизат Әсімбетова Ұлттық банктің жалпы саясатын, оның негізгі міндеттерін айта келе, аталған банк филиалының облыстың қаржы саясатын қалыптастыру бағытында атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде өңірде екінші деңгейді банктердің 20 филиалы жұмыс жасайды, бұл банктердің облыс аумағында 114 бөлімшесі бар. Ырғыз бен Ойылда банк бөлімшесі жоқ. Облыста 141 ақша айырбастау пункті халыққа қызмет етеді.
— Клиенттердің құқықтарын қорғау мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында 722 ұсыныс түсті, соның 350-і жазбаша келді. Соған байланысты банктерде, сақтандыру ұйымдарында бірнеше тексерулер, кездесулер жүргіздік. Кейбір банктерде өтініштердің уақытында қаралмауы сынды кемшіліктер байқалды. Елбасының тапсырмасына сай, тұрғын үй үшін алған несиелерді қайта қаржыландыруға қатысты да шаралар жүргізілді. Ұлттық валютада депозит ашқан жеке тұлғаларға өтемақы төлеу мәселесі де басты назарда. Қазір облыстағы екінші деңгейлі банктерде депозиттегі ақшасы 1 миллион теңге жетпейтін 56 998 адамның салымы бар. Оның жалпы сомасы — 8,1 миллиард теңге. Осылардың ішінде 2190 адам түрлі себептерге байланысты өтемақыдан бас тартты. Ал бүгінге дейін 5672 адам өтемақы алуға қатысты келісімшарт жасасқан. Бұл жұмыс 1 желтоқсанға дейін жүргізіледі, — деді П.Әсімбетова. Сондай-ақ, жабылып қалған «ВалютТранзин банкінің» 49 салымшысының 22-сіне өтемақы төленген. Бұл жұмыстар да жүргізіліп келеді.
Филиал басшысы теңге курсының өзгеруіне байланысты халықтың шетелдік валюталарды сату, сатып алу жайын да баяндады. Оның айтуынша, жыл басынан бергі 9 айда тұрғындарға АҚШ долларын сату 12,7 пайызға төмендеген, керісінше сатып алу 40,5 пайызға артқан. Ал Евро валютасын сатып алу 43,9 пайызға артып, сату 36,9 пайызға төмендеген. Рубль сатып алушылар саны 12,9 пайызға төмендесе, халыққа сату — 5 есеге артқан.
«ҚР Халық банкі» АҚ филиалының басшысы Апуажан Төлегенованың айтуынша, бүгінде облыста банктің 26 бөлімшесі бар, оның 12-сі — аудандарда. Ырғыз, Ойыл мен Қарғалы аудандарында бөлімше жоқ. Банк филиалының шағын және орта бизнеске қатысты несиелік портфелі 1 қарашаға дейінгі көрсеткіш бойынша — 12,5 миллиард теңге, оның ішінде орта бизнес бойынша — 9,3 млрд. теңге, шағын бизнес бойынша — 3,2 млрд. теңге. Филиал басшысының айтуынша, несиелік портфель көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді.
— Екінші деңгейлі банктермен салыстырғанда біздің банк аудандардағы кәсіпкерлерді қаржыландыруға бағытталған жұмысымен ерекшеленіп отыр. Қазіргі уақытқа дейін филиалда барлық аудандардағы кәсіпкерлерді қаржыландыруға 1,5 миллиард теңге жұмсалған, бұл жалпы несиелік портфельдің 13 пайызы. Негізгі көрсеткіштер бойынша ақтөбелік филиал Халық банкінің барлық филиалдарының ішінде үздік бестікке кіреді, — деді филиал басшысы. Оның айтуынша, валюта бағамының өзгеруіне қарамастан, банк өз клиенттеріне несие беруді тоқтатқан жоқ, пайыздық ставкаларға қатысты да өзгеріс болған жоқ, сондай-ақ, 2012 жылдан бастап несие тек теңгемен ғана беріліп келеді. Банк филиалы мемлекеттік бағдарламаларға да белсене араласып келеді. Мәселен, кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында түскен және мақұлданған өтініштердің саны бойынша республикада бірінші орында тұр. Түрлі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға байланысты өңірдегі қаржы институттарымен, кәсіпкерлермен бірге түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді.
А.Төлгенованың айтуынша, теңгенің еркін айналымға жіберілуіне байланысты, ұлттық валютада депозит ашқан жеке тұлғаларға өтемақы төлеуге байланысты жапы сомасы 466 миллион теңге болатын 1023 келісімшарт жасалған. Филиал басшысы банктің әлеуметтік бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарына да тоқталды.
Жиында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» филиалы тарапынан жасалып жатқан жұмыстар жөнінде де айтылды.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры филиалының жетекшісі Жеделбек Мұрзағалиевтің айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырыла бастаған уақыттан бастап, «Даму» қоры арқылы облыста бизнестің 5 мыңдай түріне қатысты 124 млрд. теңгеден астам қаржылай қолдау көрсетілген. Соның ішінде «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша аймақтық үйлестіру кеңесі 517 жобаға субсидиялау бағыты бойынша қаржылай қолдау көрсеткен, оның 120-сы аудандарда орналасқан.
— Несие алар кезде кепілге қоятын мүлік мәселесіне қатысты да бағдарлама аясында жеңілдіктер қарастырылған. Осы уақытқа дейін қор тарапынан кепілдендіру бойынша 117 жоба мақұлданды. Оның 29-ы ауыл кәсіпкерлеріне тиесілі. Жалпы, соңғы жылдары ауыл кәсіпкерлерінің белсенділігі байқалады. Мысалы, биыл жобалары мақұлданған ауыл кәсіпкерлері саны былтырдан бері 22 пайыздан 28 пайызға артып отыр. Яғни биыл мақұлданған жобалардың әр үшіншісі ауыл тұрғындарына тиесілі болып отыр, — деді ол. Филиал басшысының айтуынша, өңірдегі екінші дейгейлі банктер филиалдары «БЖК-2020» бағдарламасы аясында жобаларды мақұлдау көрсеткіші бойынша үздік бестік қатарына кіреді.
Ал «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» филиалының басшысы Гүлжанат Ерғазинаның айтуынша, 2015 жылы облыста сегіз бағдарлама бойынша 834 жобаға 2, 1 млрд. теңге несие беру жоспарланған. Оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020», «Егінжай» бағдарламалары 100 пайыз орындалған, ал «Кәсіпкер» бағдарламасы 380,0 млн. теңге көлеміндегі бастапқы жоспар бойынша мерзімінен бұрын орындалған, қосымша 90,0 млн. теңге сұралған. Ал «Моноқалаларды дамыту», «Ырыс», «Мурахаба», «Ауылдық ипотека» сынды бағдарламалардың орындалуы 72-95 пайыздың айналасында. Филиал басшысының айтуынша, жыл аяғына дейін жоспар орындалады. 1 қарашаға дейінгі көрсеткіш бойынша ауыл тұрғындарының 731 жобасына 1746,0 млн. теңге несие берілген, соның нәтижесінде 987 жұмыс орны ашылған.
— Салыстырмалы түрде алғанда тұрғындарға несие беру көлемі артып келеді. Мәселен, 2013 жылмен салыстырғанда биыл несие беру көлемі мен жобалар саны 150 пайызға артты, ал жаңа жұмыс орындарының ашылуы 118 пайызға көбейіп отыр. «Ауылдық ипотека» бағдарламасына қатысу белсенділігі бойынша Алға, Әйтеке би, Мұғалжар, Шалқар аудандары алда тұр. Ал несие беру көрсеткіші бойынша Мәртөк, Қарғалы, Қобда аудандары алда, — деді Г.Ерғазина.
Екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттары филиалдары жасап жатқан жұмыстармен толық танысып шыққан соң аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев тиісті тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.
— Бірінші. Желтоқсан айының бірінші онкүндігінде банктер басшылары мен осы банктердің қызметін пайдаланатын кәсіпкерлердің басын қосып, біріккен жиын өткізу қажет.
Екінші. Банктердің аудандардағы бөлімшелеріне қатысты арнайы кеңес өткізу керек, бұл жиында банк бөлімшелері жоқ аудандарда бұл мәселені қалай шешу қажеттігі қарастырылатын болады.
Үшінші. Шағын және орта бизнесті несиелеу көрсеткіші өте төмен. Әсіресе, қалалық жерде. Егер несие берілмесе, кәсіпкерлік саласы дамымайды. Сондықтан осы мәселеге баса мән беру керек. Банк филиалдары басшылары несие алуда кедергілерді болдырмауды, құжаттарды дер кезінде қарауды жіті назарға алу керек. Сондай-ақ, елдегі экономикалық жағдайға байланысты халыққа ашық та нақты түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек, халық жағдайды толық білуге тиісті.
Депозитте 1 миллион теңгеге дейін салымы бар салымшыларға да түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет. «ВалютТранзит банкінің» салымшыларына қатысты да ақпарат жеткізілмей жатқан сияқты, соны қолға алу керек.
Халықаралық банктердің несиелік ресурстарын пайдалану кемшін бізде. Осыны реттеу керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын дамыту қажет, бұл бағытта барлық мүмкіндікті пайдалануға тиіспіз.
Бүгінде жеке тұрғын үй салу үшін жер алу кезегінде 100 мыңдай адам тұр. Бұл өте көп, азайту керек. Бұл істі қала әкіміне тапсырамын. Инфрақұрылымдарды дамытуға да қаржы бөлініп жатыр, оны да жүйелі түрде жүзеге асыру міндет.
Ең бастысы, жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтау керек, Елбасының тапсырмасын орындау біздің міндетіміз, — деді аймақ басшысы.
Жиын соңында аймақ басшысы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы белсенділіктері үшін қаржы саласы қызметкерлерінің бірқатарына Алғыс хат тапсырды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button