Басты жаңалықтар

Жыл соңындағы жылылық

Биылғы қараша бір-ақ күнде қар жаудырып, «кәрі құда» қыс келе жатқанын сездіріп-ақ тастады. Әлі де болса етек-жеңін кеңге салып, жайбарақат отырған жұртшылық отын-суын тағы бір қарап, жинақтала бастағандай болды. Осы тұста облыстағы екі ауылға көгілдір отын беріліп, тұрғындар мәз болып қалысты.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мұғалжар ауданының Ақкемер, Алға ауданының Қарақұдық ауылдарындағы осы қуанышты бөлісіп, халықпен кездесті.

Ақкемердегі алау

Үлкен жолдың бойында орналасқан, жан-жаққа қатынас жасауға қолайлы, шаруа жүргізуге де мүмкіндігі бар Ақкемердің тұрғындары көгілдір отынның қосылуын асыға күтіпті. Өйткені газ өндіретін өңірде тұрып, көмірге күні түскен олар ертелі-кеш от жағудан, күл шығарудан жалыққан сыңайлы. Әдетте қары қалың түсетін, қысы қатты бұл аймақта әрбір үй жыл сайын қыстық отын үшін бір ірі малдың құнына дейін шығын жұмсайды.
— Ақкемердегі газ құбыры желісі республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылды. Біз бұл бағыттағы мәселелерді «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамымен меморандум аясында шешіп отырмыз. Сол келісім аумағында 2015-2017 жылдар аралығында «ҚазТрансГазАймақ» ЖШС қаржысы есебінен жалпы сомасы 19,9 миллиард теңгені құрайтын 18 жоба іске асырылып, 9 елді мекен газ желісіне қосылады, сондай-ақ Ақтөбе, Алға, Қандыағаш қалаларында автоматтандырылған газ тарату станциясы салынады, ал Шалқар қаласында бұрыннан жұмыс істеп тұрған желілерді жаңғырту жүзеге аспақшы,— деді облыс басшысы ақкемерліктер алдында сөйлеген сөзінде.
Ақкемер ауылында қазіргі уақытта 1805 тұрғын тіршілік етіп жатыр. Олардың арасында беріректе сырттан көшіп келіп қоныстанғандар да бар. Солардың бірі Өтеген Ишанбаев Қарақалпақ өңірінен 2002 жылы келіпті. Бесқала жақта кеңшар директоры болған, кеңестік заманда екі «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иесі атанған ақсақал балаларымен бірге жақсы тұрмыс кешіп жатыр екен. «Ауламызда бау-бақша егеміз, балаларым жұмыс істейді, зейнетақымыз бар, әйтеуір жақсымыз» деп көңіл тоғайтарлық әңгіме айтқан ол кісі осы кезге дейін әр қыс сайын 25 тоннаға дейін көмір жағатынын айтты. Енді осындай қиындықтан құтқарған азаматтарға алғысы шексіз екенін білдірді.
Ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынғали Қостайбеков, жас маман Гүлсара Біржанова көгілдір отынның келуіне байланысты қуаныштарын ортаға салып, облыс басшылығына алғыстарын айтты.
Ақкемердегі Мәдениет үйінде облыс басшысы ауыл тұрғындарымен кездесіп, кеңінен пікірлесті.
— Бұл ауылда жақсы тіршілік етуге, жұмыс жасауға барлық мүмкіндіктер бар екенін көріп отырмын,— деді Бердібек Машбекұлы,— Іргелеріңізден Елек өзені өтіп жатыр, оның суын пайдаланып, бау-бақша өсіруді молайту керек, ал сіздер картопты Ақтөбеден тасып, тұтынып отырсыздар. Аға буын жастарға үлгі көрсетіп, олардың масылдыққа, бойкүйездікке салынуына жол бермеуі керек. Келіндер үйде нан пісірсін, ізденген адамға басқа да тіршілік көзі жетеді. Ауылдағы мектептің жағдайын, жол мәселесін қараймыз, мүмкіндігінше шешімін табатын болады.

Қарақұдықтағы қуаныш

Бір кездері айналаға Черноводск атауымен таныс болған бұл ауылдың Қарақұдық атын иеленгеніне көп бола қойған жоқ.
— Бүгін біздің ауыл үшін нағыз мереке. Осыдан тура екі айдай уақыт бұрын облыс әкімі Бердібек Машбекұлы ауданымызға келгенде мен газ желісінің қаржыға жетіспеуіне байланысты тоқтап қалып тұрғанын айтып, тұрғындар атынан осы шаруаға көмектесуін сұрағанмын. Міне, іс оңынан шешілді. Енді ауылдың көп тірлігі ілгері басатындығына күмән жоқ. Енді екі жылдан кейін біздің Қарақұдыққа келсеңіз, ауылды танымай қалатын боласыз! — деп, жергілікті кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Вламимир Якимов көтеріңкі көңілмен сөйледі. Алайда әкім оның сөзін тоқтатып, бір жағы әзілдей «Неге екі жыл?» деп сауал қойды.
Ауылдың көп шаруасын қолға алып, бір тұтқасын ұстап отырған азамат дереу сөзіне түзету енгізіп, «бір жылдан кейін келіңіз!» деп уәде берді.
— Бұрын көмір жағып, көп қиындық көретін едік, енді жұмысымыз жеңілдеді, газдың игілігін көретін болдық, бұған қуаныштымыз, — деп, ауыл тұрғыны Зинаида Өтеғұлова көпшілік алдында жылы лебізін білдірді.
Облыс әкімі Қарақұдықта да ауылдың әлеуметтік даму жағдайына көңіл бөлді. Сырт көрінісі түксиіп тұрған мәдениет үйінен ауыл басшылары айналып өткісі келгенімен, ол солай қарай беттеді. Шынында да бұл ғимараттың қазіргі күйі тым нашар екен. Ішке кіргеннен-ақ күтімсіздігі көрініп тұр. Оның қазіргі иесі жеке кәсіпкер екен.
«Сіздер бұл мәдениет ордасын халық игілігіне беріңіздер. Егер жеке кәсіпкер ұстай алмайтын болса, коммуналдық меншікке өткізіңіздер, өзіміз жөндеуге көмектесеміз. Әйтпесе, ауылдың сәні бола ма?» — деп сын айтқан әкім жергілікті билікке нақты тапсырма берді.
Ауыл дүкенінде тұрғындарға қажеттінің бәрі бар. Әкім сауда қызметкерлерінен өнімдердің бағасы, үстеме бағалар туралы сұрады. Дүкенде қатар-қатар тұрған торт өнімдері назар аударады. Оның барлығы жергілікті кәсіпкер Равиля Ибрагимованың қолынан шыққан екен. Ол енді газдың келуімен байланысты өнім түрлерін бұрынғыдан да молайтатындығын айтып, сонымен бірге өнім бағаларын төмендетуге жол ашылғанын қуанышпен білдірді.
Қарақұдық ауылында 234 тұрғын үй бар. Мұндағы коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар да біраз мөлшерді құрайды. Алдағы уақытта бұл сандар көбеймесе, азаймайды деген сенім бар. Өйткені, біріншіден, ауыл Ақтөбе агломерациясы аумағына еніп отыр, екіншіден, газдың келуі өңірдің көркейе түсуіне серпін беретіні сөзсіз.

Маржанбұлақтың кәсіпкерлері

Қарақұдықтан қайтар жолда облыс басшысы Алға ауданына қарасты Маржанбұлақ ауылына әдейі бұрылып, осындағы кәсіпкерлік ахуалымен танысты.
Симменталь тұқымды сиырларды өсіруді қолға алған Руслан Шүйіншалиннің өз ісіне берілгендігі байқалады. Ең бастысы, ол бұл бағытта ғылыми тәжірибелерге кеңінен сүйенеді екен. Шаруаны тыңнан бастаған ол қазір бағымындағы елу сиырды бұзауларымен бірге өсіруде. Мұнда бірнеше сауыншылар, малшылар жұмыс істеуде. Сонымен бірге Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінің оқушылары дуальды оқу жүйесімен осында практикадан өтуде.
Асыл тұқымды сиырлардың әрқайсысы орташа есеппен он жеті литрден сүт береді, оның әр литрі 100 теңгеден өткізілуде.
Ақтөбелік кәсіпкер Темірхан Құлбасов осы аймақтан жер алып, өзгеше кәсіп — құлпынай өсірумен шұғылдануға кірісіпті. Бұл шаруаның тиімділігі — жыл он екі ай бойы жүргізіледі. Арнайы жабдықталған жылыжайда тамшылатып суару әдісімен өнім алудың мүмкіндігі мол болмақшы деп келешекке сенім артқан кәсіпкер бұл жобаға өзінің жеке қаржысынан 12 млн. теңге салған.
— Қазірдің өзінде алғашқы өнімімізді алып, дәмін отбасымызбен татып отырмыз. Енді көп ұзамай қаланың сауда орындарына шығармақшымыз, сонымен бірге қайнатпа жасау да ойымызда бар. Ерлі-зайыпты Жайық-Гүлбарам Саматовтар осында тұрақты жұмыс істеуде, — деп Темірхан өз ойын бөлісті.
Ауыл іргесіндегі шағын қорада заанендік деп аталатын ешкі тұқымын өсіріп жатқан Алдаберген Наймановтың да көңілі тоқ. Бүгінде ешкі сүтінің адам денсаулығына пайдасы мол екені дәлелденіп, жұртшылық тарапынан осы өнімге сұраныс молайып тұрғанда, бұл кәсіптің қажеттілігін сезінген кәсіпкер алдағы уақытта өз шаруасын кеңейте түскісі келетінін білдірді.
… Ақтөбе қаласынан қашық емес Маржанбұлақ ауылындағы кәсіпкерлер қатары бұлармен шектелмейді. Бірақ осы үш азаматтың шаруасына қарап, облыс басшысы игілікті істердің молая беретіндігіне сенім білдірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button