Құқық

Жазықтылар жазаланды

Тәртіптік кеңес

Қазіргі шақта саяси басшыға, мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап өте жоғары. Тек жоғарғы саптағы басшыларға ғана емес, мұндай жауапкершілік жергілікті шенеуніктерге де жыл сайын күшейтіліп келеді. Сыбайлас жемқорлықпен байланысты кемшіліктерге жол беру былай тұрсын, ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс Кодексінің талаптарын бұзғаны үшін де шенеунік арқалайтын жаза аса ауыр. Өткен жұма күні өткен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысындағы Тәртіптік кеңесінің отырысында көпшіліктің осыған тағы бір көзі жетті.
Бұл күні Қобда ауданы Қызылжар ауылдық округінің әкімі Әлібек Нәкешке қатысты тәртіптік іс қаралды. Күнделікті қызмет бабында бұл азамат осы округтің тұрғыны Н.Ботбаевпен сөзге келіп қалады. Мәселе ушығып, аудандық сотқа дейін жетеді. Сот екеуін де жазықты деп тауып, 20 мың теңге көлемінде айыппұл төлетеді. Кейін тиісті орындар тарапынан жүргізілген тексеру — ауылдық округ әкімінің ауыл тұрғынына ар-намысына тиетін сөздер айтып, мемлекеттік қызметшінің Ар-намыс Кодексінің талаптарын бұзғанын анықтайды. Тәртіптік кеңес мүшелері Әлібек Нәкешке байланысты шығарылған сот шешімін және кейінгі тексеру қорытындыларын есепке ала отырып, ауылдық округ әкіміне қатаң сөгіс берді.
Сонымен бірге, осы күнгі Тәртіптік кеңестің отырысында Мұғалжар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Қошекеновке қатысты тәртіптік іс қаралды. Ол мемлекеттік сатып алу шарттарының орындалуын қадағалауда өрескел жолсыздықтарға жол берген. Сөйтіп, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы Заңының талаптарын бұзған. Тәртіптік кеңес мүшелері бұл мәселені талқылай келіп, бөлім меңгерушісін қызметінен төмендетуге, егер ондай бос орын болмаған жағдайда жұмыстан босатуға ұсыныс жасады.
Тәртіптік кеңес отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаларды және ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс Кодексін сақтау бойынша аудан әкімдерінің хабарламалары тыңдалып жүр. Бұл жолы Ойыл ауданының әкімі Мавр Абдуллин Тәртіптік кеңес мүшелері алдында қойылып отырған талап бойынша аталған ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Тағы бір жақсы дәстүр, Тәртіптік кеңестің әр отырысында оның алдындағы қаралған мәселелер бойынша алынған шаралардың орындалуы айтылады. Бұл жолы биылғы 5 қазандағы өткізілген Тәртіптік кеңес отырысында қабылданған шешімдердің орындалуы туралы Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Жақсылық Үмбетқалиевтің хабарламасы тыңдалды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button