Басты жаңалықтар

Қала іргесіндегі ауылдар: оқушы көп, мектептер тар

Мал ұрлығына тосқауыл қою, жаңадан салынып жатқан Сазды-2, Бауырластар-1, Бауырластар-2 тұрғын массивтерінің көшелеріне жарық жүргізіп, жол төсеу, қалаға қатынайтын автобустардың жүру жиіліктерін реттеу. Сазды ауылдық округінің тұрғындары облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен болған кездесу кезінде осы аталған мәселелерді шешуге көмек сұрады.
Ақтөбе қаласына қарайтын Сазды ауылы — аумағы күннен-күнге ұлғайып, соның нәтижесінде халық саны артып келе жатқан елді мекендердің бірі. Бүгінгі күні Сазды ауылдық округінде тіркелген халық саны 4 мың адамнан асады. Округ орталығындағы орта мектепті өткен оқу жылында 24 оқушы тәмамдаса, жаңа оқу жылында 1-сыныпта білім беру үшін 4 қазақ, 1 орыс, барлығы 5 сыныпқа оқушылар қабылданған. Ауылдың басты мәселесі де осы білім беру ошағының тарлығы. Оның тар дәліздері мен қуықтай бөлмеге орналастырылған кітапханасын айтпағанның өзінде, акт залы түрлі мерекелік шараларды өткізумен қатар асхана қызметін де атқарады. Кәріз жүйесі болмағандықтан балаларға ыстық тағам берілмейді. 1970 жылы салынған екі қабатты мектеп ғимаратына 2014 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Дегенмен ескінің аты ескі. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та мектепті аралап шыққаннан соң мектептің жағдайына көңілі толмайтынын жасырмады.
— Жағдайы нашар… Жаңа мектеп салудың жолдарын қарастыру керек, — деді.
Ауылда дәрігерлік амбулатория жұмыс жасап тұр. Бұл жерде барлығы 8 адам қызмет етеді, оның екеуі — дәрігер. Саздылықтар алғашқы медициналық көмекті осы жерден алады. Ішінен дәріхана ашылыпты. Дәрігер жазып берген дәрілерді іздеп, қалаға сабылмай-ақ ауылдан сатып алуға болады. Дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері Әсима Дүсембаеваның айтуынша, селолық округтің туу көрсеткіші жоғары, халық саны артуда. Осы жылдың 10 айында дүниеге 130 сәби келіпті. Қайтыс болғандардың саны — 7 адам.
Облыс басшысы Сазды ауылының Мәдениет үйіне барды. Мәдениет үйінде 6 түрлі үйірме жұмыс жасайды. Ауылдың модельдік кітапханасы да осында орын тепкен. Өңір басшысы Мәдениет үйіне жиналған ауыл тұрғындарымен кездесті.
— Халыққа ең басты керек нәрселер: жарық, су, газ, — деген облыс әкіміне:
— Мұның барлығы бізде бар, — деді алдыңғы қатарда отырған ауыл ақсақалдары бірауыздан.
— Иә, дұрыс айтасыздар. Одан кейінгі мәселе — зейнеткерлер зейнетақысын, көпбалалы аналар жәрдемақыларын, мұғалімдер мен дәрігерлер секілді бюджеттік қызметкерлер жалақыларын уақытында алулары тиіс, — деді мемлекет орындауы тиіс әлеуметтік міндеттемелер туралы баяндаған облыс басшысы.
Әсіресе, өскелең ұрпақты еңбек етуге баулу керектігіне тоқталып өткен Бердібек Сапарбаев: «Бүгінгі күні масылдық психологиядан арылуымыз керек. Әрбір адам еңбек етіп, тіршілік жасауға тырысуы тиіс», — деді.
Облыс әкімі сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамыту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, өңдеу бағытында мемлекет тарапынан жасалатын қолдаулар туралы әңгімеледі.
Өз кезегінде Сазды ауылының тұрғындары мал ұрлығы, жаңадан салынған тұрғын массивтеріндегі көшелерде жарықтандырудың жоқтығы, жолдың нашарлығы, қалаға қатынайтын автобустардың ескілігі және кешігетіні туралы мәселелерін жеткізді. Тұрғындар арасында ұрлық және басқа да тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін көше комитеттерін құру ұсынысын айтқандар да болды. «Бұл ұсыныс өте орынды. Алдымен өзіміз әрекет қылуымыз керек» деп ұсынысқа қолдау білдірген Бердібек Сапарбаев саздылықтар көтерген мәселелерді шешуі үшін Ақтөбе қаласының әкімі Бекбол Сағынға тапсырмалар берді.
Өңір басшысы Сазды су қоймасында болып, жұмыс жағдайымен танысқаннан кейін Новый селолық округіне барды. Халық саны 8 мыңнан асатын қала іргесіндегі Жаңақоныс ауылының да бұған дейінгі басты мәселелерінің бірі — мектеп ғимаратының ескі әрі тарлығы болатын. Бұл мәселе үстіміздегі жылы шешімін тапты. Қыркүйек айында пайдалануға берілген жаңа мектеп ғимараты ауылға көрік беріп тұр. 3 қабатты жаңа ғимараттың іші де адам қызығарлықтай. Барлық пәндер бойынша арнайы кабинеттері бар. Заманауи құрылғылармен жарақтандырылған. Даңғарадай спорт және акт залдары да талаптарға сай келеді.
— Мұндай мектепте сендердің тек үздік бағамен оқуыларың керек, — деді облыс басшысы мектеп оқушыларына.
Ғимарат ішіндегі тәртіп пен дәліздерінің әсем безендірілуінен ұжым басшысының іскерлігін аңғаруға болады. Мектепті «Болашақ» бағдарламасы бойынша Мәскеу қаласында тағылымдамадан өтіп келген жас маман Ақгүл Қисықова басқарады.
Селолық округ орталығындағы мектептің ескі ғимараттары да игілікті іске пайдаланылуда. Бір ғимаратқа қалалық жас туристер стансасы орналастырылыпты. Ал арнайы спорт алаңы мен спорт залы бар бір қабатты ғимаратта «Балалар шығармашылық үйі» ашылмақшы. Барлығы 35 адамнан тұратын ұжымның тәлімгерлері мен жаттықтырушылары жұмысқа қабылданып қойған мектептен тыс тәлім беру мекемесінде Жаңақоныс ауылымен қатар, Құршасай ауылы мен Оңтүстік-батыс ауданындағы №10 мектептің оқушылары түрлі спорт және шығармашылық үйірмелеріне қатыса алады.
— Қазірдің өзінде 850-ге тарта бала «Балалар шығармашылық үйінің» үйірмелеріне жазылуға тілек білдіріп отыр. Қызметкерлердің жалақысы бюджет есебінен беріледі. Сонымен қатар, ақылы үйірмелер де жұмыс жасайтын болады, — деді облыс әкіміне іске қосылғалы отырған мекеме туралы ақпараттар берген Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысы Ләззат Оразбаева.
Десек те, 600 оқушыға арналған жаңа мектепте қазірдің өзінде 1200-ге тарта баланың білім алуы Жаңақоныс үшін бір мектептің аз болатынын көрсетсе керек.
Жаңа мектеп ғимаратында облыс әкімімен жүздескен ауыл тұрғындары өзге де өзекті мәселелері туралы сөз қозғады. Мәселен, «Бірлік» атты шағын ауданның тұрғындарын электр қуатының жиі өшетіні толғандырады. Бұдан басқа, көшеге асфальт төсеу, жарықтандыру, аялдамалар салу туралы айтылды. Жаңақоныс ауылының тұрғындары халық санының күн санап артуына байланысты қалаға қатынайтын қосымша автобус бағыттары ашылса деген тілектерін де жеткізді облыс басшысына.
Облыс әкімі, сондай-ақ, Жаңақоныс ауылында Новый ауылдық округінің әкімшілік үйін, дәрігерлік амбулаториясын және «Балбұлақ» балабақшасын аралап көрді.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button