Басты жаңалықтар

Өңірдің іргелі кәсіпорындары

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжі мен қаладағы бірқатар өнеркәсіп нысандарын аралады.
Негізі 1977 жылы қаланған Ақтөбе ауылшаруашылық колледжі бүгінгі күні 13 мамандық бойынша білім береді. Әрине, аты айтып тұрғандай, негізінен ауыл шаруашылығы салысына қажет ауыл шаруашылығын механикаландыру, агрономия, ветеринария, зоотехния сынды мамандықтармен қатар, қазір сұранысқа ие автокөлік жөндеу, оған қызмет көрсету, азық-түлік өнімдерін өндірудің технологиясы және орман шаруашылығы сынды мамандықтар да бар. Колледждің күндізгі оқу бөлімінде 1350 оқушы, сырттайғы оқу бөлімінде 320 оқушы білім алады.
Облыс әкімі колледждің негізгі корпусындағы оқу кабинеттері мен спорт және акт залдарын аралап көрді. Шағын жылыжаймен танысты. Колледждегі жаңалық — қысқы бақ іске қосылыпты. Мұнда біздің климатымыз үшін үйреншікті өсімдіктерден бөлек, жылы жақтарға тән лимон ағашы мен пальма сынды өсімдіктерді де тамашалауға болады. Бердібек Сапарбаев колледж ауласындағы дендробақты да аралады. Бұл бақта ағаш пен бұталардың 41 түрі өсіп тұрғанын естіген ол:
— Яғни Ақтөбе облысының жерінде осы 41 түрлі ағашты өсіруге болады деген сөз ғой бұл. Осы ағаштарды егуді кеңінен насихаттау керек, — деді.
Колледж бен «Парижская коммуна» ЖШС арасындағы әріптестік негізінде оқушыларға дуальды оқу жүйесімен білім беру ісі қолға алынған. Оқушылар аталған ЖШС-ның Алға ауданындағы нысандарында өндірістік тәжірибеден өтеді. Сонымен қатар, колледждің жанында үй жануарлары күтімі мен автокөліктерге техникалық қызмет көрсетудің қыр-сырына іс жүзінде баулитын тәжірибелік алаңдары бар.
— Біздің түлектеріміздің 90 пайыздан астамы жұмысқа тұрып жатады, — деді мақтанышпен колледждің директоры Амангелді Есіркепов.
Бұл күні облыс басшысы сондай-ақ, қаладағы өнеркәсіп нысандарында болды. Солардың бірі — «Ақтөбе металл құрылымдар зауыты» ЖШС. Бүкіл Батыс Қазақстан аймағының құрылыс индустриясы үшін қажет өнімдер өндіретін бұл кәсіпорын 2001 жылы құрылды. Зауытта шығарылатын металл құрылымдардың көмегімен өнеркәсіп және тұрғын үй ғимараттарын, қоймалар, сауда және спорт кешендерін тұрғызуға болады. 2013 жылы 250 миллион теңге мөлшерінде инвестиция тартылып, аумақтық индустрияландыру картасы аясында «Арка түріндегі металл бекітпелер өндіру цехы» жобасы жүзеге асырылды.
Ал «Стройдеталь» ЖШС құрылыс материалдарын, бетон және темірбетон құрылымдарын өндірумен айналысады. Кәсіпорында 544 адам еңбек етеді. Қазақстанның нарығында 40 жылдан астам уақыт жұмыс жасайтын кәсіпорынның өнімдерінің түрлері 1000-нан асады. Зауыт шығарған өнімдер «Өңірлерді дамыту — 2020», «Нұр Ақтөбе» жаңа шағын ауданы құрылысы, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық жолы, «Әуежайды жаңғырту» сынды ірі жобаларда пайдаланылды.
Өңір басшысы барған соңғы нысан — «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ. Негізі 1975 жылы қаланған зауыт Қазақстан Республикасында химия өнеркәсібі саласында хром тұздарын өндіруге маманданған ірі және жалғыз кәсіпорын. Зауыттың өнімдері әлемнің 31 мемлекетіне экспортталады. Олардың арасында АҚШ, Жапония, Ресей секілді алпауыт мемлекеттерді атап өтуге болады. Үстіміздегі жылдың 10 айында зауыт барлығы 76,1 мың тонна хром тұздарын өндірген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 92,7 пайызға тең.
Зауытта барлығы 2122 адам еңбек етеді. Жұмысшылардың орташа жалақысы — 93 мың теңге.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button